БҚО-да өзеннен 300-ден астам киіктің өлексесі шығарылды

Бүгін, 01:12 / Нұрлан Әлинұр
Фото: "Бөкейорда" табиғи резерваты

Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы аумағында Сарыөзенде өлген киіктен тазарту жұмыстары жүргізілді.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың мәлім еткеніндей, кеше Сарыөзенде киік өлекселері қалқып жүргені жөнінде хабар түскеннен кейін оқиға орнына «Бөкейорда» табиғи резерватының қызметкерлері автокөліктерімен барды.

— Олар Қараоба ауылдық округ әкімдігі және аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерлерімен бірге өзеннен 308 киік өлексесін алып шықты. Бұлардың барлығы да — ақбөкеннің биылғы төлдері. Биіктігі 40-50 сантиметрдей жырадан шыға алмай қалған. Содан кейін киік өлекселері ауылдық округтегі мал моласында алгоритмге сай өртеу әдісімен жойылып, хаттама толтырылды, — деді Н.Рахымжанов.

Инспекция басшысы осы тұста кезекшілік неге қойылмайды деген әңгіменің бар екендігін жеткізді. Оның айтуынша, киік бір ғана жерден өтпейді, өзеннің барлық бойында кезекшілік қою мүмкін емес. Екіншіден, оншақты күннен кейін киіктің құралайлары өскеннен соң судан өте беретін болады.