Ресейдің Пермь қаласында өткен Азия саяси партиялары халықаралық конференциясы (АСПХК) Тұрақты комитетінің 43-отырысы аясындағы қоғамдық-саяси тыңдауларға Қазақстан делегациясы қатысты. Делегацияны «AMANAT» партиясының Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов бастап барды.
Іс-шараны «Единая Россия» партиясының қолдауымен Азия саяси партиялары халықаралық конференциясы ұйымдастырды. Форумға ТМД, ШЫҰ, АСЕАН және басқа да аймақтық бірлестіктерден 300-ден астам делегат – саяси партиялар, парламенттер мен сарапшылық қауым өкілдері жиналды. Жиынның басты тақырыптары – Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік, гуманитарлық және жастар ынтымақтастығын кеңейту, сондай-ақ партияаралық диалогты дамыту болды.
Пленарлық отырыс пен тақырыптық пікірталастарда саясат, құқық, экономика және гуманитарлық саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Қазақстандық делегация гуманитарлық бағыттағы пікір алмасуға белсенді атсалысып, Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуы үшін жастар мен мәдени бастамалардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының жетекшісі Мәди Оспанов гуманитарлық бағыт халықаралық ынтымақтастықтың жүйеқұраушы элементіне айналуға тиіс екенін айтты. Ол Еуразия кеңістігінде жастар мен мәдени байланыстарды күшейту маңызды екенін айтты, себебі бұл – өзара бір-біріне сенім артуға, сөйлесуге және бейбіт өмір сүруге жол ашады.
«Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықта шекара болмайды. Бұл – қарудың емес, рухтың, идеяның және өзара құрметтің күші бағаланатын әлемді қалыптастыратын келісім. Біз өркениеттік тұрғыдан бірегей аймақта өмір сүріп отырмыз. Мұнда мәдениеттер диалогы әрдайым тұрақты даму мен татулықтың негізі болып келеді. Қазақстан жастар мен академиялық алмасуды, партияаралық әріптестікті дамыту және өзара сенім қағидаттарын ілгерілету бастамаларын әрдайым қолдайды», – деді ол.
Сонымен қатар «AMANAT» партиясының парламенттік дипломатия, жастар ұйымдары және волонтерлік жобалар аясындағы бастамалары таныстырылды. Мәселен, былтыр Алматы облысында ШЫҰ аясында халықаралық саяси жастар лагері ұйымдастырылды. «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен халықаралық эко-волонтерлер штабы құрылды. Партия депутаттары ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, Түркі мемлекеттерінің Ассамблеясы (ТүркПА) және Халықаралық Парламенттік Одақ сияқты құрылымдармен тығыз әріптестік байланыс орнатқан.
Жиын соңында Азия саяси партиялары халықаралық конференциясы Тұрақты комитетінің отырысы өтті. Оған да «AMANAT» партиясының өкілдері қатысып, қазіргі геосаяси жағдай мен халықаралық сын-қатерлер аясында Азия және Еуразия партиялары арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалды.
«AMANAT» партиясы өзара құрметке, қолдауға және сындарлы ұстанымға негізделген тең құқықты халықаралық диалогты жүйелі түрде жақтайды. Мұндай халықаралық алаңдарға қатысу – Қазақстанның өңірлік әріптестік пен орнықты даму қағидаттарына берік екенінің көрінісі.
Айта кетейік, биыл Азия саяси партиялары халықаралық конференциясының (ICAPP) құрылғанына 25 жыл толып отыр. Аталған ұйым 2000 жылы Филиппин астанасы Манилада құрылып, Азия мен Мұхит аймағы елдерінің саяси партияларын біріктіретін басты диалог алаңына айналды. ICAPP бүгінде Латын Америкасы, Африка және басқа да өңірлердегі серіктес құрылымдармен тығыз байланыс орнатқан.
«AMANAT» партиясы Азия саяси партиялары халықаралық конференциясы Тұрақты комитетінің мүшесі ретінде 2008 жылдан бері атсалысып келеді. 2009 жылы Астанада Азия саяси партиялары халықаралық конференциясының 5-ші Бас ассамблеясы және Тұрақты комитеттің 10-отырысы өткен болатын.