Елімізде нанды ең көп жейтін қай өңір? – зерттеу

Бүгін, 12:06 / Дана Ізтілеуова
istockphoto.com

Ұлттық статистика бюросы тұрмыс деңгейі бойынша 12 мың үй шаруашылығы арасында жүргізілген іріктемелі зерттеу нәтижесінде І тоқсандағы азық-түлік тұтыну көрсеткіші бойынша жиналған деректерді жариялады.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азық-түлік тауарларының барлық негізгі топтары бойынша тұтынудың өсуі байқалады. Тұтынудың ең жоғары өсімі жемістер (+3,5%), балық және теңіз өнімдері (+2,2%) бойынша байқалды.

Азық-түлік өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша халықтың жан басына шаққандағы орта есеппен бір айда тұтынуы: картоп – 3,7 кг, 1-сұрыпты ұннан жасалған бидай наны – 2,3 кг, сиыр еті – 2 кг, алма – 1,6 кг, құмшекер – 1,5 кг, күріш – 1,3 кг, шикі сүт – 0,9 л, жұмыртқа – 17,1 дана, макарон өнімдері – 0,9 кг, енді ауланған немесе салқындатылған балық – 0,6 кг құрады.

Өңірлер арасында нан өнімдері мен жармаларды тұтыну көрсеткіші Түркістан облысында ең жоғары (жан басына шаққанда айына 14,1 кг), ең аз тұтыну Маңғыстау облысында (жан басына шаққанда айына 7,9 кг). Балық пен теңіз өнімдері Шығыс Қазақстан тұрғындарының рационында көбірек (жан басына айына 1,7 кг), ең азы шымкенттіктерде – 0,5 кг. Көкөністерді тұтыну көрсеткіші Түркістан облысында жоғары (жан басына айына 7,3 кг), ең азы Абай облысында (жан басына айына 4,5 кг).

Орташа жан басына шаққандағы негізгі тамақ өнімдерін тұтыну – қарастырылып отырған уақыт ішінде үй шаруашылығының бір мүшесінің орташа тұтынған тамақ өнімдерінің (әрбір өнімнің түрі бойынша бөлек) саны. Ол азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерін тұтынудың көлемін үй шаруашылығының бар мүшелерінің санына бөлу жолымен есептеледі. Ірілендірілген топтар бойынша тұтыну құрамдастарды бастапқы өнімге қайта есептеу есебімен анықталады.

Тэгтер:

Ұлттық статистика бюросы нан өнімдері нанды көп жейтін өңір