Қазақстан ТМД-да бірінші болып туризм статистикасына мобильді деректерді енгізді

17 маусым, 2025 / Дана Ізтілеуова
@stat_gov_kz_official

Қазақстан ТМД-да туризмнің ресми статистикасына мобильді деректерді енгізген алғашқы ел болды, деп хабарлайды turkystan.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Бұл тың қадамды Ұлттық статистика бюросы Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырып отыр. Жоба Мемлекет басшысының деректерді басқаруда жаңашыл тәсілдерді енгізу жөніндегі тапсырмасына сай келеді. 

Мобильді позициялау деректерін пайдалану – туристік ағындарды бақылаудың мүлде жаңа деңгейіне жол ашты. Бұл тәсіл азаматтардың нақты қозғалысын тіркеуге мүмкіндік береді: бұған дейін ресми статистикада қамтылмаған бір күндік сапарлар мен қонақүйде тоқтамайтын қысқа мерзімді сапарлар да енді есепке алынады. Осы арқылы туризм деректері анағұрлым нақты әрі жан-жақты бола түсіп, ел ішіндегі қозғалысқа қатысты шынайы көріністі қалыптастырады. 

2023 жылғы шілдеден 2024 жылғы шілдеге дейінгі аралықта ұялы байланыс операторларының бірінің деректеріне негізделген жобаның алғашқы нәтижелері бірқатар маңызды қорытынды шығаруға мүмкіндік берді. Мәселен, ішкі туристік сапарлардың 60%-дан астамы бір күндік сапарлар екені анықталды. Туристік белсенділіктің ең жоғары деңгейі жаз мезгілі және мерекелер кезінде – әсіресе Наурыз, Жаңа жыл мен Жеңіс күнінде байқалған. Үйден тыс жерде түнеу саны бойынша рекорд 2024 жылдың 21 наурызында, көктемгі демалыстың кезінде тіркелген. Астаналықтар қашықтықтағы айырмашылыққа қарамастан, көбінесе Ақмола облысы мен Алматыға барған. Жыл мезгілдеріне байланысты туристік белсенділіктің үш есеге дейін құбылуы туризмді дұрыс жоспарлауға жаңа мүмкіндіктер береді. 

Осы және өзге де мәселелер Астанада өткен салалық семинар мен Дүниежүзілік банк өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған жұмыс кездесуінде кеңінен талқыланды. Халықаралық сарапшылар Қазақстанның статистика саласын цифрландырудағы және жаңа дереккөздерді енгізудегі ілгерілеуін оң бағалады. 

Қазақстан мобильді деректерді талдауға арналған алгоритмдерді әзірлеу бағытында Эстонияның Positium компаниясымен тығыз жұмыс істеп келеді. Бұл халықаралық серіктестікке Дүниежүзілік банк те белсенді қолдау көрсетіп отыр. Жобаға банк сарапшысы, экономист Метин Небилер кеңесші ретінде қатысуда. 

«Қазақстан ТМД мен аймақ үшін цифрлық статистиканың жаңа үлгісін көрсетіп отыр. Бұл жоба – жай ғана технология емес, туристік ағымдарды есептеуге деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін үлкен серпіліс», – Метин Небилер. 

Қазір байланыс операторларымен келісім жасасу жұмысы жалғасуда. Бұл бастама мобильді позициялау негізіндегі статистиканы тек туризм саласында ғана емес, сондай-ақ көші-қон көрсеткіштері бойынша да тұрақты түрде жариялауға жол ашады.

Тэгтер:

туризм статистикасы мобильді деректер