Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ұлына қатысты істе бой көрсеткен қоғамдық белсенді Салтанат Нүкенованың бауыры Айтбек Амангелдінің көмегінен не себепті бас тартқанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Басыңа іс түскенде жақынның өзі алыс, алыстың өзі жақын болып кетеді ғой. Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Дұрыс зат айтсаң, бұрмалап жаман нәрсе айтып шығады. Әрбір сөзді ойланып сөйлеу керек. Дұрыс емес зат жасап жатса да көз жұмуға тура келеді. Сондайда мен қатты сөйлесем, елдің бәрі жаман жағынан шығаратын болды.
Осы істе бастапқыда ақшадан қысылып қалдық. Қарыз болды, кредитіміз бар. Інімнің жұмысы бизнес болатын. Бәрі тоқырап қалды. Ақша жоқ, бәрі затпен тұрғаннан кейін елге бірдеңе сатайын десең жарты бағасына сұрайды. Қарызда ақшамыз болғанмен, оны жинай алмадық.
Осы кезде достарымыз ақша жинап, адвокат жинайық деген. Соған келіскеннен кейін адвокаттар іздей бастадық. Талғардан да адвокаттар хабарласты. Бірақ Талғардан ешқандай адвокат алмаймын деп шештім», - дейді Қаржаубай Нұрымов.
Сөзін жалғай отырып, марқұм Салтанат Нүкенованың бауыры Айтбек Амангелдімен байланыс қалай орнағанын түсіндіріп берді.
«Кейіннен естуім бойынша, яғни Айтбек Айтымның айтуынша, біздің бір туысымыз шақырған екен. Оны бастапқыда білген жоқпын. Айтым келгеннен кейін өзінің басында да қайғы бар азамат түсінеді деп ойладым. Дегенмен Айтым мен оның адвокаттары жайлы жаман ешнәрсе айта алмаймын. Жақсы адам жақсылығын жасайды, жаман адам жамандығын істейді.
Қылмыстық іс жайлы біз айтқанмен де пайдасы жоқ. Сот өтті. Жақсы адам қай жерде болса да жарты жолда лақтырмайды деп ойлаймын. Олардың ойы адвокат таба алмай, іске қиналады деп ойлаған болар. Бірақ Аллаға шүкір, Мейірман ағаға (адвокаты – Мейірман Шекеев) хабарласқанда көмек беруден бас тартқан жоқ. Қолынан келгенше көмектесті. Соған ризамын. Бәрін Алла көріп тұр», - деп марқұм Шерзат Полаттың әкесі ағынан жарылды.
Дегенмен, Айтбек Амангелдінің командасына қатысты мынандай пікірін жасырып қалған жоқ.
«Ол команданың қыздарына ризамын. Қолынан келгенше жұмыс істеді. Маған қиын болған кезеңде қолдау көрсетті. Оны жоққа шығара алмаймын. Олардың еңбегін бағаламау – ұят.
Айтбек мені түсінген шығар, әлде түсінді ме?! Кейбір келіспеушіліктер болды. Қазір сот өткеннен кейін Айтбек жақсы, жаман деп айтқаныммен пайдасы жоқ. Ол мені қаралағанмен бәрін Құдай көріп тұр ғой. Әркімнің ісіне қарай халық бағалайды ғой», - дейді ол.
Ал Шерзат Полаттың өлімі бойынша істі тергеуде бір ғана күдіктінің адам өлтіру бабымен тергеліп, қалғаны «бұзақылық» бойынша істі болып жатқанын Айтбек Амангелді Қаржаубай Нұрымовқа қашан жеткізді?
«Жоқ. Істің қалай болып жатқаны, қалай болатынын Мейірман ағадан естідім. Басында сотқа да қатыспаймын дегенмін. Ал Айтым бұл іске бөтен адвокаттарды қостырмады. Тек өзінің ғана командасын қойды. Бұл іс құпия болады деп ешқандай адвокатты қостырмай қойды. Содан мен адвокаттардан бас тартқан жоқпын, бірақ Айтбекпен ғана арамызды үздік. Олармен келісімшарт ізу туралы ойым болған жоқ», - дейді ол.
Сөз соңында Айтбек Амангелдінің көмегінен не себепті бас тартқанын түсіндіріп өтті.
«Марқұм бауырым Нұрқанат қайтыс болған кез. Бір қайғыдан екінші қайғыға ұшырап жаттық. Ең бірінші қарсы болғанымыз, бүкіл халыққа Нұрқанатты асылып өліп қалды деді. Туыстар арасында ол тергеуші де, заңгер де емес, халыққа неліктен олай айтты деген ойдан басталды бәрі. Халықты дүрліктірмес үшін солай айту керек болған шығар деп туыстарымды өзім тоқтаттым», - дейді Қаржаубай Нұрымов.
Сөзін жалғай отырып, ешқандай туысымен емес, баласына қатысты істі тек өзімен ғана ақылдасуын сұрағанын, бірақ айтылған сөз орындалмағанын айтты.
«Өзі қалай ақталсын, мені жамандасын, оған ешқандай ренішім жоқ. Халық өзі бағасын береді. Оның сыртынан ғайбат айтқым келмейді», - деп Айтбек Амангелдіге қатысты ойын аяқтады.