Түрпідей тиген сөз
Түрпідей тиген сөз
КІМ БІЛСІН...
Продюсер әрі актер Нұртас Адамбай өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында орыстілді қазақтардың мұңын мұңдапты. «Сіздер өз тілін жетік білмейтін қазақтарды көктен түсті деп ойлайсыздар ма? Әлде біз аяқ астынан осы дүниеге келдік пе? Кезінде қазақ тіліне қарағанда орыс тілінде сапалы білім берілгеніне біз кінәліміз бе? Біз осы мектептерді салдық па? Бізді сынап-мінеп жүрген жасы үлкен азаматтар, сол кезде сіздер қайда болдыңыздар? Сіздер қазақша кітаптар мен оқулықтардың сапалы болуы үшін не істедіңіздер? Әлі күнге дейін тіл мәселесін бір жүйеге келтіре алмадыңыздар. ...Мемлекеттік тілдің кейбір қамқоршылары қазақ болып, орысша сөйлесең, саған сатқындай қарайды. Сіздер алдымен олардың не айтып тұрғандарын ескерсеңіздерші. Кейін қандай тілде сөйлегендігіне назар аударыңыздар! Менің пешенеме басқа тілге қарағанда, орыс тілін жақсы білу жазылыпты. Менің осы тілге алғысым шексіз. «Құдіретті тілді» білу біздің күшіміз, оны әлсіздікке жатқызуға болмайды. ...Туған елім мен халықты қалай сүю қажеттігін, не істеу керектігін өзім білемін. Әрбір азамат отанының тыныштығын тілейді. Бүгінде мемлекетімізге бірлік қажет. Әлемде не болып жатқандығына назар аударыңыздаршы. Тіпті, алысқа қараудың да қажеті жоқ. Неге сіздер бізді «таза қазақ» және «шала қазақ» деп бөлгілеріңіз келеді? Бұл бөліну – мемлекетіміздің дұшпандарына ыңғайлы». Үлкендерге кінә артып, түйенің жүгін аудара салу оңай. Нұртас Адамбай бірден осы қалпында көктен түсе салған жоқ және осы дүниеге аяқ астынан келе қалған да жоқ. Ата-тегі бар. Солардың жалғасы. Кезінде қазақ мектептерінде сапалы білім берілмеді дегеніне не жорық? Белгілі математиктер Мұхтарбай Өтелбаев, Асқар Жұмаділдаев секілді ғалымдар ауылдағы қазақ мектебінің түлектері емес пе?! Рас, оқулықтар сапасына қазір сын көп. Бірақ, бұл түзелмейтін іс емес. Мемлекеттік тіл, біле білгенге – ең асыл мұра. Ата-тектен келе жатқан рухани байлық. Адамбай кекетіп айтқандай мемлекеттік тілдің «кейбір қамқоршылары» қазір республика халқының жетпіс пайызын құрайды. Сол қазақтардың көбісі орыс тілін Адамбайдан артық білмесе, кем білмейді. Олардың Адамбайдан бір ерекшелігі туған тіліне деген құрметі. Атам қазақ «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген. Тәшкентке барсаң, өзге ұлттың кез келгені өзбек тілінде жақсы сөйлейді. Жөн сұрасаң өзбек тілінде жауап бергендерін өз басым талай рет кездестірдім. Солардың бірінен осының мәнін сұрағанымда: «Олар өздерін өздері сыйлайды», − деп еді. Сол өзбек ағайындар ешкімнен кем өмір сүріп жатқан жоқ. Орыс тілін білген жақсы. Бірақ өзіңдікін қор, өзгенікін зор санағаннан ұтқаның қайсы? Пешенедегі жазу Алланың ісі. Жаратушы иеміз ештеңеден қателеспеген. Ұлттық түрді де, тілді де Алла берген. Қателесетін пенделер. Тарихтан «өзім білемін» дейтіндердің талайы өткен. Туған тіліңді білмей ұлтымды жан-тәнімен сүйем деп ешкімді сендіре алмайсың. Әлемде өз тілдерін ұстанған әзірбайжан, өзбек, түркімен, тәжіктер өз елдеріндегі барлық ұлт өкілдерімен ынтымақта өмір сүріп жатыр ғой. Республика Президенті әрдайым: «Өздеріңмен өздерің қазақша сөйлесеңдерші», − деп айтып-ақ келеді. Бұл әуелі өздеріңді өздерің сыйла дегені ғой. Тек соған құлақ аспай жататындар көңілді қынжылтады. Біле білгенге мемлекеттік тіл осында тұратын барлық ұлт өкілдерін біріктіретін, ынтымақтың тілі. Бірлік пен ынтымақ бар жерде тыныштық бар. Әй бірақ, өзінікін қор, өзгенікін зор санайтындардан не үміт, не қайыр?
ӘЙ, ҚАЙДАМ...