60 жасында Түркияға оқуға түскен Мұстафа Көк: Магистратураға Қазақстанға түссем деймін

13 маусым, 2025 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Мұстафа Көк – Түркияның Ниде қаласындағы Омер Халисдемир атындағы университеттің 3-курс студенті. 60 жасында студент атанған ол түркология мамандығы бойынша білімін жетілдіріп жүр. Осыдан бес ай бұрын алмасу бағдарламасы бойынша Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға келген. «Атажұртыма бес айға емес, бір жылға келіп оқуға болатынын білмей қалдым» деген ол енді магистратура бөлімін толығымен Қазақстанда оқысам дейді. Түркиядағы тек қана қазақтар мекендейтін жалғыз ауылдан атамекеніне білім қуып келген Мұстафа Көкке хабарласып, әңгімелескен едік.

– Жергілікті Түркістан телеарнасына бер­ген қысқа сұхбатыңыздан кейін көп­ші­лік сіздің оқуға деген құл­шы­ны­сыңыз­ға қайран қалып жатыр. 60 жаста оқуға қайта ден қоюдан бөлек, бір семестрді атажұртыңыздағы бірегей университетте оқуға келгеніңізге дән риза. Ол сұхбатты көре алмаған көпші­лік­ке өзіңізді кеңінен таныстыра кет­сеңіз.

– Мен 1962 жылы Ниде провинциясына қа­расты Алтай қазақ ауылында дүниеге кел­дім. Бастауыш мектепті ғана бітірдім. Түр­кияда бастауышта бес жыл, орта оқуда үш жыл, кейін лицейде жеті жыл оқиды. Содан соң университетке оқуға тапсырады. Ал мен орта оқу мен лицейде оқи алмадым. Оған себеп – ауылда 80-90 малы бар әке-шешеме қол­ғанат болып, оқуды ысырып, оларға кө­мектесу керек болды. Сөйтіп, ауылда қалып қой­дым. Десе де, оқысам, білімімді жетіл­дір­сем деген үлкен арман ішімде қалып қойды. Қат­ты оқығым келді. Өзім оқи алмасам да, ба­лаларымды оқытайын деп төрт баламның жо­ғары білім алып, мықты маман болуын қа­дағаладым. Бүгінде төртеуі де – өз ісінің ма­мандары, балалы-шағалы. Екеуі – мұғалім, бірі – полицей, бірі – тілмаш. Ұлды ұяға, қыз­ды қияға қондырып, қолым босап, жауап­­­­кершілік жүгі азайған соң енді өзіме көңіл бөлейін, өзім оқиын деген мақсат тұт­тым. Жұмыста бір бала орта мектептің тап­сыр­масын орындап, емтихан тапсырып, сырт­тай оқып жүрген-тін. Оқулығын ашып қарасам, мен жауабын білетін сұрақтар, баяғыда оқыған дүниелерім. Сол кезде өз-өзіме «Осы мен оқи алатын секілдімін. Оқы­сам қайтеді?!» деп сұрақ қойдым. Сөйтіп, 2020 жылы оқуға кірісіп, төрт жылда орта оқу мен лицейдің жүйесі бойынша сырттай бі­лім алдым. Содан соң Нидедегі Омер Ха­лис­демир атындағы университетке оқуға түс­тім.

– Өзіңіз қалаған мамандыққа түсе ал­дыңыз ба?

– Түркияда түлектерге 24 мамандық таң­дау құқы беріледі. Мен екі мамандықты, со­ның ішінде киім тігу ісі мамандығын бірін­ші таңдадым. Сіз тарихи кинода, сериалдарда көріп жүрген батырлардың киімі қазақтың көне киімдері ғой. Сол киім үлгілерін тігуді үй­ренсем бе деген едім. Алайда ол бөлімге емес, екінші таңдаған мамандығым – түрко­ло­гия бөліміне оқуға түсу бұйырған екен. Мен 2004-2010 жылдары аралығында ауыл әкімі болып жұмыс істедім. Сол уақытта осы уни­верситетте Наурыз мейрамын мере­ке­леу­ге атсалысып, ауылдан бауырсақ пісіртіп, та­­ғы басқа ұлттық тағамды әзірлеп әке­ле­тін­мін. Сол кезде бірге тойлаған оқытушы­ла­рым бүгінде өзімнің ұстаздарым болып шы­ға келді (күліп). 

– Дегенмен түркология мамандығын мең­геретініңізді естігенде қуанған бо­ларсыз?

– Әлбетте, қатты қуандым. Киім тігу ісін оқы­татын оқытушылар менің алдымен олар­дың бөліміне оқуға түскім келетінін естіп-біліп, «Сен бізге де керексің. Оқу бітірген соң біз­ге тапсыр. Теріден киім тігудің қыр-сырын үй­ретеміз» деп қолқалап отыр. Біз теріден киім қалай тігу керек екенін бала кезден біле­міз ғой. Бәрін білеміз. Алайда ресми оқу­дың жөні бөлек. Дегенмен түркология са­ла­сында да білмейтінім көп екен. Осы үш жыл­дың ішінде көп нәрсені білдім, жіті зерт­­­тедім. Біз білмейтін дүние расында көп екен.

– Түркістан телеарнасына берген сұх­­­­­батыңызда алғашында топтаста­рыңыз­­дан ұялып, аудиторияда үнемі арт­қы қатарда отыратыныңызды айтып қал­дыңыз. Жастармен үйренісу, жаңа ор­таға бой үйрету процесі қиынға түсті ме?

– Мен оқуға түскен кезде алпыс жаста едім. Әрине, менің жасымдағы студентке көп­шіліктің таңдана қарайтыны айтпаса да тү­сінікті. Менің топтастарым – 17-18 жас­та­ғы қыз-жігіттер. Біздің топта 32 жастағы Мұс­тафа, 28 жастағы Бурак деген екі жігіт оқы­ды. Бірде олар «Біз – шалмыз, балалардың қа­сында отыра алмадық» дейді. «Сендер өз­деріңді шал деп санасаңдар, мен 60 жасымда қай­темін онда?!» дедім. Дегенмен олар бес айдан соң оқудан шығып кетті. Ал мен бас­таған ісімді соңына дейін жеткізейін деп ты­рыстым. Сабақтан бірде-бір рет қалған емес­пін. 18 жыл асфальт жол төсеумен айна­лы­сатын үкіметтің жұмысында істедім. Жұ­мыс істесем де, сабақты бәрінен биік қой­дым. Әдепкіде топтастарыммен тіл та­быса алмай, алдына барып отыруға ұялып, үнемі артта отыратынмын. Бірде бір оқы­тушы «Мұстафа аға, алдына келіп отыр­саңыз­шы. Неге үнемі артта отырасыз?» деді. Сөйт­сем, мұғалімнің алдына барып отырған жақ­сы екен ғой. Тақтайдағы жазуды анық кө­ресің. Айтқандарын анық естисің. Мен арт­та отырғанда алысты, жақынды көретін екі көзілдірігімді кезек-кезек тағып оты­ра­тын­мын. Тақтадағы жазу-сызуды көру үшін біреуін, жазуды дәптерге түсіру үшін екін­ші­сін қолданамын. Соны оқытушылар байқаса ке­рек. Алдына отырғызып қойды. Кейін бәрі өз­геріп сала берді. Бір жыл өте олармен дос бо­лып, жақын араласып кеттім. Топтағы екі-үш қыз кабинетке кіре сала «Ағаның қа­с­ына мен отырамын!» деп немерелерім се­кіл­ді таласады. Олардың бұлай жылы қабыл­дауы мені оқуға ықыласымды арттырып жі­берді. Бұрын артта отырғанда мұғалімнің айтқанын ғана жазатынмын. Түсінбегенімді өз бетімше іздейтінмін. Ал қазір түсін­беге­нім­ді балалардан сұрап алатын болдым. Оқу­ды, оқығанды жақсы көремін. Әр күн бір­деңе үйренсем, соған қатты қуанамын. Бұ­рын кітап оқуға уақыт жоқ болды. Қазір ұс­таз­дар оқы деген кітаптың бәрін оқып, көп де­рек­ке қанығып, сусындап жатырмын. Кере­­мет сезім!

– Қожа Ахмет Ясауи атындағы Ха­лы­қаралық қазақ-түрік университетінде сту­денттермен алмасу бағдарламасымен бі­лім алдыңыз ғой?

– Иә, университеттегі профессорым, түр­ко­логия бөлімінің басшысы «Келесі жылы Орхун алмасу бағдарламасымен Қазақстанға жі­берейін» деп ұсыныс айтты. Онда оқи ала­мын ба, ұят болып қалмай ма деп көп тол­ғандым. Бұрынырақта көпшіліктің алдына шы­ғып сөйлегеннен қымсынбайтынмын. Алай­да білім жолына түскен соң бойыңда кү­дік пен күмән көп болады екен. Түркия­да­ғы жас топтастарыма енді бой үйретіп жат­қанда Түркістандағы балалар қалай қа­р­сы алар екен деп бас қатырдым. Бір жағынан, он­да оқуға ұялдым. Профессор «Жоқ, бара­сың. Өзің – қазақсың. Өз атамекеніңе бара жатырсың» деп артықшылығын тізіп шығып, ақыры онда құжат тапсыруыма көндірді. Үкіметтің жұмысы болғандықтан, алатын жа­­­лақым да жақсы еді. Зейнетке шықсаң, айлы­ғыңның жартысын алып отырасың. Оқу жолына түсіп, Қазақстанға оқу мүм­кіндігі туындаған соң, өтініш жазып, жоғары жа­лақы төлейтін ол жұмыстан шығып кет­тім. Сөйтіп, осы жылдың ақпан айында бес ай­ға оқуға Түркістанға келдім. Білмей қа­лып­пын, мұнда мен ойлағандай бір семестр емес, бір жыл толығымен оқуға болады екен. Ондайын білгенде былтыр күзде келер едім. 

– Түркістандағы топтастарыңызбен қа­лай тіл табысып кеттіңіз? Бастапқыда олар Түркиядағы қыз-жігіттер секілді реак­ция танытты ма?

– Иә, басында үркіп қарағаны бар. Ә де­ген­де олар мені оқытушы екен деп ойласа ке­рек. «Жоқ, сендер секілді студентпін» де­сем, таңғалысын жасырмайды. Көп сту­дент­пен бірге оқитын болған соң, олардың бәрін та­ни бермеймін. Бірақ олар мені автобуста танып, «Ағай, қалыңыз қалай? Амансыз ба?» деп амандасып жатады. «Біз бірге оқимыз ба?» деп алдымен сұрап аламын. Олар «Иә, бір­ге оқимыз» дейді (күліп). Кейде бір-бірі­мен сыбырласып «Бізбен оқиды екен. Түр­кия­дан келіпті» деп айтып жатады. Маған мұн­дай реакция ұнайды. Оқығанның пай­да­сы өзіме тиеді, дегенмен қазір оқуды қолға алу кеш деп жүргендерге үлгі болайын деп ты­рысып жүрмін. Білімге ұмтылған адамға үлгі болып отырсақ басқа арман не?!

– Бұған дейін Астана, Алматыға кел­ге­ніңізді байқадым. Түркістанға бірінші рет келіп тұрсыз ба?

– Түркістанға бірінші рет келуім. Ауыл әкі­мі болып тұрғанымда Астанадағы Дү­ние­жүзі қазақтарының құрылтайына келіп қа­тыс­тым. Сосын Дүниежүзі қазақтар қауым­дас­тығының Алматыда өткен жиынына ша­қыртылдым. Екі рет барғанымда да айна­лам­ның орысша шүлдірлегеніне таң болып қайт­қанмын. Ал Түркістанда бәрі басқаша. Ав­тобуста, көлікте, дүкенде, барлық жерде бә­рі қазақша сөйлейді. Қазақстанға енді кел­ген екенмін деп сезіндім өзімді. Ғұлама ба­бамыз Ахмет Ясауи туралы көп естіп-біліп өс­тік қой. Алғаш кесенені ара­ла­­ған кезде Құ­ран оқып жатып, көңі­лім толқып, өз-өзім­ді ұстай алмай, өксіп жыладым. Тоқтай ал­­ма­дым. Көз жасыма ерік бердім. Қа­зақ бол­ға­ныма қуанып, руха­ниятымды қатты се­зін­дім. Мен жалдап тұратын пәтер әкімдікке қар­­сы бетте орналасқан. Күнде үш-төрт са­ғат да­лада серуен­деймін. Сая­бақта көп оты­­­­­рамын. Ай­налам­ның бәрі қазақша сай­рап тұр. Бұл ме­нің көңіліме майдай жа­ғады. Түр­­кияда ор­та­мыз түрікше сөй­ле­седі ғой. Ал ана тіліміз – қазақша ғана сөй­лейтін ортада жүру, қазақша әңгіме тыңдаудың өзі бір ға­ни­бет! 
Осы ортаға масаттанған мен мұндағы кө­ші-қон бөліміне барып, азаматтық алып, осы жақта қалғым келетінін айтып, кө­мек­тесуін сұрадым. Ондағы жауапты мамандар ол үшін түрік азаматтығынан бас тартуым ке­рек екенін айтты. Қазақстанда қос азамат­тық­қа заң бойынша тыйым салынған екен. Ал менің бала-шағам, немерелерім Түркияда тұрады. Тағдыр талқысымен сонда тудық, өс­тік, өндік. Сонда байланып қалдық. Мұнда ұзақ уақыт қалудың басқа жолын іздедім. Сөй­т­сем, қандастарға арналған «Ата жолы кар­тасы» деген құжат шыққан екен. Соны алып алсақ та болады екен. 10 жыл Қазақстан аза­маты секілді жүре алады екенбіз. 
Түркістандағы оқуым аяқталды. Жиырма күннен кейін Түркияға қайтамын. Ме­нің аталарым Сырдарияны бойлап, Өс­ке­мен, Зайсанды басып өтіп, Қытайға қарай шы­ғып кеткен екен. Ол кезде шекара жоқ еді ғой. Жайлау «қуалап» кете берген. Бергі жақ­ты орыстар, арғы жақты қытайлар бөліп ал­ған­да аталарымыз Қытай жағында қалып қой­ған. Содан кейін тепкіге ұшырағысы кел­меген олардың Үндістан, Пәкістанды жа­рып өтіп, Түркияға көшу тарихын білетін бо­ларсыз. Мен алдағы жиырма күннің ішін­де аталарымның ізі қалған Зайсан жаққа ба­рып қайтуды жоспарлап отырмын. Кар­та­дан қарасам, Қытаймен шекаралас жерде ор­наласқан екен. Ертең соған пойызбен ат­танғалы отырмын. Пойыз екі жарым күн жү­реді екен. Ал ұшақ билеті тым қымбат. Есе­сіне, пойызбен жүріп, қазақтың кең бай­тақ жерін көруге мүмкіндік туып тұр.

– Оқуды аяқтаған соң не істемек ойыңыз бар?

– Қазір 3-курсты аяқтадым. Енді бір жыл оқи­мын. Сосын ары қарай тағы оқысам дей­мін. Оқи бергім келеді. Оқудың «дәмін» сез­дім, маған оқыған, ізденген ұнап қалды. Сон­дықтан магистратураға түсу ойда бар. Ке­ше осындағы саябақтардың бірінде үй ішім­мен түрікше сөйлесіп отырсам, менімен жас­ты екі кісі кідіріп, менің әңгімемді тың­дап тұр. Сөйлесіп біткен соң маған жа­қын­дап, амандасып, «Қазақсыз ба?» деп сұрайды. «Иә, қазақпын» десем, «Қазақ болсаң, неге бас­қа тілде сөйлеп тұрсың?» дейді (күліп). «Түр­кия қазағымын. Түрікше сөйледім» де­сем, жақын тартып, «Отырып, сөйлессек бо­ла ма?» деп қасыма жайғаса кетті. Олар ме­нің мұнда қайдан жүргенімді сұрады. Оқуға келгенімді айтып едім, «Бұл жаста оқып не қыласың? Не пайдаң тиеді сенің?» дей­ді (күліп). «Өзіме пайдам тиеді, өзім үшін оқып жатырмын» дедім. Сол оқудың пайдасы тисін деп, Түркия қазақтарының көші ту­ра­лы айтылмаған, жарияланбаған дүниелерді жа­рия етіп, кітап жазсам деймін. Қазақ­стан­дағы көп қазақ Түркия қазақтарының қоныс ау­дару тарихынан бейхабар. «Сендер уа­қы­тында Қазақстанды тастап, қашып кет­тің­дер» деп қатты айтқандары да бар. Біз қашып кет­кен жоқпыз. Аталарымыз тұрақтаған жер қа­зақтың жері ғой. Орынбор, Омбыда тұра­тындарға «Сен қашып кеттің?» деп айта ала­сың ба? Өз жерлері ғой!  

– Магистратураға Түркияға түсесіз бе? Әлде Қазақстанға қайта келіп оқи­сыз ба?

– Әлгі профессорым «Қазақстанға бара­сың» деп отыр. Тағы келетініме тіпті қуанып отыр­мын. Ол кісі Атырауға барып оқуды ұсын­ды. Қазақстанның қай бұрышына жі­бер­се де, барамын. Мақтанбаймын, Түркияға кел­ген көп қазақты төбеме көтеріп, қуана қар­сы аламын. Ес білгелі бері Түркияда қазақ бол­ғанымды мақтан етемін. Түрік доста­рым­ды да айрықша қарсы аламын, Қазақстаннан келгендерді де дәл солай күтіп аламын. Өзім­ді Нидедегі бір елшілік санаймын. Ниде де­мек­ші, қазір Еуропаны жайлап жүрген қа­зақ­тардың көбі осы ауылдан шыққан. 1963 жы­лы осында Германияға баратын жұмыскер то­бын іздеп, кооператив құрылған-тын. Сол уа­қытта біздің ауылдан біраз қазақ сонда жұ­мысқа кетті. Бүгінде Германия, Швеция, Гол­ландия, Францияда тұрып жатқандардың көбі – біздің ауылдың тумалары.
Нидеге оқуға Қазақстаннан мұғалімдер мен студенттер көп барады. Былтыр 120 бала кел­се, биыл 90 бала оқуға барды. Олардың он­да барғандарының пайдасы орасан. Көп­шілік Түркияда кішкене бір Қазақстан бар екенін сезеді. Түркиядағы көпшілік жылқы етін жемейді ғой. Мен елден келгендерге «Қа­зы-қарта, етті сағынсаң, Қазақ ауылына кел. Бізден жеп тұрасың» деп шақырып ала­мын. Арқалық деген жерден келген бір мұ­ға­лім қонағым болған-тын. Ол енді мені Ар­қалыққа шақырып, «Осы жерде оқыңыз» деп ұсыныс айтып отыр. Алла бұйыртып, де­нім сау болса, келесі жылы атамекенге қай­та келіп, тағы оқысам ба деп отырмын!

– Әңгімеңізге рахмет! Расында көпке үлгісіз! Іске сәт!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Тэгтер:

ғылым Түркия оқу Білім 60 жас Мұстафа Көк Түркия қазағы Ниде қаласы Қазақ ауылы Орхун бағдарламасы Омер Халисдемир атындағы университет