«Қазақта қыз қуу болмаған»: Этнограф ұлттық ойындағы өрескел қателікті айтты

7 маусым, 2025 / Нұрлан Әлинұр
Дереккөз

Этнограф Баяхмет Жұмабайұлы қыз қуу ұлттық ойынының едәуір өзгеріске ұшырағанын мәлімдеді.

Бұл туралы ол Ахметбек Нұрсилаға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz Caravan.kz-ке сілтеме жасап.

«Бірнеше жыл алдын Қазақстанда қыз қуу болып жатты. Сонда қызды жігіт қуып бара жатыр. Қазақ дәстүрінде ондай болмаған. Әйел адамды құрметтейді. Ол — ойын. Қыз жігітті қуады, басынан ақырын ғана қамшы үйіреді, арқасынан ақырын сипап, қамшыны қағады. Жігіт адам қызды қуатын болса, ол — намыс. Негізі «Қыз қуар» дейді. Мұның дәлелін мен 10-15 мың жыл бұрын сызылған жартастардағы суреттерде, сақтардан, ғұндардан келе жатқан дүниеде тұр», — дейді ол.

Сондай-ақ, жазушы, этнограф ғалым бүгінде ұлттық оюлардың ретсіз қолданылып жүргенін де тілге тиек етті.

«Жалпы менің жиғанымда 500 түрлі ою-өрнек бар. Бірақ, соның 300-нің нақты мәліметі бар, 200-нің аты бар, бірақ заты жоқ. Әрбір өрнек қазақтың тілі, жазуы дейтініміз осыдан. Қазіргі ең үлкен кемшілік бізде бас киімге салатын ою-өрнекті аяқ киімге салып, аяқ киімге салатынды киімге салып жатқан, сырмаққа салатын ою-өрнекті тұскиізге салып жатқан шатастырулар бар. Оның бәрінің өз орны бар. Соны біз таба алмай отырмыз», — дейді Баяхмет Жұмабайұлы.