Танымал қазақстандық виолончельші Бағжан Октябрьдің әкесі, әнші, композитор Өктем Алтаев та бала кезінде виолончельші болуды армандаған. Алайда емтиханнан сүрініп, оқуға түсе алмаған.
«Құдай өзі бір жағынан алғанымен, екінші жағынан береді екен. Негізі Бағжанның орнында дәл қазір мен жүруім керек қой. Бірақ бала арманымның орындалуына ешқандай мүмкіндік болған жоқ. Музыкалық мектепке баратын, әлеуметтік жағынан, қай жағынан болса да жағдай болмады. Қазір бәрі орнына келген кезде Құдайдың өзі бәрін орнына қайтарып жатыр. Мен негізі виолончельші болғым келген. Шымкент қаласына 1984 жылы мектеп бітіріп, музыкалық училищеге оқуға тапсырғанмын. Сол кезде Бүркіт деген ағай менің саусақтарымды көріп «Сен виолончельші боласың. Болды, мен сені өзіме аламын. Сенен жақсы музыкант шығады. Саусақтарың жалпақ» деп айтты. Виолончельшінің оқуына түстім деп ойлағанмын, кейін басқа емтихандар тапсыратын кезде түсе алмай қалдым. Кейін баламды музыкаға берген кезде көбі пианино, гитара, тағы басқа аспаптардың үйірмесіне апарады. Мен араласқым келген жоқ. Себебі біреудің араласқан тірлігі не болады? Баланың өз қабілетін аша білу керек. Кейін мамандармен отырған кезде баламның саусақтарына қарап «Сенен виоленчельші шығады» деп оны сол үйірмеге алды. Көрдіңіз бе, виолончель аспабы маған келді. Маған қонбай, балама қонып отыр. Ол – киелі аспап. Сен виолончельді таңдамайсың, виоленчель сені таңдайды», – дейді әнші «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында.