Елімізде 3 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады – Министрлік

9 маусым, 2025 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ 3000-нан астам ауылды интернетке қосу туралы инвестициялық келісім жасасты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қол қойылған мәміленің арқасында талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасын іске асыру жоспардан бір жыл ерте – 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал шалғай аудандардағы байланыс 2027 жылдың соңына дейін жерсеріктік байланыс арналарымен қамтамасыз етілмек.

Осылайша, жоба 2027 жылдың соңына қарай елдегі ауылдардың 99%-ын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Енді таяу арада мектеп, аурухана, әкімшілік ғимарат, бюджеттік ұйымдар, сондай-ақ қоғамдық кіру нүктелері мен мемлекеттік шекаралардағы 40-тан астам өткізу бекеттері желіге қол жеткізе алады. Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық (88%) және жерсеріктік арналар (12%) арқылы желіге қосады.

Жобаға құйылған инвестициялардың жалпы көлемі 239 млрд теңгеден асады – бюджеттен тыс қаражат. Бұл «Қазақтелеком» АҚ ірі телекоммуникациялық инфрақұрылымын пайдаланудың арқасында мүмкін болды.

 Сондай-ақ, ауылдық жерлерде ұялы байланыс базалық станциялары үшін инфрақұрылым күшейтілмек. Бұл нысандарға дейін жеткізіп талшықты-оптикалық желіні төсеу мобильді интернет пен байланыстың сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

«Біз өңірлерді дамытуға тең жағдай жасайтын цифрлық іргетас қалап жатырмыз. Міндетіміз – ауылдарды интернетке қосумен қатар, елді мекендерді елдің цифрлық экожүйесіне енгізу. Бұл – білім алу, медицина, мемлекеттік қызметтерге тең дәрежеде қолжеткізудің негізі. Инфрақұрылым тұрақты және ашық түрде жұмыс істегенде, шағын бизнес, ауыл мектептері мен жастарға арналған жаңа кәсіптік бағыттарды дамытуға жол ашады», – деді Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

  «Ең бастысы – білім алу, өзін-өзі дамыту мен заманауи технологияларды пайдалануда  ауылдағы бала мен қаладағы баланың мүмкіндіктері тең дәрежеде болуы тиіс. Біз цифрлық теңсіздікті жоюды еліміздің түпкір-түпкірінен, шалғай жатқан ауылдардан бастадық. Интернетке қол жеткізу – көптен бері сән болудан қалды, бұл халықаралық деңгейде, оның ішінде БҰҰ мен еліміздің Президенті мәлімдегендей, негізгі қажеттілік», – Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы.

Өз елді мекеніңіздің интернетке қосылу техникалық мүмкіндігін telecom.kz/ru/auylonline   сайтынан тексеруге болады.

Тэгтер:

ауылдар жоғары жылдамдықты интернет ауылдағы интернет