«Ауыл тұрғындары үшін аса маңызды оқиға»: Жетісу облысындағы 2 ауылда дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді

13 маусым, 2025 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Жетісу облысына қарасты Ескелді және Көксу аудандарында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жаңа денсаулық сақтау нысандары ашылды. Тұрғындар игілігіне берілген жаңа нысандар ауылдық жерлердегі медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.

Осылайша, Ескелді ауданына қарасты Шымыр ауылында 2 129 тұрғынға арналған жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін аса маңызды оқиға. Себебі бұған дейін азаматтар медициналық қызмет алу үшін аудан орталығына немесе жақын елді мекендерге қатынауға мәжбүр еді. Енді олар алғашқы медициналық-санитариялық көмек, шұғыл және кезек күттірмейтін жәрдем, зертханалық диагностика, сондай-ақ профилактикалық екпе егу қызметтерін өз ауылында ала алады.

Нысанның ашылу салтанатына қатысқан Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов медициналық инфрақұрылымды дамытудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын арттыру арқылы тұрғындардың денсаулығын жақсарту көзделуде.

Ал Көксу ауданы Қызылтоған ауылында 430 тұрғынға негізделген фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Онда ауыл тұрғындарына екі орта буын медицина қызметкері көмек көрсетеді. Сонымен қатар аптасына бір-екі мәрте амбулаториядан дәрігер келіп, науқастарды қабылдайды. Бұл қадам ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылауда ұстауға және ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.

«Бүгінде Көксу ауданы аумағында медицина саласындағы 30 ұйым жұмыс істейді. Кейінгі екі жылда осы ауданға қарасты Еңбекшіқазақ, Ақшатоған, Ақтекше, 10 жылдық Қазақстан, Мәулімбай, Мұқаншы, Айнабұлақ, Кеңарал және Мұқыры ауылдарында бірқатар медициналық пункт пен амбулатория іске қосылды. Бұл – біздің ауданымыз үшін үлкен жетістік», – деді «AMANAT» партиясы Көксу аудандық филиалының төрағасы Мәлік Бейсенов.

Фельдшерлік-акушерлік пункте негізінен санитариялық-медициналық алғашқы көмек көрсету, аурулардың алдын алу, скринингтік бағдарламаларды жүзеге асыру, жүкті әйелдер мен балаларға патронаж жасау және екпе егу сынды жұмыстар жүргізіледі.

 

 

Тэгтер:

Жетісу облысы дәрігерлік амбулатория