Ресей мемлекеттік думасы «Қоғамдық кеңістікте орыс тілін қорғау туралы» заңды екінші және үшінші, яғни соңғы оқылымда қабылдады. Мақсат – орыс тілін мемлекеттік тіл ретінде қорғау, қоғамдық кеңістікте шетел сөздерінің қолданысын азайту және қазіргі әдеби тіл нормаларын сақтау, деп хабарлайды turkystan.kz ria.ru-ға сілтеме жасап.
Жаңа заңға сәйкес:
- Барлық көрнекі жазулар, жол көрсеткіштер, жарнамалық материалдар тек орыс тілінде жазылуы тиіс. Sale, shop сияқты кең таралған сөздер мен тіркелген тауар белгілерінен басқа шетел сөздерін қолдануға тыйым салынады.
- Басқа тілдерге аударуға рұқсат етіледі, бірақ мазмұны бірдей және безендірілуі тең дәрежеде болуы керек.
- Тұрғын үй кешендері мен шағын аудандарға енді шетелше естілетін атауларды беруге болмайды. Барлық атаулар тек кириллица әріптерімен жазылуы шарт.
- Коммерциялық нысандар мен брендтердің атауларында ресми тіркелмеген шет тіліндегі сөздерді қолдануға тыйым салынады.
Заң сондай-ақ бірнеше негізгі нормативтік актілерге өзгерістер енгізуді көздейді:
- «Жарнама туралы» заң – жарнама тек орыс тілінде берілуге тиіс;
- «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң – тауар мен қызмет туралы ақпарат міндетті түрде орысша болуы қажет;
- Қала құрылысы кодексі – қалалық орта нысандарына атау беру тәртібі өзгереді;
- Сонымен қатар, мемлекеттік БАҚ-та ақпараттық бағдарламалар тек орыс тілінде, қажет болған жағдайда – аймақтардағы халық тілдерінде жүргізілуі тиіс.