«Қазақмыс» компаниясы «Жомарт» кенішінде өндірістік жұмыстардың қайта басталғанын хабарлады.
«2025 жылдың 17 ақпанында «Жомарт» кенішінде қайғылы жағдай орын алды. Біз әріптестерімізді, достарымызды жоғалттық. Бұл орны толмас қайғы – тек кеніш ұжымы емес, бүкіл компания ауыр қайғыны бастан кешірді. «Қазақмыс» корпорациясы мен өз атымнан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Біз сіздердің қайғыларыңызды бөлісеміз. Бұл ауыр оқиға бізге қауіпті өндірісте күнделікті жұмыстың трагедияға айналуы бір сәттік екендігін тағы бір еске салды», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев.
Оның айтуынша, әрбір жұмыскердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тікелей міндет әрі моральдық парыз.
«Біз өзімізге жүктелген жауапкершіліктен қашпаймыз. Әр қызметкердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің тікелей міндетіміз және адами борышымыз. Бұл жағдайдан сабақ алып, мұндай қайғылы оқиғаның қайталанбауы үшін бар күшімізді саламыз», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, апаттан кейінгі алғашқы күндерден бастап ауқымды және жүйелі жұмыстар жүргізілгенін, оның ішінде салдарды жою мен өндірісті қауіпсіз жағдайда қайта бастауға жағдай жасау бағытында шаралар қолға алынғанын айтты.
Еске салайық, қайғылы оқиға 17 ақпанда Жаңаарқа ауданында болды. Жер қыртысының опырылуынан жеті адам қаза тапты.