«Жарымай не болды»: Сәкен Майғазиев қалыңмалға не себепті 5 млн теңге бергенін айтты (ВИДЕО)

Бүгін, 05:35 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

«МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев ұлының үйлену тойында келінінің қалыңмалы үшін не себепті 5 млн теңге бергенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды turkystan.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Ол өз сөзінде жұбайының айтқанын орындағанын, басқа ешнәрседен хабары жоқ екенін айтты.

«Балам мен анасы Ақтауға бір-екі күн бұрын ұшып кеткен. Сол кезде конвертке салып, 5 млн теңге ала келіңіз деді. Басқа ешнәрседен хабарым жоқ. Өз басым қалыпты жағдай шығар деп қабылдадым. Ана сүті, өлі-тірісі деп жатады, конверттерінің сыртында сондай жазуы болады екен. Бұрын-соңды ондай жағдайға аса араласпағаннан кейін хабардар емес екенмін. Меніңше, біреуден асырып берген, аз берген, бақталастықпен жасаған ешнәрсеміз жоқ.

Меніңше, егер 5 млн теңгені қымбатсынып жатқан болса, одан аз берсем, жарымай не болды деп айтар еді. Одан көп берсем, әрине, олар солай жасайды деп тағы айтады. Ондай әңгіменің болары хақ. Айтатын адам да табылады. Оған қуана білу керек.

Осы сәтте айтарым, бізге де 5 млн теңге қалыңмал келсін деп тілеймін. Одан артық ешнәрсе айтпаймын», - деді Сәкен Майғазиев.

Ол сөзін жалғай отырып, Тұрсынбек Қабатовтың бірнеше жыл бұрын жасаған тойында үлкен торт жұрттың талқысына түскенін тілге тиек етті.

«Статистика бар екен, 70 пайыз адам басқа біреудің пікірімен өмір сүреді екен. Кім не айтты, соған қосылып кете береді екен», - дейді «МузАрт» тобының әншісі.