Төрт ай бұрын қайтыс болған әйел өмірге сәби әкелді

Бүгін, 14:23 / Алуа Арман
Фото: 11alive.com

АҚШ-та миы өлі күйдегі әйел бала туды. Дәрігерлер 13 маусым күні шұғыл кесар тілігін жасап, салмағы шамамен 830 грамм болатын ұл баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оған Чэнс (аудармасы – «Үміт», «Мүмкіндік») деген есім берілді. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Сәбидің әжесінің айтуынша, оның жағдайы тұрақты, бірақ өмір үшін күрес әлі алда көрінеді.

11alive.com дерегінше, баланың анасы – Атланта қаласының тұрғыны - 31 жастағы медбике Адриана Смит – 19 ақпанда миы өлі деп танылған. Сол кезде ол жүктіліктің 8-аптасында болған. Алайда дәрігерлер оны тіршілік қамтамасыз ету аппараттарынан ажыратпау туралы шешім қабылдап, төрт айға жуық уақыт бойы оның денесін жасанды түрде тірі ұстап тұрды. Бұл – құрсақтағы сәбидің дамуын қамтамасыз ету үшін жасалған.

Смитті неге аппаратта қалдырды?

Туыстарының айтуынша, дәрігерлер Джорджия штатындағы ұрықта жүрек соғысы байқалғаннан кейін (жүктіліктің шамамен 6-аптасы) түсік тастауға тыйым салатын заңға (LIFE Act) сүйенген. Бұл заң даулы саналады, себебі миы өлі әйелдің жүктілігіне қатысты жағдайлар нақты қарастырылмаған. Кейінірек штаттың бас прокуратурасы бұл заң миы өлі күйдегі әйелдің өмірін сақтауды міндеттемейтінін мәлімдеді. Бірақ Смит ауруханаға түскен кезде дәрігерлер барлық заңдық тәуекелдерді ескеру қажет деп санаған.

Қазір Смиттің отбасы онымен қоштасуға дайындалып жатыр. Өмірді қамтамасыз ету аппараттары сейсенбі күні ажыратылады.

Тэгтер:

Бала сәби Әйел ана