Көп жағдайда қоғам бала тәрбиесінде ананың рөлін бірінші орынға қойып жатады. Алайда соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер әкенің де бала өміріндегі шешуші рөлін нақты дәлелдеп отыр. Әке тек асыраушы емес, ол – баланың эмоциялық, танымдық және әлеуметтік дамуына үлкен ықпал ететін тұлға. Әр түрлі елдерде жүргізілген мына 8 психологиялық зерттеу әкенің бала өміріне қалай әсер ететінін тереңірек түсінуге көмектеседі.
1. Әке мен ұл арасындағы қарым-қатынас болашақтағы махаббатқа әсер етеді
Evolutionary Psychological Science журналындағы зерттеуге сәйкес, әкенің бала кезіндегі эмоциялық қолдауы ер баланың кейінгі өміріндегі қарым-қатынасқа деген көзқарасына тікелей әсер етеді. Егер бала әкесін мейірімді, қамқор адам ретінде қабылдаса, ол өскенде әйелдердің ер азаматтардан тұрақтылық күтетінін және ерлердің қарым-қатынасқа шынайы инвестиция салатынын көбірек мойындайды.
Бұл сенімдер олардың өздері де ересек кезде жақын қарым-қатынастарға жауапкершілікпен қарауына сеп болады. Ең қызығы бұл әсердің күші әкенің физикалық рөлінен гөрі, эмоция жағынан тәрбиеге атсалысуына байланысты болған.
2. Үйде бірге болу басты фактор саналады: өгей әкелер де маңызды рөл атқара алады
Human Nature журналындағы зерттеу көрсеткендей, биологиялық әкелер көп жағдайда қолдау көрсетуге дайын болса да, баламен бірге тұру ұзақтығы – басты шешуші фактор. Яғни, өгей әке болсын, туған әке болсын, егер бала кезінде бірге тұрған болса, ересек шақта да жақын қарым-қатынас пен көмек көрсету ықтималдығы жоғары болады.
Бұл тұжырым «қамқорлық биологияға емес, күнделікті қарым-қатынасқа байланысты» деген ойды тағы да дәлелдеп отыр.
3. Әке болғысы келетін ер адам әйелдерге тартымды көрінеді
Evolutionary Psychological Science басылымында жарияланған тағы бір зерттеуде әйелдер әке болуға ниетті ер адамдарды ұзақ мерзімді қарым-қатынасқа анағұрлым тартымды деп тапқан. Бұрынғы қарым-қатынасы бар, тәжірибелі ер адамдар да жоғары бағаланған.
Керісінше, қарым-қатынас тәжірибесі жоқ әрі бала туралы ойламаған ерлер тартымдылығы төмен болған. Алайда олар туралы бұрынғы серіктестері жақсы пікір білдірсе, баға сәл көтеріледі. Бұл зерттеу әкелік әлеуеттің қазіргі танысу мәдениетінде де маңызды рөл ойнайтынын аңғартады.
4. Әкесімен жақын болмаған ерлер дене бітіміне шамадан тыс уайымдайды
Personality and Individual Differences журналындағы зерттеу көрсеткендей, әкесімен эмоционалдық байланысы нашар ерлер өз дене пішініне тым көп мән береді, яғни бұлшық етке деген обсессияға ұшырауы мүмкін. Бұл жағдай көбінесе өз-өзін төмен бағалау мен сырттан мақтауға тәуелді болумен байланысты.
Бұл зерттеу ер адамның өзіндік бейнесі мен сенімділігіне әкесімен қарым-қатынасы тікелей әсер ететінін көрсетеді.
5. Төмен табысты ортада әкенің қолдауы баланың дамуына ықпал етеді
Social Science and Medicine журналында жарияланған Кениядағы зерттеу нәтижелері әкенің үй ішіндегі белсенділігі (мысалы, шешім қабылдауға қатысуы, ананы эмоциялық қолдауы) баланың дамуына оң әсер ететінін көрсетті.
Тікелей әке мен бала арасындағы араласу аз болса да, әкенің анаға көрсеткен қолдауы отбасындағы атмосфераны жақсартып, баланың психоәлеуметтік жағдайына жағымды әсер етеді.
6. Әкенің жақындығы баланың математикадан қорқу деңгейін азайтады
Learning and Individual Differences журналындағы ұзақ мерзімді зерттеуде әкесімен тығыз эмоциялық байланыста болған балалар бір жылдан кейін математикадан аз уайымдайтыны анықталды.
Ғалымдар әкенің сенімділігі мен қолдауы баланың өз-өзіне деген сенімін арттырып, күрделі пәндерге деген қорқыныш сезімін жеңуге көмектесетінін айтады.
7. Бала тәрбиесіне араласқан әкелердің психикалық денсаулығы жақсы болады
Frontiers in Psychology журналындағы зерттеу көрсеткендей, сәбиінің өмірінің алғашқы жылында белсенді араласқан, өзін ата-ана ретінде сенімді сезінген әкелердің күйзеліске ұшырау ықтималдығы төмен болған.
Яғни, баламен уақыт өткізу тек бала үшін емес, әкенің өзі үшін де пайдалы. Бұл ер адамның жаңа рөліне тезірек бейімделіп, өмірлік тепе-теңдігін сақтап қалуына көмектеседі.
8. Эмоцияны түсінбеу және гормондық реакциялар ата-әке ретінде әсер етеді
Hormones and Behavior журналындағы зерттеу көрсеткендей, эмоцияны тану мен білдіруде қиындығы бар (алекситимия деп аталады) әкелер қиын жағдайларда (мысалы, баламен стресс кезінде) жоғары тестостерон реакциясын көрсеткен. Бұл ер адамдар әдетте сапалы бірлескен ата-аналық қатынасты қалыптастыруда қиналады.
Нәтижесінде олардың балалары екі жылдан кейін мейірімділік пен бөлісу секілді проәлеуметтік мінез-құлықты аз көрсеткен. Бұл зерттеу әкенің биологиялық және эмоциялық ерекшеліктері баланың әлеуметтік дамуына қалай әсер ететінін терең түсіндіреді.
Ғылым күн өткен сайын әкенің баланың өміріндегі рөлін бұрынғыдан да тереңірек ашып отыр. Әке тек қамқоршы емес, ол – үлгі, сенім, қауіпсіздік көзі. Осы зерттеулер көрсеткендей, әкенің эмоциялық қатысуы, қарым-қатынасы және белсенді рөлі баланың болашақ тұлғалық, әлеуметтік, тіпті романтикалық өміріне дейін әсер етеді. Демек, “әкелік” – жай атақ емес, үлкен жауапкершілік.