Түлектерге маңызды кеңес: Елімізде жоғары білімді тегін қалай алуға болады

Бүгін, 01:05 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Биыл бакалавриатқа барлығы 77 мың грант бөлініп отыр. Ал ұлттық бірыңғай тестілеуге 216 мыңға жуық талапкер қатысуға ниет білдірді. Демек, барлық мектеп бітірушінің үштен бір бөлігі ғана мемлекеттік грантқа ие болады. Қалғаны ақылы бөлімге түседі, я болмаса, жоғары білімді тегін алудың басқа жолдарын қарастырады. Sputnik Қазақстан грантқа тағы қалай түсуге болатынын зерделеп шықты.

ҰБТ-сыз грантқа түсуге болады

Бүгінде мерзімді әскери қызметті атқарып келгеннен кейін жоғары оқу орнына тегін түсуге болады. Биыл алғаш рет 2 мыңнан астам адамға арнайы сертификаттар табысталды. Олардың барлығы ҰБТ-ны тапсырмай, университеттерде тегін оқиды. Оған қоса, шәкіртақы алуға, тегін жатақханада тұруға және әскери кафедраға конкурссыз қабылдануға құқылы.

Айта кетері, әскерден кейін грантты жайдан-жай бере салмайды. Үміткерлерді "Sarbaz 2.0" ақпараттық жүйесі арқылы іріктейді. Онда барлық әскери бөлімдер тіркелген және бүкіл қызмет кезеңінде сарбаздардың үлгерімі мен тәртібі бойынша нәтижелер көрсетіледі. Соның негізінде үздіктерге грант табысталады. Мәселен, биылғы 2 мың адам 17,5 мың үміткердің арасынан оқ бойы озық шықты.

Әкімдік гранттары

Әкімдіктер жыл сайын әрбір өңірдің қажеттілігіне қарай өз гранттарын тағайындайды. Мәселен, былтыр Астана қаласының әкімдігі педагогикалық мамандықтарға 900 грант бөліп берген. Ал Шығыс Қазақстан облысында жергілікті бюджеттің есебінен 270 грант бөлінген болатын. Сол кезде педагогика, медицина, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, құрылыс пен ауыл шаруашылығына басымдық берілді.

Әкімдік гранттары көп жағдайда ҰБТ бойынша жалпы республикалық конкурстың нәтижесі жарияланғаннан кейін таратылады. Оған шекті 75 балл жинаған талапкерлер құжат тапсыра алады.

Университет гранттары

Бүгінде әрбір университетке бөлінетін мемлекеттік гранттардың саны әртүрлі. Бір мамандыққа 10 грант бөлінсе, құжат тапсырғандардың ішінен ҰБТ-да ең жоғары ұпай алған он түлек грантқа түседі. Алайда кей кезде гранттар игерілмей қалады. Сол кезде оны ұпай саны жағынан кезекте бірінші болып тұрған, яғни, гранттан бас тартқан адамнан кейінгі үміткерлер беріледі.

Бұдан бөлек, кейбір талапкерлер түрлі себептермен жеңіп алған гранттан бас тартады. Осы гранттар да қайта үлестіріледі.

Университетке ақылы түрде түсіп, босаған бос грантты ұтып алуға да болады. Бірақ ол үшін оқуда озат болу керек. Ал ақылы бөлімге түскісі келмейтіндер бір жыл дайындалып, ҰБТ-ны қайтадан тапсыра алады.

Қор гранттары

"Қазақстан халқына" қоры жыл сайын білім беру гранттары бойынша қайырымдылық бағдарламасын жариялап отырады. Бірақ оған қатысу үшін алдымен ҰБТ тапсыру керек. Одан грант бұйырмаса, қордың конкурсына өтініш беріп көруге болады. Бірақ оған қатыса алатын нақты санаттар бар. Олар:

ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылар;

жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

мүгедектігі бар азаматтар;

мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан Қазақстан азаматтарының балалары;

2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жараланған балалар;

төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен Қазақстан Республикасының қаза тапқан азаматтарының балалары.

Былтыр 850 білім гранты бөлінген болатын. Конкурс шарттары жыл сайын қордың әлеуметтік желісінде және ресми сайтында жарияланады. Осы гранттарға ие болған студенттер шәкіртақы да алады.

Колледжден кейін түсіп көруге болады

Бүгінде колледждерге грант көп бөлінеді. Алдымен кәсіби-техникалық білімді тегін алып, одан кейін университетке грантқа түсіп көруге болады. Бірақ қайтадан ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға тура келеді.

"Егер колледж түлегі жоғары оқу орнында өз мамандығын жалғастырғысы келсе, онда қысқартылған ҰБТ түрін тапсырады. Мысалы, педагогикалық колледжді тәмамдаған студент осы мамандықты жалғастырғысы келсе, екі пәннен ғана ҰБТ тапсырады. Осы екі пәннен 60 сұрақ болады, олардан жалпы 70 балл жинау керек", - дейді мамандар.

Алайда бүгінде кез келген университет колледжден кейін қысқартылған бағдарламамен оқыта бермейді. Сондықтан алдымен ондай бағдарламаның бар-жоғын біліп алу керек. Ал колледж түлегі университетте басқа мамандықты таңдаса, барлығымен бірдей ҰБТ тапсырады.

Қай мамандықтар бойынша бәсекелестік жоғары

Биыл республика бойынша 216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға ниет білдірді. Ал бакалавриатқа барлығы 77 мың грант бөлініп отыр.

Ресми мәліметке сәйкес, мектеп түлектері бірнеше жыл қатарынан үш бейіндік комбинацияны таңдайды. Олар:

"Математика-Физика" - 16,5%;

"Биология-Химия" - 15,6%;

"Математика-Информатика" - 9,7%.

Демек осы бағыттар бойынша бәсекелестік жоғары. Грантқа түсу үшін барынша көп ұпай жинау қажет.