СҚО-да аттестат тапсыру рәсімінде мектептің төбесі опырылып түсті

Бүгін, 06:53 / Нұрлан Әлинұр
Фото: «Астана» телеарнасы

Петропавл қаласындағы мектептердің бірінде түлектерге аттестат тапсыру рәсімі кезінде акт залының төбесі опырылып түсті. Бұл туралы turkystan.kz агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 150 адамға арналған акт залында болды. Аттестат тапсыру уақытында ғимарат ішінде шамамен 80-ге жуық ата-ана отырған, ал сахнада елу шақты оқушы қоштасу әнін орындап тұрған.

Кенеттен көрермендер залының артқы бөлігінде төбенің плиталары құлай бастаған. Адамдар залдан шұғыл түрде эвакуацияланды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Мектеп директорының айтуынша, төбенің плиталары соңғы рет алты жыл бұрын ауыстырылған. Қазір оқиға бойынша тексеріс жүргізілмек.

«Алдымен бір плита құлады, артынан екінші түсті. Біз дереу залдан шығып кеттік. Арнайы комиссия құрылады. Тексерістің қорытындысына сәйкес барлық жөндеу жұмысы уақтылы жүргізіледі. Жөндеу 23 маусымнан басталуы тиіс еді. Бұл – бүгін күтпеген жағдай болды,» — деді Петропавл қаласындағы №9 мектептің директоры Гүлден Әленова.