Автобус апатында екі аяғынан айырылған Алуаның қанша жәрдемақы алатыны белгілі болды

Бүгін, 11:25 / Алуа Арман
Ғаламтор

Астанада болған жол апатынан кейін екі аяғынан айырылған қызға мемлекет қандай көмек көрсететінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дәрігерлер жеке оңалту бағдарламасын жасап шыққан соң, протездеуді қоса алғанда, барлық шығынды министрлік өз мойнына алады.

«Мемлекет қызға да, анасына да өмір бойы қамқорлық көрсетеді. Аяқтың ампутациясы – бірінші топтағы мүгедектік болып есептеледі, бұл 100 мың теңгеден астам жәрдемақы деген сөз. Ал анасы баланы күткені үшін 78 мың теңге көлемінде төлем алады. Бұдан бөлек, анасы көпбалалы ана ретінде де басқа төлемдерді алып отыр», – деді Жақыпова Мәжіліс кулуарында.

Айта кетейік, 2 маусым күні кешке Астанадағы Республика даңғылында жолаушылар автобусы бағанаға соғылды. Жүргізуші маневр жасау кезінде рөлге ие бола алмай қалған. Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Елорда ауруханаларына 15 адам жеткізілді. 2017 жылы туған қыздың екі аяғы кесіліп тасталды. Астана әкімдігі барлық зардап шеккендерге материалдық және "қажетті қосымша көмек" көрсетілетінін хабарлады. Аяғынан айырылған қыз 19,6 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемін алды. Отбасына әкімдік төрт бөлмелі пәтерге сертификат сыйлады.

Тэгтер:

жәрдемақы автобус апаты Алуа Бекен