"16,3 миллион қазақстандықтың жеке дерегі интернетте тарап кеткен" – Министрлік тексеру жұмысын бастады

Бүгін, 11:12 / Дана Ізтілеуова
istockphoto.com

16 маусымда Қазақстан тұрғындарының жеке деректері бар 16,3 миллион жазба әлеуметтік желіге тарап кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Ол жазбаларда тұрғындардың тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні, ЖСН, мекенжайы, тұрғылықты жері, телефондары (ұялы телефон, үй, жұмыс), азаматтығы, ұлты және т.б. дерек көпшілікке қолжетімді болғаны туралы айтылған-тын.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы мәселеге байланысты тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

"ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, ұсынылған мәліметтердің шынайылығы мен өзектілігін анықтау мақсатында кешенді тексеру жүргізуде.

Алғашқы талдау бұл деректердің мемлекеттік емес, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелерден дербес деректердің таралуы немесе хакерлік шабуылдар нәтижесінде бұзылуы тіркелген жоқ.

Тексеру толық аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасау немесе ақпараттың шынайылығын растау ерте.

Егер азаматтың дербес деректері тараған мәліметтер арасында болса, ол туралы электрондық үкімет порталы (eGov) арқылы жеке кабинетіне хабарлама жолданады.

Еске сала кетейік, бұған дейінгі осындай жағдайларда жарияланған деректер ескі ақпараттық базалардан – негізінен қызмет көрсету салалары мен микроқаржы ұйымдарынан алынған ескі мәліметтер болған.

Министрлік жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Қосымша ақпарат тексеру нәтижелері бойынша жарияланады", – делінген хабарламада.

Тэгтер:

Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жеке дерек 163 миллион қазақстандық интернетке тарау