Түрпідей тиген сөз

Түрпідей тиген сөз

Түрпідей тиген сөз
ашық дереккөзі
Жылдар өткен сайын нарықтық қатынасқа негізделген жаңа қоғамға қалыптасып, жан-жақты дамып келеміз. Дамыған елу елдің құрамына кіріп, әлемге де таныла бастадық. Әйтсе де етек-жеңіміз толық жиналып болған жоқ. Қоғамда «Әй, бірақ...», «Әй, қайдам...», «Кім білсін...» дегізіп, бір-бірімен жымдасып жатқан олқылықтарымыз қаншама. Бүгін «Түрпідей тиген сөз» тақырыбымен соларды топтастырып, жариялап отырмыз.

КІМ БІЛСІН...

 width=

Ақын Олжас Сүлейменов «Express-K.kz» басылымына берген сұхбатында біраз мәселеге сәуегейлік жасап, кітап пен әдебиетке де тоқтала кетіпті. «...Кітап оқу мәдениеті ақырына жетті ме?», «Кітаптың тағдыры не болмақ?». Маған осы сауалды көп қояды. Мен де жауап беруден жалықпаймын. Ұлы орыс әдебиеті осы бір қиын кезеңнен аман-есен өтеді. Ол өз оқырманын қайтарып алады. Ал жазба әдебиет ретінде XX ғасырдың екінші жартысынан бастап қана қалыптасқан жас қазақ әдебиетіне оқырманынан айырылу сонау фольклор дәуіріне қайта оралумен бірдей. Жазбаша әдебиетсіз қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тілге, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру мүмкін емес». Иә, сонымен Олжас Омарұлы айтқандай мына қыспақтан орыс әдебиеті ғана аман өтіп, өз оқырмандарын қайта табады екен. Оқырмандарынан айырылған біздің әдебиет сонау фольклор дәуірінен бір-ақ шығатын көрінеді. Бұл асылық айтқандық болар. Ия, оқырмансыз әдебиеттің болашағын елестету қиын. Дегенмен қазақ бар жерде әдебиеті бар. Тамырын фольклордан алған ұлттық жазба әдебиет өткен ғасырдың бел ортасынан емес, өте көне замандардан басталған (Күлтегін, Білге Қаған жазбалары). Ол кезде орыс әдебиеті болды ма екен?.. Арғы тарихқа бармай-ақ, кеңес дәуірінің өзінде қазақ әдебиеті өз көшін түзеп алған. Қаншама ақын-жазушылардың шығармалары әлем тілдеріне аударылды десеңізші. Енді өз биігінен құлап, құрдымға кете қоймас. Өйткені әзірге оқырманы мен кітап тиражы аз болғанымен жазарман қаламгерлер саны кеміген жоқ. Рас, олардың шығармаларының асылы да бар, жасығы да бар. Бәлкім мәртебелі уақыт осы бір ауыр кезеңде солардың арасынан шын таланттарын, шын оқырмандарын іріктер. Уақыт өте келе санымыз көбейіп, мемлекеттік тіліміз ұлтаралық қатынас тіліне айналып та кетер. Кім білсін... Қалай айтқанда да ел ішінен шыққан бүгінгі ақын-жазушылар Олжастың сәуегейлігіне сеніп, ондайға жол бере қоймас. Қайта жаңаша ізденістермен әдеби-рухани құндылықтарымызды бұ­рын­ғыдан да байыта түсер.

ӘЙ, БІРАҚ...

 width= Продюсер әрі актер Нұртас Адамбай өзінің «Facebook» әлеу­меттік желісіндегі жеке парақ­ша­сында орыстілді қазақтардың мұңын мұңдапты. «Сіздер өз тілін жетік білмейтін қазақ­тарды көктен түсті деп ойлайсыздар ма? Әлде біз аяқ астынан осы дүниеге келдік пе? Кезінде қазақ тіліне қарағанда орыс тілінде сапалы білім берілгеніне біз кінәліміз бе? Біз осы мектептерді салдық па? Бізді сынап-мінеп жүрген жасы үлкен азаматтар, сол кезде сіздер қайда болдыңыздар? Сіздер қазақша кітаптар мен оқулықтардың сапалы болуы үшін не істедіңіздер? Әлі күнге дейін тіл мәселесін бір жүйеге келтіре алмадыңыздар. ...Мемлекеттік тілдің кейбір қамқор­шылары қазақ болып, орысша сөйлесең, саған сатқындай қарайды. Сіздер алдымен олардың не айтып тұрғандарын ескерсеңіздерші. Кейін қандай тілде сөйлегендігіне назар аударыңыздар! Менің пешенеме басқа тілге қарағанда, орыс тілін жақсы білу жазылыпты. Менің осы тілге алғысым шексіз. «Құдіретті тілді» білу біздің күшіміз, оны әлсіздікке жатқызуға болмайды. ...Туған елім мен халықты қалай сүю қажеттігін, не істеу керектігін өзім білемін. Әрбір азамат отанының тыныштығын тілейді. Бүгінде мемлекетімізге бірлік қажет. Әлемде не болып жатқандығына назар аударыңыздаршы. Тіпті, алысқа қараудың да қажеті жоқ. Неге сіздер бізді «таза қазақ» және «шала қазақ» деп бөлгілеріңіз келеді? Бұл бөліну – мемлекетіміздің дұшпандарына ыңғайлы». Үлкендерге кінә артып, түйенің жүгін аудара салу оңай. Нұртас Адамбай бірден осы қалпында көктен түсе салған жоқ және осы дүниеге аяқ астынан келе қалған да жоқ. Ата-тегі бар. Солардың жалғасы. Кезінде қазақ мектептерінде сапалы білім берілмеді дегеніне не жорық? Белгілі математиктер Мұхтарбай Өтелбаев, Асқар Жұмаділдаев секілді ғалымдар ауылдағы қазақ мектебінің түлектері емес пе?! Рас, оқулықтар сапасына қазір сын көп. Бірақ, бұл түзелмейтін іс емес. Мемлекеттік тіл, біле білгенге – ең асыл мұра. Ата-тектен келе жатқан рухани байлық. Адамбай кекетіп айтқандай мемлекеттік тілдің «кейбір қамқоршылары» қазір республика халқының жетпіс пайызын құрайды. Сол қазақтардың көбісі орыс тілін Адамбайдан артық білмесе, кем білмейді. Олардың Адамбайдан бір ерекшелігі туған тіліне деген құрметі. Атам қазақ «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген. Тәшкентке барсаң, өзге ұлттың кез келгені өзбек тілінде жақсы сөйлейді. Жөн сұрасаң өзбек тілінде жауап бергендерін өз басым талай рет кездестірдім. Солардың бірінен осының мәнін сұрағанымда: «Олар өздерін өздері сыйлайды», − деп еді. Сол өзбек ағайындар ешкімнен кем өмір сүріп жатқан жоқ. Орыс тілін білген жақсы. Бірақ өзіңдікін қор, өзгенікін зор санағаннан ұтқаның қайсы? Пешенедегі жазу Алланың ісі. Жаратушы иеміз ештеңеден қателеспеген. Ұлттық түрді де, тілді де Алла берген. Қателесетін пенделер. Тарихтан «өзім білемін» дейтіндердің талайы өткен. Туған тіліңді білмей ұлтымды жан-тәнімен сүйем деп ешкімді сендіре алмайсың. Әлемде өз тілдерін ұстанған әзірбайжан, өзбек, түркімен, тәжіктер өз елдеріндегі барлық ұлт өкілдерімен ынтымақта өмір сүріп жатыр ғой. Республика Президенті әрдайым: «Өздеріңмен өздерің қазақша сөйлесеңдерші», − деп айтып-ақ келеді. Бұл әуелі өздеріңді өздерің сыйла дегені ғой. Тек соған құлақ аспай жататындар көңілді қынжылтады. Біле білгенге мемлекеттік тіл осында тұратын барлық ұлт өкілдерін біріктіретін, ынтымақтың тілі. Бірлік пен ынтымақ бар жерде тыныштық бар. Әй бірақ, өзінікін қор, өзгенікін зор санайтындардан не үміт, не қайыр?

ӘЙ, ҚАЙДАМ...

 width= Жуырда Қазақстан Респуб­ли­касының еңбек сіңірген ар­тисі Кенжеғали Мыржықбаев «Қазақстан» телеарнасының «Таң­шолпан» бағдарламасынан: «Фоног­рамма алынып тасталса, көк­те жұлдыз атанып жүрген әнші­лердің көбі жерде шашылып қа­лар еді», − деген еді. Осы тақылеттес пікірді Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева да біраз­дан бері ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында айтып жүр. Өткен аптада Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Ең­сегенов: «Әнші концертке кел­генде, ол өзінің қызметін сатады. Ал көрермендер, яғни тұтынушылар жақсы қызмет түріне ие болуы керек. Сол адамның әнін фонограмма, магнитофон, диск немесе кассета сатып алып, тыңдауға болады. Осыған байланысты халық былай деп жатады: «Біз концерттерге әртісті көріп қайту үшін ғана бармаймыз ғой, біз оның дауысын тыңдаймыз, әнін қалай орындағанын көреміз, бізге оның фонограммасының не қажеті бар. Халықпен кездесу барысында кон­цертте фонограмманы қол­дануға қатысты мәселелер қоз­ға­лады. Әрине, біз әртіс емеспіз, әнші емеспіз, бұл мәселені түсінбеуіміз мүмкін. Бірақ Түркіменстанда және басқа да көрші елдерде фонограммамен ән айтуға тыйым салынған», − деді сала министріне. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамеди­ұлы: «Әр концерт ұйымдастырушыға министрлік лицензия беруі керек. Бізде ол заңда жоқ. Біз лицензияға дүние жүзіндегідей көшпегенше бұл шешілмейді. Қазір бізде кез келген концерт ұйымдастырып шыға алады. Біз бәріміз шулаймыз: «Неге фонограммамен айтады», − деп. Егер лицензия болса біз нақты айта аламыз: «Айналайындар, заңды бұздыңыздар, лицензияңыз жойылады», − деп. Сонда ол ұйымдастыра алмайды. Біздегі болып көріну, иммитация фонограммамен шектелсе ғой. Бірақ екінші жағынан, фонограмма жалпы фальш «фаршқа» айналғанда өзінен-өзі құритын «шиқылдақ», − деді. Сәрсенбай Еңсегенов минис­трден: «Құрал-жабдықтар мен аспап­тар жетіспейді деп жатады. Бірақ бір кездері әріптестеріміз фонограммасыз да жанды дауыста ән шырқады ғой. Сондықтан бұл мәселені шешу керек. Бұл әртістің қаншалықты дарынды екенін көрсетеді. Сондықтан, өтінішім, заңға өзгеріс енгізіңізші», − деп өтінді. Бұл да бір өнердің кеселі. Онсыз да салық төлемейтін жалған дауысты әншілердің қарапайым халықты алдауының асқынған түрі. «Бізге сахнаға музыканттар мен музыка аспаптарын әкелу едәуір қаржыға түседі. Сол себептен бізге фонограммамен айтқан тиімді». – Әншілердің сөзі осы. Отыз жылдан бері үлкен сахнадан көрініс тауып келеді. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» болған соң олар білгенін істеп жүр. Негізінен алдау да қылмыс түріне жатады. Ия, жанды дауыс ән салушының дарынын, талан­­тын байқатады. Содан нағыз әншіні танисыз. Дамыған өркениетті елдерде, қала берді көрші республикаларда әншілердің қитұрқы әрекеттеріне баяғыда-ақ заңмен тыйым салынған екен. Соны біле тұра неге заң жүзінде шара қолданбаймыз? Бұл салт басымен келіп, қалталарын оңай ақшаға толтырып кететін шетелдік әншілерді де ойландырар еді. Ал салалық министр бұған бізде арнайы заң жоқ деп отыр. Тіптен фонограмма «фаршқа» айналғанда өзінен-өзі құриды дейді. Әй, бірақ, осынша жылдардан бері біздің елдің сахнасынан құрымаған «шиқылдақтың» жаны сірі ме деп қаласың.