Aлимент төлемеген әке қылмыстық жауапкершілікке тартылды

14 маусым, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Жетісу облысында табысын жасырып, алимент төлемеген борышкер тағы да қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz облыс прокуратурасына сілтеме жасап.

2023 жылы Жетісу облысы Панфилов ауданының тұрғыны балаларына алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Содан бері қарызы 3 млн теңгеге жеткен.

"Биыл 30 қаңтарда борышкерді Қазақстан Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп тапқан. Заңсыз кәсіп ұйымдастыруға қаражаты бар борышкер әдейі алимент төлемеген", - дейді ведомство.

Осыған байланысты Панфилов ауданының прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

Тергеу қорытындысы бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.

"Сотталушы 1 миллион теңге сомасындағы берешекті ішінара өтеді, сот үкімімен кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалды", - дейді прокуратура.