Қартаюға деген көзқарасты өзгертумен аты шыққан, ерекше селфилерімен танымал болған жапон әуесқой фотографы Кимико Нисимото 97 жасында өмірден озды, деп хабарлайды turkystan.kz scmp-ға сілтеме жасап.
Кимико Нисимото 72 жасында ғана суретке түсірумен айналыса бастаған. Соған қарамастан, ол ерекше шығармашылық қабілетімен көпшілікті таңғалдырды. Оның алғашқы жеке көрмесі 2011 жылы өтті, ал 2016 жылы алғашқы фотокітабы жарық көрді. 2018 жылы әлеуметтік желіге қосылғаннан кейін 400 мыңнан астам оқырман жинап, «селфи әже» деген лақап атқа ие болды.
Нисимото Бразилияда дүниеге келіп, сегіз жасында Жапонияға көшіп келген. Ол Жапонияның оңтүстік-батысындағы Кюсю аралындағы Кумамото префектурасында өмір сүрді.
Бұрынғы шаштараз маманы кейін кәсіби велосипедшіге айналып, бауырларымен бірге ұлттық жарыстарға қатысқан. 27 жасында салық қызметкеріне тұрмысқа шығып, үш баланы тәрбиеледі.
Өмірінің көп бөлігінде өнермен айналыспаған Кимико 72 жасында ұлының арқасында фотографияға бет бұрды. Ұлы, кәсіби арт-директор, оның ұстазы болды.
«Осы жасқа келгенде оның алдында барлық есік ашылды», – деп еске алады ол.
Қарт адамдары көп елде Нисимото өз «кәрілігімен» әзілдесе отырып ерекше көзге түсті. Ол түрлі күлкілі және қиялға толы автопортреттер жасады: мысалы, құстармен сөйлесіп отырған періштеге, электр арбасымен көлік қуалап жүрген немесе газет оқып отырып көлікке «соғылған» кейіпке енген.
Бір суретінде өзін қоқыс дорбасына орап: «Қартайғанда сені тастай салуы қалыпты нәрсе», – деп әзілдейді.
2012 жылы жұбайынан айырылған соң, фотография оның жалғыздықпен күресу жолына айналды. Кейін ұлы оған «Pepper» деп аталатын гуманоид робот сыйлап, ол да Нисимотоның фотосуреттерінің кейіпкеріне айналды.
«Анам 72 жасында шығармашылық жолын бастағанымен, көптеген адамдардың қолдауының арқасында өмірінің соңғы тарауы бай әрі мағыналы болды», – деп жазды оның ұлы.