АҚШ ғалымдарының ауқымды зерттеуі: Бесік жырының қуатты құрал екені анықталды

11 маусым, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жаңа психологиялық зерттеу нәрестелерге ән айтып берудің қуатты әсері бар екенін растады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі ата-аналар жұбату, көңілін көтеру немесе байланыс орнату мақсатында сәбилеріне күн сайын ән айтады. Бұл – табиғи инстинкт. Алайда осы әдеттің нәрестенің эмоционалды әл-ауқатына ұзақ мерзімді пайдасы бар ма? Child Development журналында жарияланған жаңа зерттеу осы сұраққа жауап береді.

Йель университетінің Балалар зерттеу орталығының докторанты Юн Чо бастаған ғалымдар тобы жүргізген зерттеу барысында ата-аналарға балаға жиі ән айту ұсынылған. Нәтижесінде, сәбилердің көңіл күйі тұрақты түрде жақсарғаны байқалды. Бұл оң өзгерістер интервенция аяқталғаннан кейін де сақталған.

Бұған дейінгі зерттеулер ән айту сәбиді сөйлеуге қарағанда жақсырақ жұбататынын, күйзеліс деңгейін төмендететінін, тіпті физиологиялық көрсеткіштерге әсер ететінін көрсеткен. Алайда, бұл зерттеулер көбінесе қысқа мерзімді нәтижелерге сүйенген. Жаңа жұмыс ән айтудың жинақталып әсер ететінін, яғни бірнеше апта бойы жүйелі түрде ән айту сәбидің жалпы эмоционалды жағдайын жақсартатынын дәлелдейді.

Сәбилерге ән айту неге ерекше әсер етеді?

– «Ата-аналар сәбиіне ән айтқанда, бұл сәбидің назарын аударып, оның көңіл күйі мен физиологиялық белсенділігін реттейді. Тіпті ән айту сөйлеуге қарағанда әсерлі болуы мүмкін. Сәбилер музыка тыңдағанда тынышталып, зейінін ұзақ сақтайды», – дейді зерттеу авторы Юн Чо.

Тағы бір қызықты дерек: әннің таныс не бейтаныс болуы маңызды емес. Басқа мәдениеттердің бесік жырлары немесе бөтен тілдегі әуендер де сәбилерді тыныштандырады. Яғни музыка – әмбебап құрал.

Ата-анаға қандай пайдасы бар?

Зерттеу сәбилердің көңіл күйі жақсарғанын анық көрсеткенімен, ата-аналардың эмоционалды жағдайында айтарлықтай өзгеріс байқалмаған. Дегенмен, бұған дейінгі зерттеулер музыка ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтып, кей жағдайларда ата-ананың да көңіл күйін көтеретінін көрсеткен.

Сәбиге жиі ән айту – тек махаббат пен жақындықты білдіру ғана емес, оның эмоционалды дамуына тікелей әсер ететін тиімді тәсіл. Бұл қарапайым әрі кез келген ата-анаға қолжетімді. Ән – сөзсіз махаббаттың тілі, ал бұл тіл баланың өмірлік денсаулығы мен қуанышына негіз қалайды.

Тэгтер:

Бала сәби зерттеу ғалымдар АҚШ құрал қуатты құрал бесік жыры