Мекке мен Мәдинада қазақ қажыларына тиесілі 10 қонақ үй болған. Бұл XIX және XX ғасырдағы жайт, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Жергілікті жұрт мұндай қонақжайларды тәкия дейді. Соның төртеуі "Әл Харам" мешіті маңында орналасқан. Құлшылыққа барғандар түнейтін қонақүйлердің бірін алғаш болып Құнанбай қажы салдырған. Таяуда сол сырты мәрмәр таспен қапталған "тұз тәкияның" орны табылды.
Меккедегі көшелердің бірінде 1870 жылы қажылықпен келген Құнанбайдың да ізі қалған. Қажының сол көшенің бойына салдырған тәкиясы "Әл Харам" мешітіне ең жақын әрі ең көркемі саналған. Сондықтан оған тек қазақ халқы емес, тұтас түркі жұрты тұрақтаған деседі. Мекке халқы "тұз тәкия" атап кеткен 3 қабатты және 20 бөлмелі қонақүй қағбаға қол созым жердегі зәулім ғимараттың орнында болған. Ол кезде мешіт маңында тегін жай салу былай тұрсын, сыртын мәрмәр таспен қаптаудың өзіне қыруар қаржы сұралған. Соған қарамастан, қазақ сұлтаны қолға алған істі соңына дейін атқарып, мол сауапқа кенеледі.
Зерттеушілер бұл маңда тағы бір қазақ қонақүйі болғанын да айтады. Екеуі бір кезеңде салынып, мыңдаған мұсылманның ұлы парызын өтеуіне сеп болған.
"Сол Құнанбай қажы салдырған қонақүй "Dar al Tawhid InterContinental" ғимаратының орнында болған. 150 метр жерде Мырқыбайдың тәкиесі болған. Ол тәкиеде 1999 жылы бірінші рет қажылыққа келгенде сол жерде жатқанмын. Бірақ ол кезде Мырқыбайдың тәкиесі екенін білген жоқпыз. Ол туралы деректер кейін шықты", - дейді дінтанушы Аманкелді Әбдіхалық.
Осы күні “Әл Харам” маңындағы сұлулық көздің жауан алады. Құлшылық етем деушілерге барлық жағдай жасалған. “Бірақ бұдан ондаған жыл бұрынғы көрініс басқаша еді. Көркем ғимараттар көп кездесе бермейтін”. Сол заманды көзбен көргендердің бірі Мекке тұрғыны Хикмет Сонар осылай дейді. Құранды жатқа айтатын қария Құнанбай қажы іргесін бекітіп, шаңырағын биіктетіп кеткен қонақүйде бірнеше рет аялдаған. Оның айтуынша, тәкия өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарына дейін сәнін жоғалтпай тұрған. Кейін Саудия үкіметінің меншігіне өтіп, өзгеріске ұшырайды. Мешіт ауласын кеңейту, кешенді жаңғырту жұмыстары басталғаннан кейін көне ғимарат сүрілген.
"45 жылдан бері Меккедеміз. Ол кезде Құнанбай тәкиесі "тұз тәкие" деп аталды. Ал Мырқыбайдың меймандарға арналған тұрағы "кәфе тәкие" делінетін. Сол жерге мен жастайымда көп тоқтайтын едім. Дәретімізді алып, Әл Харамда намаз оқитын едік. Мен сол тәкиеде қызмет ететін екі қазақ қарияны көргенмін", - дейді Мекке тұрғыны Хикмет Сонар.
Десе де қазақ қажыларының сауап үшін салған нысандары 1 ғасырдан аса уақыт исі мұсылман баласының игілігіне жарады. Бұған қатысты құнды деректерді дінтанушы ғалым Аманкелді Әбдіхалық жинақтап жүр. Тарихи еңбектерді жан-жақты зерделеген ол Жиддадағы бас консулдық өкілдерімен бірлесіп, Меккедегі қос қазақ тәкиясы жайлы жаңа мәліметтерді жарыққа шығарды.
"Бұл қасиетті Меккеде қазақтардың салған 4 тәкиесі болған. Нұрлы Мәдинада 6 тәкиесі болған. Барлығы 10. Бабаларымыз салып кеткен. Солардың ішіндегі ең кереметі осы Құнанбай қажының салдырған тәкиесі болған", - дейді Аманкелді Әбдіхалық.
Жалпы тәкия сөзі араб тілінен аударғанда тегін құлшылыққа арналған қонақүй деген мағынаны білдіреді. Осындай мейман тұрақтайтын бірнеше орынның қазаққа тиесілі болғанын араб тарихшылары жоққа шығармайды. Ол жайында ресми құжаттар баршылық.