Қазіргі кең көлемді жаһандану мен ақпараттық коммуникациялық технологиялардың даму жағдайында, сол сияқты әлемдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер ықпалымен бағыт-бағдарды айтарлықтай қайта ойлау, қайта бағалау жүріп жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда жеке тұлға мен азамат деңгейінде индивидтің өз-өзін анықтау үрдісі маңызды сипатқа ие болуда және бұл әсіресе жастар ортасында маңызды. Қазақстандық жастардың құндылықтарын, қызығушылықтары мен сұраныстарын зерттеу мемлекеттік жастар саясатын сапалы түрде жүзеге асырудың маңызды құралы. Осы ретте «бүгінгі жастар қандай?» деген сұрақтың тууы заңды. Сонымен?
Бүгінгі жастар... қандай?
Өзі өмір сүрген заманын мақтап, кейінгі заманға кейіп, қазіргі жастарды сынап отыратындар бұрын да болған, әлі де бар. Мәселен, Кеңес заманын көргендердің әңгімесін тыңдасақ, «біздің кезімізде жақсы еді, білімі терең еді, адамдары ерек еді, заттары сапалы, үлкендері баталы еді», – дейді. Б.э.д. V ғасырдың өзінде даңқты ойшыл Сократ «Бүгінгі жастар молшылыққа үйренген. Олар жаман өнегемен көзге түседі, беделділерді жақтырмайды. Балалар ата-аналарымен дауласады, асты қомағайлана жұтады және мұғалімдерді титықтатады», – деп айтқан екен. Ф.Достоевскийдің 1866 жылы жарық көрген «Қылмыс пен жаза» атты әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-философиялық романындағы кейіпкер Аркадий Свидригайловтың: «Халық маскүнемдікке салынды, білімді жастар әрекетсіздігінен орындалмайтын түстер мен қиялдарға берілді, теориялар да ажарсызданды, қайдан екені белгісіз ақшаны тығатын, ал қалғанын азғындыққа жұмсайтын жидтер қаптап кетті», – дейді. Мұндай мысалдар өте көп. Мәселен, үлкен ақсақалдардың «Заманның түзу кезінде...» деп сөз бастайтынын естіген боларсыз. Дегенмен тарихтан ол заманның өте қиын да ауыр болғанын оқимыз. «Бұрынғы шалдар айтқыш еді, батыр еді, ал қазіргі жастар...» деп сөйлейтін үлкендерді де жиі кездестіреміз. Мұның барлығы зоолог Конрад Лоренц ашқан «үйрек синдромын» еске түсіреді. ХХ ғасырдың басында Конрад қаз балапандарына бірқатар тәжірибе жүргізіп, импринтинг деп аталатын құбылысты тапты. Лоренц егер балапан өмір есігін ашқаннан кейінгі алғашқы 12-17 сағатта қаздың орнына кез келген қозғалатын затты көрсе, оны анасы деп қателесетінін байқады. Тіпті, балапандар жансыз ро-ботты, допты немесе резеңке үйректі көрсе де «анам» деп тануы ғажап емес. Ал нағыз үйрек анасы қанша шақырғанымен балапан жауап бермейді, өйткені оның миында анасы доп немесе резеңке үйрек. Басқа ғалымдар да импринтингтің әсерін растады. Мұның жастарды сынауға қандай қатысы бар дерсіз. Иә, үлкендер жастарға әркез сын айтқан, мін таққан. Бұл ескілікті аңсау ма, әлде сол ескі ғұмырдағы жағымды естеліктерге деген сағыныш қана ма? Мысалы, Совет дәуірін көрген адамдардың көбі «ең дәмді балмұздақ «ақ пломбир» екеніне сенімді, ал оның алғашқы «Ладасы» – ең жақсы көлік. Бір зерттеуде адамдарға бір картинаны 1905 жылы, екіншісін 2005 жылы салғанын айтып, екеуін бағалауға ұсыныпты. Қатысушылардың барлығы дерлік «ең жақсы картина» деп ескі жұмысты таңдаған екен. Демек, белгілі бір қалыпты тіршілікке еті үйренген адам сол таптаурын тірлігімен ғұмыр кеше беруге бейіл. Ал үлкендердің жастарға сенімсіздігін жаңа заманның құндылықтарын қабылдай алмауы, өз заманындағы алғашқы әсерлерді аңсауы деп те қорытынды шығаруға болатындай.
Ал енді «бүгінгі жастар қандай?» деген сауалға ойыссақ. Иә, әр буын өз заманында «бүгінгі жастар» туралы түрлі пікір айтқан. Дегенмен ХХІ ғасыр жастары – бұрынғыдан өзгеше. Бүгінгі жастар – цифрлы дәуірдің ұрпағы. Олар еркін ойлайды, батыл шешім қабылдайды, әлемдік трендтерді тез меңгереді. Заманауи технологияға бейім, жаңашыл бағыттарға құмар. Интернет пен әлеуметтік желі арқылы кез келген ақпаратты шұғыл қабылдап, өз ойын ашық жеткізе алады. Алайда бұл артықшылықтармен бірге белгілі бір қауіптер де қатар жүреді. Мәселен, цифрлық тәуелділік, жалған ақпараттың ықпалы, желі арқылы манипуляцияға ұрыну, жалғыздық сезімі, психологиялық тұрақсыздық мәселелері жастар арасында жиі кездесіп отыр. Сонымен бірге жұмыссыздық, баспана, білім мен мансапқа қатысты өзекті проблемалар да алаңдатады.
Осы ретте бүгінгі жастар жалпы картинасын көз алдымызға келтіру үшін Қазақстандағы жастардың жағдайын жүйелі түрде зерттейтін негізгі мекемелердің бірі – «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының деректеріне назар аударып көруге болады. Орталық жастардың демографиясы, денсаулығы, білім деңгейі, құндылықтары және қоғамдық-саяси қатысуы сияқты салаларда іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Олардың «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы жастардың өмір сүру жағдайларын кешенді түрде талдайды. Жуырда орталық 2024 жылғы зерттеу қорытындысын жариялады. Зерттеуде сауалнама арқылы жаппай сауал, респондентпен жеке сұхбат және сарапшымен сұхбат әдісі сияқты ақпарат жинау мен талдаудың сандық және сапалық әдістері негізінде 14 пен 35 жас арасындағы 2000-дай жастан жаппай сауалнама алу әдісі қолданылған, яғни «face-to-face».
Жастарды не алаңдатады?
Жалпы, жастарды не алаңдатады дегенге зерттеу мынандай статистика ұсынып отыр. Қазір жастарды алаңдатып отырған 3 маңызды жағдай келесілер: өзінің материалдық жағдайына алаңдаушылық (28,1%), өз өмірі мен жақындары өмірі үшін алаңдаушылық (27,3%), жұмысқа орналасу мәселесі (18,7%). Сол сияқты қатысушылардың 16,6%-ын елдегі сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейі мазаласа, 15,9%-ы ішкі және сыртқы саяси ахуалдың тұрақсыздығына алаңдайды. 14,1%-дан 14,7%-ға дейінгі жастарды бәрінен бұрын жұмыссыз қалу, оқудағы проблемалар, тұрғын үйдің болмауы немесе нашар өмір сүру жағдайлары, өзінің өмірге бейімделе алмауы көбірек алаңдатады. Тұтастай алғанда сауалға қатысқан жастар, өзіндік мәселеден болашақ балаларына қатысты мәселеге дейін өздерін алаңдататын түрлі себептерді көрсетті. Тек 11,2%-ы өз өмірлерінде оларды ештеңе алаңдатпайтынын жеткізген. Елді мекен типіне қарай корреляцияда ауылдық елді мекен респонденттерін қалалықтарға қарағанда жұмысқа орналасу (23,0%, қала – 16,0%), жұмыс орнынан айрылу (15,6%, қала – 13,1%), тұрғын үйдің болмауы немесе нашар өмір сүру жағдайлары (15,5%, қала – 13,5%), қарыз, несие төлеу мүмкіндігінің болмауы (12,5%, қала – 7,4%) көбірек мазалайды. Бұл жерде қала респонденттері материалдық ресурстар, өз өмірі мен жақындары өміріне алаңдаушылыққа жиі мазасызданып отыр (тиісінше 29,5% бен 28,5% ).
Жастардың әлеуметтік көңіл күйіне келсек, әлеуметтік-экономикалық жайлылық – жастар өмірінің маңызды аспектісі, ол жасөспірім кезден-ақ жеке өмір сүру бейнесі, дағдысы мен жеке мінездемесі арқылы қалыптаса бастайды. Бүгінгі күн адам бәсекелестіктің жоғары күйінде ғұмыр кешеді, бұл ортада білім мен кәсіби дағдылар ғана емес, қарым-қатынастағы, бейімделудегі қабілеттіліктің жоғары деңгейі, креативтілік, сыни ойлау және басқа да soft skills маңызды. Сауал нәтижелеріне сәйкес респонденттердің басым көпшілігі өз өмірлеріне риза, яғни, 73,4% «көңілім толады деуге болады» яки «толықтай көңілім толады» десе, ал ширек бөлігі өз өміріне риза емес: 24,2% «көңілім толмайды» немесе «мүлдем көңілім толмайды» деген.
Аймақтық тұрғыдан алғанда өз өмірлеріне көңілі толмайтын респонденттер Маңғыстау (54,3%), Ақтөбе (42,0%), Алматы (39,9%), Жамбыл (34,9%) облыстары мен Астана (33,9%) қаласында тұрады. Өз өмірлеріне барынша көңілі толатын респонденттер – Ұлытау (100%), Абай (98,1%) және Қызылорда (91,8%) облыстарының жастары. Сауалнамаға қатысушылардың 39,3%-ы өз болашақтарына алаңдамайды, 33,5%-ы өз кезегінде өз болашақтарына сенімді және оған оптимизммен қарайды. 19,2% респонденттер өз болашағына алаңдаулы және оған үреймен, қауіппен қарайды. Сұралғандардың 6,9%-ы өз болашағына бейжай. Ал 1,3%-ы жауап беруге қиналған.
Жастар қандай құндылыққа иек артады?
Мемлекеттің жалпы бейнесін қалыптастыру мен оның дамуын анықтауда құндылықтар бағыт-бағдары маңызды орын алады. Әсіресе, жастар құндылықтарын ескеру маңызды, өйткені жастар қоғамның мейлінше белсенді де динамикалық бөлігін құрайды. Жастар құндылықтары әдетте ағымдағы әлеуметтік-мәдени трендтерді, олардың әділеттілікке, еркіндікке, теңдікке, экологиялық жауапкершілік пен толеранттылыққа көзқарасын білдіреді. Бұл аспектілер олардың таңдауы мен мінез-құлқын анықтап қана қоймайды, сонымен қатар елдегі әлеуметтік және саяси ахуалға ықпал етеді. Жастар құндылықтарының бағыт-бағдарын түсіну мемлекетке қоғам сұранысы мен ағымдағы талаптарға қатысты өз саясатын бейімдеу мен даму стратегиясын анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстандық жастар түрлі жастағы ұрпақтардан тұрады, олардың әрқайсысы өзіндік ықпал мен трансформацияны бастан кешірді. 1980 жылдар басы мен 1990 жылдар ортасында дүниеге келген Y-ұрпақ (миллениалдар) айтарлықтай өзгерістер кезеңінде өсті. Оның ішінде КСРО-ның ыдырауы, нарықтық экономикаға көшу мен Интернет сияқты жаңа технологиялар дамуы болды. 1990 жылдар ортасы мен 2000 жылдар басында дүниеге келген Z-ұрпақ (постмиллениалдар немесе Gen Z) өз кезегінде жаһандануды, интернет пен әлеуметтік желілердің тез дамуын бастан кешірді, бұл олардың әлеуметтік-мәдени және ақпараттық ортасын едәуір өзгертті. Тарихи және әлеуметтік-мәдени контекстегі бұл айырмашылықтар Қазақстан жастары арасында түрлі құндылық бағыттардың, дүниетаным мен мінез-құлық модельдері қалыптасуына әкелді. Сонымен бірге географиялық орналасу жағдайын, тарихи оқиғаларды, ірі мемлекеттер ықпалы мен мемлекеттің көп векторлы саясатын ескерсек, жастардың құндылық бағыт-бағдары радикалды ауытқусыз және айтарлықтай бейтарап болып саналады.
Зерттеу нәтижелерін өткен жылдар нәтижелерімен салыстыру айтарлықтай өзгерістер жоқтығын көрсетті. Қазақстандық жастар үшін отбасы (80,1%) мен денсаулық (63,0%) бұрынғыдай маңызды. 2024 жылғы сауал нәтижелері бойынша достық құндылығы үшіншіден төртіншіге төмендесе де, осы құндылықты таңдағандар үлесі 32,3% (2023 ж.) пайыздан 34,9%-ке дейін өскен екен. Өткен жылғы сауал нәтижелері бойынша жастар үшін мейлінше маңызды құндылық ретінде үшінші орынды өмірді материалдық қамтамасыз ету алды, көрсеткіш – 42,4%, бұл 2023 жылғы сауалда осы нұсқаны таңдаған респонденттер санынан едәуір көп (7,2% – 2023 жылы). Жалпы алғанда 2023 жылмен салыстырғанда шығармашылықтан (3,5%, 1,6 пайызға аз) басқа пункттер бойынша респонденттер үлесі өсті. Өсу, әсіресе, махаббат (21,6%, 11,7 пайызға көп), білім мен ағарту (25,2%, 19,5 пайызға көп), өз-өзін таныту мен өзін құрметтеу (21,6%, 16,8%-ға көп), көңіл көтеру мен рақат алу мүмкіндігін алу (14,3%, 9,8 пайызға көп), қызық жұмыс және мамандық (22,1%, 19,2 пайызға көп) болған.
Жас топтарына қарай алғанда ең жас топ респонденттерінің өзге топтармен салыстырғанда спортшыларға 14-18 жастағылар 10,7%, 19-23 жастағылар – 6,2%, 24-28 жастағылар – 6,7%, 29-34 жастағылар – 5,8%, блогер, вайнер және тиктокерларға 14-18 жас тобы – 15,3%, 19-23 жас тобы – 8,6%, 24-28 жас тобы – 7,9%, 29-34 жас тобы – 8,1% көбірек сенім білдіретінін атап кеткен жөн. Сол сияқты дәрігерлерге де көбірек сенім білдіргендер – сауалға қатысушы 14-18 жас тобы (15,7%) мен 19-23 жас тобы (16,9%), ал 24-28 бен 29-34 жас топтарында дәрігерге сенім білдіргендер тиісінше тек 10,6% бен 11,9% болды. Жалпы алғанда, респонденттер есейген сайын кімге болса да сенушілер азая түседі, сауалға қатысушы 29-34 жас тобының 34,9%-ы ешкімге сенбейді екен.
Денсаулық, спорт, кітап
«Бірінші байлық – денсаулық» деген қазақ даналығымен алдымен жастардың денсаулыққа, спортқа көзқарасын анықтап көрелік. Зерттеуде жастар денсаулығына қатысты негізгі мәселелер қаралып, оның ішінде физикалық және менталдық денсаулықтың жалпы жағдайы, репродуктивті денсаулық, Жастар денсаулық орталықтары туралы хабардар болушылық пен спортқа қатынас зерттелген.
Денсаулыққа қатысты мәселелерді бағалауда спортқа аз көңіл бөлетін респонденттердің 20,6%-ы мазасызданатынын, олар жағдайды өзгертуді қалайтынын айтса, 12,4%-ы болса мәселеге байланысты ешқандай әрекет жасауды ойлап отырған жоқ, ал 15,2%-ы бұл мәселенің өз өмірінде бар екенін түсінсе де, оларды бұл мәселе мүлдем мазаламайды екен. Зиянды дағдылар мен тәуелділікке келсек, респонденттердің көпшілігі алкоголь, темекі, есірткі пайдалану және құмар ойындарға қатысуға байланысты өздерінде проблема жоқ екенін мәлімдеген (84,9% бен 94,6% жастарда мұндай проблема жоқ).
Өздерінің физикалық және менталды денсаулығын сақтау үшін жас респонденттер тұрақты түрде немесе белгілі уақыттан соң медициналық тексеруден өтіп тұрады (65,5%), аурудың алғашқы белгілері байқалғанда дәрігерге қаралады (67,1%) немесе үй жағдайында өздері дербес емделе бастайды (60,4%). Сонымен қатар респонденттердің 59,5%-ы тұрақты түрде немесе белгілі уақытта өз тамақтануына мұқият болса, 63,7%-ы ұйқы мен сергектік режімін сақтауға тырысады, 75,5%-ы уақытты таза ауада өткізгісі келеді. Респонденттердің 72,7%-ы еш уақытта психотерапияда болмағанын атап өтуге болады. Сауалға қатысқандардың 69,6%-ы еш уақытта халық емшілеріне қаралмаған.
Әр аймақта спорт инфроқұрылымын дамыту, салауатты өмір салты мен белсенді спорттық жаттығулармен айналысуды насихаттау, ілгері жылжыту өзекті мәселе болып қалуда. Кедергілерге келсек, сауал нәтижелеріне сәйкес жас респонденттердің 36,2%-ы спортпен айналысуға мүмкіндік бермей тұрған басты кедергі еріншектік деп санайды. Ал ширек бөлігі уақыт жетіспеушілігін айтты. Одан сәл аз бөлігі (24,9%) спортпен айналысуға жастарға қаржы жетіспейтінін көрсетті, 24,4%-ы мотивацияның жоқтығын атаған. 19,4%-ы үшін кедергі шаршау, ал 19,0%-ы үшін жуық жерде жаттығу нысандарының жоқтығы. Сауалға қатысушылардың 10,7%-ы нашар инфроқұрылым мен денсаулықтың нашар күйін атады. 10,2% респонденттер пікірінше жастар жаттықтырушылар мен секциялар болмағандықтан спортпен айналыса алмай отыр. 16,4% респонденттер пікірінше жастардың спортпен айналысуына кедергі болатындай ерекше себептер жоқ.
Цифрлық дәуірде жастардың кітаптан алшақтап, әлеуметтік желілерге тәуелділігі артып бара жатқаны аян. Елімізде барынша танымал мессенджер WhatsApp (89,4%), екінші орында – Instagram (79,8%), үшінші орында – TikTok (63,9%). Интернетте респонденттер көбіне ақпараттық контент (69,2%) пен көңіл көтеру контентін (60,6%) жиі қарайды. Сауал нәтижелері бойынша 32,4% респонденттер кітап оқымайды. Кітап оқитындар арасында мейлінше танымал классикалық (20,3%) және қазіргі романдар (19,1%). Оқитындар арасында ерлерге қарағанда әйелдер көп. Тұтыну мәдениетіне қатысты жастардың жария, ақылыдан гөрі тегін платформаларды пайдалануға басымдық беретіні байқалады. Бұл ретте жастардың отандық видеоөнімдерді айтарлықтай жиі қарайтынын айта кеткен жөн. Сонымен бірге кітап оқу ақпарат тұтынудың, әсіресе ерлер арасында кең танымал түрі еместігіне көңіл аударған жөн.
Қазақстан – жас мемлекет, халқының орта жасы 2023 жылы 32 жасты құрады. 2023 жылдың қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы ағымдағы осы демографиялық үрдісті бәсекелестік басымдыққа айналдыру қажеттігін атап өткен болатын. 2023 жылы жастардың жас ерекшелігі 35 жасқа дейін деп белгіленген еді, нәтижесінде жастар саны елде 5,7 миллион адамнан асты. Бүгінде еліміздегі әрбір үшінші адам – жас азамат. Қазақстан халқының шамамен 25%-ын 14 пен 29 жас аралығындағы жастар құрайды. Бұл сандық көрсеткіш еліміздің болашағы жастардың қолында екенін айғақтайды. Мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан қолдаулар да аз емес. Қазақстанда жастар саясатының негізі қаланып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастардың білім алуына, кәсіп бастауына, мәдени дамуына жағдай жасалып келеді. Жастарды қолдаудың нақты тетіктеріне «Жастар практикасы», «Бастау Бизнес», Zhas Project сияқты жобалар, білім гранттарының ұлғаюы, жатақханалар салу, NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар, Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарын қолдау секілді жобалар бар.
Алайда жастарға тек қолдау көрсету жеткіліксіз. Олардың пікіріне құлақ түру, бастамаларын қолдау, сыни ойлауын дамыту – басты міндет. Жастарға сенім артылған қоғам ғана жаңарып, жаңғыра алады. Бұған жоғарыда келтірген зерттеудегі мысалдар дәлел. Ахмет Байтұрсынұлы айтқан «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын?» деген сөз де өзекті. Жастар – қоғамның қозғаушысы ғана емес, болашақтың да кепілі. Олардың мүмкіндігін дер кезінде танып, қолдай білсек, мемлекетіміздің келешегі кемел, рухы биік болары сөзсіз.
Наурызбек САРША