Ақтауда қайғылы жағдай болды

Бүгін, 08:02 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Pixabay.com

Ақтау қаласының 8А ықшамауданындағы «Рахат» аялдамасында 18 маусым күні сағат 18:00 шамасында ауыр жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл туралы turkystan.kz агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.

Куәгерлердің айтуынша, қоғамдық көлік жолаушыларды түсіру үшін аялдамадағы кіреберіс тұстан кірген кезде сол жерде тұрған екі ер адамның бірін қағып кеткен.

Автобус дөңгелегінің астында қалған ер адам ауыр жарақат алып, жерде қан ізі қалған. Оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақырылды.

Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының баспасөз қызметі хабарлағандай, шақырту сағат 17:53-те тіркелген. Жедел жәрдем бригадасы зардап шеккен адамды шұғыл түрде облыстық ауруханаға жеткізді.

Сағат 18:46-да науқас жағдайы өте ауыр болғандықтан, ол «қызыл аймаққа», яғни өміріне қауіп төніп тұрған науқастарға арналған бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі уақытта дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр.

Оқиғаның нақты мән-жайы анықталуда. Қоғамдық көлік жүргізушісінің іс-әрекеті мен қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағаны бойынша тиісті тергеу жүргізіледі.