Ол үнсіз келеді. Жан-дүниеңді жалмап, ағзаңды шаршатып, болмысыңды шайқалтады. Қатерлі ісік – заманымыздың ең күрделі биологиялық жұмбағы ғана емес, адамзаттың моральдық төзіміне сынақ десек те болады. Қазақстанда қатерлі ісік диагнозы әрбір 13 минут сайын қойылады екен. Бұл дерек жай сандар емес – бұл үзілген үміттер мен қиын тағдырлар хронологиясы.
Жыл сайын 41 мың адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады
ДСҰ дерегіне сүйенсек, 2022 жылы әлемде 20 млн адамға қатерлі ісік диагнозы қойылған. Ғалымдар 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 77 пайызға өсіп, 35 млн-ға жетеді деп болжап отыр. Себебі әлем халқының саны артып, қартайып келеді, ал онкологиялық аурулар бүкіл адамзат үшін созылмалы дертке айналды. Қазақстан да бұл «көштен» қалмай отыр. ДСМ дерегіне жүгінсек, 2024 жылы 41 318 адамнан қатерлі ісік анықталып, тізімде тұрғандар саны 230 мыңнан асып кеткен. Ал 2023 жылы 41 519 жағдай тіркелген, ол кезде тізімде 218 186 адам болған. Сүт безі обырына 5 652 адам шалдыққан. Ең жиі кездесетін түрі де осы. Екінші орында колоректалды обыр, оған 4 029 адам ұшыраған. Үшінші орында өкпе обыры – 3 833 науқас. Келесі кезекте асқазан обыры (2 907) мен жатыр мойны обыры (1 921). Ал қатерлі ісіктен жыл сайын 12 000-нан аса адам қайтыс болады. Өлім-жітім бойынша:
1‑орында – өкпе обыры (16,3 пайыз),
2‑орында – асқазан обыры (12,0 пайыз),
3‑орында – тоқ ішек обыры (10,6 пайыз),
4‑орында – сүт безі обыры (8,1 пайыз).
Жылына 57 мыңнан астам ота жасалады
Аурудың беталысы жаман болғанымен, оны жеңуде дәрігерлер де аянып жатқан жоқ.
– Жыл сайын 20 өңірлік және 2 Ұлттық онкологиялық орталықта 57 мыңнан астам хирургиялық операция жасалады. Оның 20 пайызы – III-IV санаттағы күрделі операциялар. Алдағы жылдары барлық өңірде аз инвазивті және интервенциялық операциялар көбейетін болады, – дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов осы аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Маманның айтуынша, бүгінде Қазақ онкология институтында қатерлі ісіктерді хирургиялық емдеудің жаңа әдістерін енгізіп жатыр. Олар: онкоурология, онкогинекология және абдоминальді онкологиядағы роботты хирургия; қатерлі ісік диагнозы кезінде қаңқа сүйектерін 3D протездеу және 3D импланттарды қазақстандық титаннан әзірлеу жұмыстары.
– Қазір ел азаматтарына иммунобиологиялық препараттардың 45 түрі қолжетімді. Бөлінген 103 млрд теңге қаржының 83 пайызы таргетті препараттармен қамтуға жұмсалады. Дәрілік терапияның қолжетімділігін арттыру және қаржы ресурстарын ұтымды пайдалану үшін министрлік әртүрлі тәсілдер әзірлеп жатыр. Мысалы, онкологиялық ауруларды халықаралық стандарттарға сәйкес диагностикалау мен емдеу хаттамалары жаңартылды. Бүгінде қатерлі ісік ауруларымен ауыратын 236 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда тұр. Жыл сайын онкологиялық науқастардың саны 5-6 пайызға өсіп отыр. Қатерлі ісік ауруының өсуі – бұл әлемдік тенденция. Оның бір себебі – халықтың қартаюы. Сонымен қатар қазіргі өрке-ниеттің көптеген факторының әсері. Яғни, қимыл-қозғалыстың азаюы, дене қозғалысының аздығы, дұрыс тамақтанбау, генетикалық және соматикалық мута-цияларды жүзеге асыру, – деді Ербол Бекмұхамбетов.
Төрағаның айтуынша, онкологиялық аурулардың саны өскенімен өлім-жітім тұрақты түрде төмендеген. Мәселен, соңғы 10 жылда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 33 пайызға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 63 жағдай тіркелген.
– Әйелдер ерлерге қарағанда қатерлі ісікке жиі шалдығады. Әйелдердің қатерлі ісігінің кең тараған түрлері – сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны қатерлі ісігі. Алайда, қайтыс болғандардың 53 пайызы – өкпе мен асқазан қатерлі ісігіне шалдығатын ер адамдар. Бұл аурулардың өлім-жітім деңгейі жоғары. Егер Қазақстандағы онкологиялық аурулардың таралуын басқа елдермен, мысалы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстыратын болсақ, онда біздің елімізде онкологиялық аурулармен сырқаттану мен өлім-жітім әлдеқайда төмен. Сонымен қатар, ісіктерді кеш анықтау мәселесі сақталып отыр. Бұл ауруды алдын ала анықтау шараларын күшейту қажеттілігін көрсетеді, – деді Ербол Бекмұхамбетов.
Айта кетейік, Қазақстан азаматтары онкологиялық скринингтік зерттеулерден тегін өтеді. Мұндай тексеріс пациенттің тіркелген жері бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында жүргізіледі.
Әрбір бесінші әйел жатыр мойны қатерлі ісігінен көз жұмады
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетовтің сөзін Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басқарма төрағасы Айжан Есмағамбетова да қоштайды.
– Жатыр мойны қатерлі ісігінің деңгейі әлемде де, елімізде де өте жоғары. Бұл дерт елімізде әйелдер арасында кездесетін қатерлі ісіктер арасында екінші орында тұр. Әлемде жыл сайын 600 мың адам осы ауруға шалдығады. Қазақстанда орта есеппен жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққан 2 мың науқас анықталады, оның 600-і қайтыс болады, яғни әр бесінші әйел жатыр мойны қатерлі ісігінен көз жұмады, – деді Айжан Есмағамбетова.
Еске сала кетсек, былтыр қыркүйектен бастап елімізде жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы — адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы қыздарды жалпы вакциналау басталған болатын.
Алматы онкологиялық орталығы Онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Райхан Болатбекова қыз-келіншектердің өз денсаулықтарына немқұрайлы қарайтынына, уақытылы дәрігерге қаралмайтынына алаңдаулы. Дәрігердің айтуынша, Алматыда жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар ішінде сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. 2024 жылы бұл диагноз 206 әйелге қойылған. Олардың негізгі жас тобы – 35-тен 50 жасқа дейінгі әйелдер.
– Жатыр мойны обырының «жасарып» бара жатқаны алаңдатады. Мысалы, Алматыда 20-24 жас аралығындағы қыз-келіншектерде жатыр мойны обыры тіркеліп жатыр. Ерте сатыда бұл ауру айқын белгілерсіз өтуі мүмкін, сондықтан тұрақты профилактикалық тексерулер мен скринингтен өту арқылы жатыр мойны обырын бастапқы кезеңінде анықтап, сәтті емдеуге болады, – дейді онкогинеколог.
Маман қыз-келіншектерге болмашы белгілердің өзіне назар аударып, гинекологқа тұрақты түрде баруға кеңес береді. Өйткені аты жаман ауру қаншалықты ерте анықталса, жазылу мүмкіндігі де соншалықты жақсы нәтиже береді.
Үкіметтен не көмек?
Алдыңғы жылы Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Бұл құжат біздің елімізде онкологиялық көмекті дамыту үшін өте маңызды қадам болды.
2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бағдарламасы ерте диагностиканың ықтималдылығын арттыру, мамандандырылған емді дамыту, паллиативтік көмек пен оңалту сапасын жақсарту және кадрлар дайындау мен ғылымды қолдауға бағытталған.
Жоспардың іс-шараларын іске асыру еліміздегі тұрғындардың ауруының дамуының бастапқы кезеңдерінде өкпе ауруларын диагностикалау, жатыр мойны патологиясының қауіп факторы ретінде адам папиллома вирусы инфекциясын анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томографияны кеңінен қолдану арқылы алдын-ала қатерлі ісікті ерте анықтауға болады, заманауи технологияларына қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Компьютерлік, магниттік-резонанстық, позитрондық-эмиссиялық томографияны, радиоизотоптық зерттеулерді пайдалана отырып, заманауи сәулелік диагностика аппараттарында зерттеп-қарау мүмкіндігі едәуір артады, телемедицина, жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді енгізу көзделген.
Қазақстанның әрбір өңіріндегі пациенттер әлемдік стандарттарға сай заманауи сәулелік ем алады. Әрбір өңірлік онкологиялық орталықта дәрілік ем алған кезде пациенттер үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Ауылдық жерлерде тұратын пациенттер жылжымалы медициналық кешендердің мобильді қызметтерін пайдалану мүмкіндігіне ие болады, паллиативтік көмек пен оңалту сапасы артады.
Сондай-ақ жоспарда медицина кадрларын даярлауға үлкен мән берілген. Еліміздің онкологтары әлемнің жетекші онкологиялық орталықтарына қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жіберіледі.
Жалпы, онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарға 5 Индикатор енгізілген:
1. Онкологиялық аурулардың ерте (0-I) анықтау үлесін 35 пайызға дейін ұлғайту;
2. Онкология ауруларының анық жағдайларының (III-IV сатысы) белгісін жүзбе-жүз көру арқылы 10 пайызға дейін төмендету;
3. Онкологиялық аурулары бар пациенттерді сәулемен емдеуді 53 пайызға дейін өсіру;
4. Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді 100 мың тұрғынға шаққанда 64,5-ке дейін төмендету;
5. Қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың өмірін 5 жылға дейін ұзарту деңгейін 60 пайызға дейін өсіру.
Мемлекеттік бағдарлама аясында 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер төрт жылда бір рет тегін скринингтен өте алады. Бұл – цитологиялық жағынды алу арқылы жүргізілетін, ерте диагноз қоюдың қарапайым әрі қолжетімді әдісі.
Бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 460,7 млрд теңге бөлінген.
Ауруды ерте анықтау қаншалықты мүмкін?
Қатерлі ісік диагнозын қою үшін бірнеше әдіс қолданылады.
– Обыр ауруының көп жағдайда ешқандай симптомдары болмайды, оның қауіптілігі де осында. Әдетте ауру симптомдары ІІІ немесе ІV сатыда ғана біліне бастайды. Сондықтан қатерлі ісік диагнозын қою үшін бірнеше әдіс қолданылады, – дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының стратегиялық және инвестициялық даму бөлімінің меңгерушісі Алма Жылқайдарова.
Оның айтуынша, қатерлі ісікті тек онкологтар ғана анықтамайды. Мәселен, оны рентгенолог, маммограф, эндоскопист, цитолог, гистолог сияқты дәрігерлер де анықтай алады.
– Аталған мамандар нақты көз жеткізу үшін онколог маманға жібереді. Дәрігер қатерлі ісік диагнозын қою үшін бірнеше әдісті қолданады. Атап айтар болсам, зәр мен қан анализі дәрігерге қатерлі ісік аурулары тудыруы мүмкін ауытқуларды анықтауға көмектеседі. Мысалы, лейкемиямен ауыратын адамдардың жалпы қан анализі арқылы лейкоциттердің ерекше санын немесе түрін анықтауы мүмкін, – дейді маман.
Алма Жылқайдарованың айтуынша, қатерлі ісік ауруын анықтауға компьютерлік томография, сүйекті сканерлеу, магниттік-резонанстық томография (МРТ), позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ), ультрадыбыстық және рентгендік зерттеулер және басқалары кіреді.
Президент Іс басқармасына қарасты Медициналық орталық ауруханасының бас онкологы Назар Сейдалин адамзат әлі күнге дейін обырдың нақты қандай себептен пайда болатынын білмейді, тек әсер етуші факторлар ғана белгілі дейді.
– Қатерлі ісіктің пайда болуына әсер ететін факторларды екіге бөлуге болады. Біріншісі, басқарылмайтын факторлар: генетика, экология. Бұл факторларды біз өзгерте алмаймыз. Екіншісі, басқарылатын факторлар, яғни, өмір салтымен байланысты әдеттер. Мысалы, темекі шегу, ішімдік ішу, семіздік, физикалық белсенділіктің төмендігі. Адамның психо-эмоциялық жағдайы да үлкен рөл атқарады. Өйткені психологиялық тұрақсыздық, стресс, мазасыздық сияқты факторлар адамның өмір салтына тікелей әсер етеді, – дейді онколог.
Оның айтуынша, онкологиялық аурулардың нақты себебі толық зерттелмегенімен, негізгі механизмі белгілі: ағзадағы жасушалар мутацияға ұшырап, бақылаусыз көбейе бастайды. Иммундық жүйе үнемі бақылап, қатерлі жасушаларды жоюға тырысады. Алайда адамның өмір салты дұрыс болмаса, иммунитет әлсірейді және қатерлі ісік жасушалары көбейе береді.
Ауру қайдан?
– Қатерлі ісіктің симптомдарының пайда болуының өзі оның асқынып, басқа сатыға көшкенінің белгісі. Себебі қатерлі ісік алғашқы кезеңде ешқандай белгі бермейді. Сондықтан өмірді сақтап қалудың басты шарты – аурудың алдын алу. Яғни, ерте диагностикадан өту. Елімізде бұл үшін жағдай жасалған, дегенмен әрбір азамат өз денсаулығы өзінің жауапкершілігінде екенін ұмытпауы керек, – дейді Ұлттық ғылыми онкология орталығына қарасты консультативті диагностикалық орталық меңгерушісі Индира Құсайынова.
Қатерлі ісіктің алдын алудың ең тиімді жолы – азаматтардың уақытылы тексеруден өтуі. Уақытында тексерілмегендіктен де «жаман» ауру жазған иесін «иемденіп» алады. Науқастардың ауруы жанына батқанда ғана дәрігерге жүгіретіні де статистикалық деректерді өршітіп отыр. Мәселен, 40 жастан асқан адамға жылына кемінде бір рет медициналық тексеруден өту ұсынылады. Әйелдер үшін жатыр мойны обырына (25 жастан бастап), сүт безі обырына (40 жастан бастап) скринингтер жасалады. Ер адамдарда қуық асты безі обырына тексерілуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар 50 жастан асқан азаматтарға тоқ ішек обырына скрининг жасалады. Аурудың алдын алу оның еміне де толыққанды әсер ететінін төмендегі мына деректерден де байқауға болады. 2024 жылы 2,8 млн қазақстандық қатерлі ісіктің алдын алуға арналған скринингтен өткен. Жатыр мойны обырының скринингінен 795 387 әйел өтіп, 60 200 әйелден жатыр мойнының әртүрлі патологиясы анықталған. Сүт безі обырының скринингі бойынша 940 502 әйел тексерілген, 184 709-нан сүт безінің әртүрлі патологиясы табылған. Колоректалды обырдың бар-жоғын 1 миллионнан астам ер мен әйел тексерткен. Тоқ ішектің әртүрлі патологиясы 9 828 адамнан табылыпты. Скринингтен уақытылы өтіп тұратын азаматтар өз денсаулығына жауапты қарайтындар. Ал асқынған ауру насырға шабатыны бесенеден белгілі.
Еліміз рак ауруын емдеуде кешенді шараларды жолға қойғанымен, ауруына шипаны шетелден іздейтіндер де бар. Олардың саны жүздеп саналады. Мысалы, 2024 жылы 138 қазақстандық шетел медицинасына жүгінсе, 2023 жылы 186 пациент шетел асқан екен.
Астана медицина университеті онкология кафедрасының меңгерушісі, профессор, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты хирург маман Абай Мақышев:
– Әлем елдері қатерлі ісікке қарсы күресіп, түрлі қадамға барып, мемлекеттік деңгейде бағдарламалар қабылдап, іске асырғанымен өлім-жітім көрсеткіші азаймай тұр. Аурудың пайда болып, дамуына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, пациенттер көбіне-көп қатерлі ісік метастаз бергенде, яғни басқа ағзаларға тарағанда, аурудың соңғы сатысында медициналық көмекке жүгініп жатады. Бұл кезеңде емшаралар күрделі, қиын болады. Екіншіден, қатерлі ісік көбіне шылым шегу, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің аздығы, радиация, қоршаған ортаның ластануы және генетикалық бейімділік сияқты мінез-құлықтан немесе экологиялық қауіп факторлары бар өлкелерде тұратын адамдарда дамиды. Үшінші, қатерлі ісік, оның себеп-салдары, белгілері және алдын алу әдістері туралы білім беру, халықты ақпараттандыру онкологиялық ауруларды ерте анықтауға және емдеуге көмектесетін шешуші фактор саналады. Жалпы алғанда, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайту үшін сапалы қызмет көрсету, алдын алу шараларын жақсартып, білім беруді жетілдіріп, салада сапаны жоғарылату арқылы азайтуға болады,– дейді доктор.
Ауру неге «жасарды»?
Еліміздегі онколог мамандар қатерлі ісіктің жыл сайын жасарып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Сүйектің қатерлі ісігіне көбіне балалар шалдығады екен.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жоғары санатты дәрігер онкологы, онкоортопед Бахрам Жұмадуллаевтың айтуынша, сүйектің сирек кездесетін қатерлі ісігі – остеосаркома. Бұл көбіне 10 жастан асқан балаларда жиі кездеседі дейді.
– Ғылыми орталықта балалардағы остеосаркомалар кезінде ірі буындарды эндопротездеу бойынша бірегей күрделі операциялар 2012 жылдан бері жасалады. 13 жылда 100-ден астам жасөпірімге мега-эндопротездеу операциясы жүргізілді. Бұл оталар балалардың аяқ-қолын еркін қимылдауына, ойдағыдай өмір сүруге ғана көмектеспейді. Бұдан бөлек, сүйек ісігі кезінде жоғары мөлшерлі химиотерапияны енгізу арқасында басқа органдардың метастаздануы төмендеп, өміршеңдігі артады. Емдеудің осы түрі остеосаркомаға шалдыққан балалардың 90 пайызына қолданылады, – дейді №2 хирургия бөлімінің меңгерушісі Бахрам Жұмадуллаев.
Дәрігер елімізде жылына орта есеппен 20-25 баладан остеосаркома қатерлі ісігі анықталатынын алға тартады. Барлық остеосаркоманың 50 пайызы тізе буынына, 30 пайызы иық-буынына жақын орналасады екен.
– Аяқ-қолы еркін қимылдағаннан кейін пациенттің жалпы сауығып кету жағдайлары 71 пайызды құрайды. Бұл нәтиже остеосаркоманы зерттеу жөніндегі халы-қаралық мультиорталықтар нәтижесінің деректерімен сай келеді. Онкология сала-сындағы ең күрделі операция медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі негізінде тегін жасалады. Бірегей операциялардың нәтижесінде балалардың өмір сүру сапасы жақсарады. Бүгінгі күні олар өздерінің құрбы-құрдастарымен қатар деңгейде мектепке барып, университетте оқып, түрлі салада еңбек етеді. Тіпті, тұрмыс құрып 2-3 баланың ата-анасы атанып жатқандар да бар, – деді ол.
2011 жылдан 2020 жылға дейін балаларда қатерлі ісік саны екі есеге – 356-дан 710-ға дейін өскен. Балалардың ракпен ауруының өсуі – тек бір себеп емес, ол күрделі генетикалық, экологиялық, инфек-циялық және диагностикалық факторлардың кон-вергенциясы. Бұл мәселе-нің түпкілікті шешімі – инфекцияларды жою, хи-миялық заттарды бақылау, бала денсаулығын қорғауға бағытталған экологиялық саясат, салауатты өмір салты және медицина сапасын жақсарту. Балалардағы рак себебін нақты анықтау қиын – олар көбіне тұқым қуалаушылық синдромдармен (BRCA, TP53 сияқты), Ходжкин лимфомасы сияқты жағдайлармен байланысты. Сонымен қатар балалардағы онкологиялық аурулардың 75-90 пайызы себепсіз, яғни көпфакторлы.
Отандық ғалымдар ізденісі
Қазақстандық-америкалық биолог және биотехнолог ғалым, бүгінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының Вице-президенті Дос Сарбасов мутацияланған қатерлі ісік жасушаларын өздігінен жоюға мүмкіндік беретін дәрі әзірлеген болатын.
Жыл басында Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында аталған препараттың жыл соңына дейін тіркеуден өтетінін мәлімдеді. Бүгінде клиникалық сынақтың екінші фазасы жүріп жатыр. Оны аяқтау және препаратты тіркеу осы жылдың соңына жоспарланған.
Профессор Дос Сарбасов қатерлі ісікке қарсы препаратты әзірлеу барысы туралы: «Қатерлі ісік жасушалары глюкозамен қоректенеді. Ал біздің ойлап тапқан әдіс ерекше. Оларды тамақтандырамыз деп алдап, ауру жасушаларды аштан өлтіру. Мәселен, С дәрумені мен мышьякты қатар қолданып, олардың көзін жоюға болады. Бұл – әлем бойынша әлі қолданылмаған әдіс. Біз жасаған дәрі-дәрмекті бірінші рет қабылдағаннан кейін он бес онкологиялық науқастың жағдайы тұрақтанды, олардың алтауында ісіктің өсуі тоқтады, ал біреуінде ол тіпті 30 пайызға азайды. Қазір дәрігерлер препаратта уыттылықтың жоғы расталғаннан кейін оның дозасын арттырды, –деді.
Ғалымның ойлап тапқан дәрісі күшәла негізіндегі америкалық препаратпен бірге аз мөлшерде ұйқы безінің қатерлі ісігінің 95 пайызында, тоқ ішектің қатерлі ісігінің 30 пайызында және өкпенің қатерлі ісігінің 20 пайызында кездесетін KRAS-мутант жасушаларына қарсы тиімді екенін көрсеткен.