36 қазақстандық кәсіпорын Еуропаға органикалық өнім экспорттап отыр – Министрлік

Бүгін, 12:31 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстандағы Италия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риумен кездесу өткізді. Тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы саласы қазақстан-итальян әріптестігінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы өнімдері саудасының тұрақты өсімі елдеріміз экономикасының жоғары әлеуетін көрсетеді. Біз экспорт көлемін арттыруға, инвестиция тартуға және АӨК саласында технологиялар алмасуға мүдделіміз. Қазіргі таңда бізде органикалық ауыл шаруашылығы секторы белсенді дамып келеді. Арнайы заң қабылданды, бүгінде 36 қазақстандық кәсіпорын Еуропаға органикалық өнім экспорттап отыр. Осы бағытта ынтымақтастық орнатуға дайынбыз», — деді министр.

2025 жылғы қаңтар–сәуір аралығында Қазақстан мен Италия арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 105,9 млн АҚШ долларын құрап, 59%-ға өсті. Қазақстандық экспорттың негізгі позициялары бойынша айтарлықтай өсім байқалады: бидай – 47%-ға, бұршақ дақылдары – 103 есе, күнжара – 100%.

Экспортталатын өнімдердің ЕО стандарттарына сәйкестігі мәселесіне ерекше назар аударылды.

Айдарбек Сапаров бүгінде 20 отандық кәсіпорын Еуропалық одаққа, соның ішінде Италияға, балық өнімдерін экспорттауға рұқсат алғанын атап өтті. Сондай-ақ 2025 жылғы наурызда Қазақстан Еуропалық одаққа бал экспорттауға ресми рұқсат алды. Аквамәдениет және жылқы етін жеткізу бойынша Еуропалық комиссиямен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Антонелло Де Риу Италия бизнесінің Қазақстанға жоғары қызығушылығын растап, инвестициялық әріптестікті дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

«Италия Үкіметі Қазақстанмен ынтымақтастыққа үлкен мән береді. Саяси диалогпен қатар экономикалық байланыстар да дамып келеді, бұл ретте агроөнеркәсіптік сектор маңызды орын алады», — деді Елші.

Кездесуде болашағы зор бірқатар жоба қаралды, атап айтқанда: италиялық Tramite Group компаниясының қызанақ өңдеу зауыты, жоңышқаны түйіршіктеу зауыты, 20 мың тонна сақтауға арналған кептіру және мұздату жеміс комбинаты мен қуаттылығы 10 мың тонна болатын тоңазытқыш кешен салу жобалары.

Тэгтер:

органикалық өнім органикалық өнімді экспорттау қазақстандық кәсіпорын