Қазақстан мен Болгария президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Бүгін, 14:03 / Алуа Арман
Ақорда

Қазақстан Президенті атап өткендей, Румен Радевтің елімізге үлкен делегацияны бастап келуі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді. 

Мемлекет басшысы тауар айналымының тұрақты өсіп келе жатқанын, сондай-ақ оны ұлғайтуға мол әлеует бар екенін айтты. Статистикаға сәйкес, биылғы төрт айда өзара сауда-саттық көлемі 83 миллион доллардан асты, ал былтыр бұл көрсеткіш төрт есе артып, 375 миллион долларға жеткен.

– Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруға және энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен туризм салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бейіл, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент болгар компанияларымен, инвесторларымен өзара ықпалдастықты қолдайтынын жеткізіп, бұл ретте Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия негізгі рөл атқаратынына тоқталды.

Румен Радев қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Болгария мен Қазақстанның санқырлы ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік мол екенін атап өтті.

– Болгария Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктесі санайды. Табыстың кілті – ықпалдастықта. Екі ел, сондай-ақ Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуда мемлекеттеріміздің стратегиялық тұрғыдан орналасуына арқа сүйеуіміз қажет. Бұл Азия мен Еуропаны байланыстыруда маңызды рөл атқарады, – деді Румен Радев.

Келіссөз барысында екіжақты күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланды. 

Тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға және қазақ-болгар қарым-қатынастарын дамытуға ықпал ететін жаңа бастамаларды жүзеге асыру ниетін растады.

Келіссөздерден кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен мынадай құжаттарды алмасу рәсімі өтті: 

1. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Болгария Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандум; 

2. Астана мен София қалалары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

3. Шымкент және Пловдив қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум; 

4. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Болгария Республикасының Сыртқы істер министрлігі Дипломатия институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; 

5. «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Болгарияның сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

Тэгтер:

Президент Келіссөз Болгария