Бұрын психологқа бару ұят саналатын болса, бүгін қажеттілікке айналды. Мұны сауатты мамандардың жетіспеушілігі мен оларға сұраныстың көптігінен байқаймыз. Сондай-ақ заманауи қоғамда отбасы институтының берік болуы әрбір адамның психологиялық денсаулығына тікелей байланысты болып отыр. Осы орайда біз ересек адам, неке, отбасы мәселелері бойынша маңызды сұрақтарды психоаналитик Анна Құдияроваға қойған болатынбыз.
Құмалақшыға баратындар көп
– Ең алғашқы сауалымызды кәсіби білімі бар психологтарға келетін клиенттер көп пе деген сауалдан бастасақ бастасақ.
– Адам қай жерде өмірге келсе де, нәсіліне, ұлтына, жынысына, жасына қарамастан, ауырдың үсті, жеңілдің астымен өмір сүргісі келеді. Өйткені сәби өмірге келген сәттен бастап ол үшін бәрін үлкендер жасайды. Қарны ашса емізеді, ауырса дәрі береді, «кәк» етсе жөргегін ауыстырады. Осындайға үйренген бала өскенде де солай болғанын қалап тұрады. Алайда өмірде олай болмайды. Біздің қоғамда осы түсінікпен өмір сүретіндер, жасы жер ортасына келсе де айналасынан, мемлекеттен, қоғамнан бірдеңе күтетіндер көп. Сондықтан болар, психологтарға баратындарға қарағанда балгер, құмалақшы, көріпкел аралайтындар жүз есе көп шығар. Ал кәсіби психолог, психоаналитиктерге баратындар саны аз. Алайда бізге өмірін өзгертем деп шешім қабылдаған ересек тұлғалардың келетіні қуантады. Балгер, құмалақшы, инфосығанды іздейтіндер әлі бала көзқарасындағылар. Мысалы, экстрасенс «Маған бір рет қана келесің, 300 мың теңге бересің. Сосын бақытқа жетесің», «Күйеуіңді қайтарып беремін», «Нашақор балаңды емдеп беремін» дейді. Аяқ асты бәрі өзгеріп кетеді деп ойлайтындар осындай шарлатандарға сенеді. Мұндай жандар бізден де осындай сиқырлы таяқшаны күтеді.
Жақында маған 37 жастағы нашақор, лудоман жігіттің ата-анасы хабарласты. «Не сұрасаңыз да берейін, осы баламды емдеп беріңізші» деді. Ең алдымен, ол жігіт өзінің қалауымен келуі керек. Екіншіден, адамды аз уақытта өзгерту мүмкін емес. Оған жылдар қажет. «Мен балаңызбен танысайын, сөйлесейін. 3-4 жылда жақсы жаққа өзгерсе, сол үлкен жетістік» дедім. Шындық осы. Алайда тез нәтижеге жеткісі келетіндер бізді іздемейді. Тұлға ретінде қалыптасқан, ғылымға сенетіндер келеді негізінен. Мәселен, сіздің қанша ақшаңыз болса да бір күнде үй сала алмайсыз. Жерін тегістейсіз, іргетасын қалайсыз, қабырғасын өретін кірпішін аласыз, терезесін саласыз, шатырын жабасыз. Адамның тұлғалық дамуы да осылай жүреді. Ал біреудің тұлғасын екінші адам тіпті де жасап бере алмайды.
– Бүгінде шетелдік оқу орындарынан онлайн курс оқып психолог, коуч атанып жатқандар көбейді. Психологияны жақсы меңгеру үшін психологқа университет бітірді деген кәсіби диплом қаншалықты қажет?
– Онлайн білім қазір көп салада мойындалды. Адам өз аяғымен Нью-Йоркке барып оқыды ма, онлайн оқыды ма, айырмашылығы жоқ. Бұрынғыдай білім қуып, мемлекет асу жоқ. Футурологтар жер бетіндегі 200-ге жуық мемлекеттен болашақта 600 қала ғана қалады деп болжам жасап отыр. Қазақстаннан 4 қала бар екен: Алматы, Астана, Шымкент және Атырау. Міне, әлемде осындай ғылыми болжамдар жасалып жатқан, ЖИ-лар дамып жатқан уақытта онлайн оқыған мамандарды мойындамауға болмайды. Гарвард, Йель, Оксфорд университеттерінің өзі онлайн білімге көшті. Ал осы оқу орындарын нашар деп кім айта алады? Әр адам 4 жыл ЖОО-да білім ала ма, әлде Гарвардты бірнеше айда онлайн оқып шыға ма, өзі шешеді. Әрине, медицина секілді мамандық иелері базалық білімді офлайн алуы керек. Алайда бүгінде қиын оталардың өзін хирургтар онлайн режимде жасау тәжірибесін енгізді. Біз адам жанын сөзбен емдейтіндіктен онлайн білім алу, терапия жасау өте қолайлы.
– Адам психолог таңдағанда не нәрсеге мән беру керек?
– Біріншіден, оның қандай ғылыми мектепте оқығаны маңызды. Ол мектептің басшысы, идеологы кім? Мұғалімдері қандай адамдар? Аты шыққан, дәрежесі бар мамандар ма, әлде ешкімге белгісіз жандар ма? Екіншіден, қандай ұйымға, қауымдастыққа қатысы бар, соны сұраңыз. Ешқандай қауымдастыққа мүше болмаған маманды «жабайы» психоаналитик дейді. Өйткені ол ешқандай ұйымға мүше болмаса, ешкімге есеп бермейді. Оқып жатыр ма, пациенттерге көмектесіп жатыр ма, әлде ақшасын сорып алып жатыр ма? Мысалы, біздің Психоанализ институтында психологтардан теориялық вебинардан қашан өткенін, супервизияға барған-бармағанын, қанша клиенті бар екенін, неше клиентті «ұстай» алмағанын, қандай клиенті негатив айтқанын сұрап, талқылаймыз. Жақсы болсын, жаман болсын, әр маманның жұмысы қадағаланып отырады. Жақында мектеп психологтарына арналған супервизияда бір психолог терапияны кафеде өткіздім дегенде шалқамнан түстім. Бұл – психологтың жіберген ең үлкен қателігі. Ол психологиядағы басты қағида құпиялылықты сақтай алмаған.
– Осы жерде психолог пен психоаналитиктің айырмашылығын атап өтсеңіз. Қайсысына қандай жағдайда бару керек?
– Қарапайым тілмен түсіндірсек, психолог бастауыш мектептің мұғалімі. Ол әліппе, математика, ана тілі сынды пәндерден сабақ береді. Ал психоаналитик жоғары сыныптың, бакалаврдың, мүмкін магистратура, докторантура жетекшісі. Яғни, психоаналитик бір мәселені тереңдеп үңги береді. Жалпы, қазір біз психология мен медицинаның ортасында тұрмыз. Психолог ақыл-кеңес беріп, бағыт көрсете алады. Медицина мамандары тәніңді дәрімен емдейді. Ал біз сөзбен емдейміз.
Ананың құрсағы – баланың жәннаты
– Үйленбеген немесе тұрмысқа шықпаған мамандардың отбасылық психолог болуға хақы бар ма?
– Ерлі-зайыптыларды қабылдау үшін психолог отбасылық өмірді көрген болуы керек. Өзі байға тимеген, бала тумаған, қыздарына өкпелемеген, күйеуімен ұрыспаған, жұбайлық өмірдің дәм-тұзын татпаған адам қалай отбасылық психолог бола алады? Менің кейбір шәкірттерім жылайды, маған ренжиді. Осыдан 1-2 жыл бұрын бойдақ психологтың ажырасқысы келіп жүрген 2 клиенті бар екенін білдім. Бүгін ұрысқан жұп ертең татуласып алады. Оны бойдақ қыз басынан өткізбеген соң түсіне алмайды ғой. Сол қызға бүркіттей жабысып, әлгі 2 клиентті қабылдамайтындай еттім. «Олар маған сенетін еді, жұмысымыз жақсы жүріп жатыр еді, репутациямды нөл қылдыңыз, маған келіп жатқан ақшаны тоқтаттыңыз» деп шәкіртім біраз уақытқа дейін ренжіді. Алайда мойындайтын бір шындық, тұрмыстық өмірді көрмеген адам отбасылы адамға көмектесе алмайды. Тұрмысқа шықпаған мамандар жасөспірімдерді, студенттерді, жастарды қабылдағаны жақсы.
– Адамның бала кездегі жан жарасы оның ересек өміріне қалай әсер етеді?
– Белгілі венгр психологы және психоаналитик Шандор Ференци нәрестенің туу кезінде бастан кешетін физиологиялық және эмоционалдық күйзелістерін зерттей келе баланың өмірге келуінің өзі ең алғашқы жан жарасы деп тұжырым жасаған. Жып-жылы жерде жатқан сәби қуыс-қуыстан өтіп, сұп-суық жерге топ ете қалады. Міне, бірінші жарасы дегеніміз осы. Ананың құрсағы баланың жәннаты болғандықтан, адам өмір бойы осы кезін аңсайды да тұрады. «Травмаға» байланысты бір мысал айтайын. Біз тасбақаны теуіп жіберсек, тоңқайған жерінен тырбаңдап қайта тұрып, ары қарай кете береді. Ал көбелекке саусағыңның ұшы тисе, жарақаттанып қалады. Яғни, бәріміздің жан жарамыз бар. Мәселе сол жарақатты кімнің қалай қабылдайтынында. Біреу тасбақа секілді көзінің жасын бір сығып алып, ары қарай өмір сүруін жалғастырады. Екінші адам көбелек сияқты, сынып қалса, өмір бойы жылап жүреді. Ал осы жан жарасына күлудің өзі қорғаныш механизмі. Ауыр жарақаты барлар сонысы асқынбасын деп күлкімен жауып қояды.
– Адамға өз эмоциясын тану, оны сезіну қаншалықты маңызды?
– Тірі жанға сезімдерін тану өмір сүру үшін, потенциалын ашу үшін өте маңызды. Өз сезімдерін білмеген адам өзінің жанын түсінбейді. Ал өз жанын білмеген адам өзгенің жанын қалай түсінеді, қадірлейді, сыйлайды?
– Қоғамда психологқа әйелдер құмар деген пікір қалыптасқан. Оның себебі неде?
– Кеңестік кезеңде жоғары білімі барлардың 55 пайызы әйелдер, 45 пайызы ерлер болатын. Жақында осы көрсеткіш әйелдерде 75 пайыз, ерлерде 25 пайыз дегенді оқыдым. Жалпы, білімі жоқ адам психологиядан алыс жүретіні рас. Сондықтан білім сапасын көтерсек, психологиялық білім де көтеріледі. Әйелдердің өзгеріске талпынып, білім алуға ұмтылуының екінші бір себебі менталитетімізде десек қателеспейміз. Негізі, «еркектер жыламайды» деген стереотип қазаққа ғана емес, барлық адамзат баласына ортақ. Бала 4-5 жасынан осы сөзді естіп өседі. Бірақ жігіттің де жаны бар. Жоғарыда атаған 25 пайыз жоғары білімі бар еркектердің тек 5 пайызы ғана психоаналитикке келетін шығар. Олар өзінің жанын қадірлейтін, сезімін сыйлайтын еркектер. Осындай жігіттердің саны көп болғаны жақсы. Жанын емдеп жүрген қалған 95 пайыз әйел өзінің күйеуін, бауырын, ұлын да өзімен бірге тарта алса, қоғамда сау қарым-қатынас құра алатын ер мен әйел көбейер еді.
– Әйелдердің дамып, ерлердің осылай сырттай бақылап отыруы қоғамда хаос тудырмай ма?
– АҚШ-та, Батыс Еуропада хаос бар ма? Жоқ. Дамыған елдердің 70-80 жыл бұрынғы киноларын көрсеңіз, дәл қазіргі біздің өмірміз. Яғни, біз олардан орташа есеппен 80 жылдай артта қалдық. Иә, олардың әйелдері белсенді, ақша табады, күйеуге мұқтаж емес. Күйеуге «жасым келіп қалды», «жақсы өмір сүргім келеді», «жалғыздықтан жалықтым» деп шықпайды. Өздеріне рухани жақын тұлға керек болғандықтан тұрмыс құрады. Бәлкім, ерлі-зайыпты бола тұрса олар әрқайсысы өз үйінде тұратын шығар, алайда олар бір-біріне дауыс көтеріп сөйлемейді, ит пен мысықтай арбасып, көкала қойдай таяқ жеп, төбелесіп жатпайды. Бүгінде неке, отбасы ұғымы да өзгеріске ұшырап жатыр. Оқыған, көзі ашық, психологиялық жағдайы жақсы әйел отбасында ешқашан соғыс бастамайды. Сондықтан әйелдердің жақсы жаққа өзгеруге талпынып жатқанына қуана білу керек.
Агрессия жынысқа бөлінбейді
– Бүгінде абьюзерлік ұғымын тек ер адамға телиді. Ал абьюзерлік жынысқа бөліне ме?
– Агрессия бәріміздің ішімізде бар. Бұл инстинк болмаса, біз өмір сүре алмай қаламыз. Пандемия бізге кімнің ашуы қандай деңгейде екенін көрсетті. Психологияға бір табан жақын адам өзінің ашуын игере алады. Ер адам әйеліне қарап ішінен «Бір қойса ғой» деп ойлауы мүмкін, бірақ «Мынауың дұрыс болмай тұр» деп сөзбен жеткізеді. Міне, бұл – дұрыс мәміле. Ал агрессияны игере алмайтын адам барып әйелінің мұрнын бет қылады. Осының салдарынан отбасында өкпе-реніш, ұрыс-төбелес көбейіп, соңы ажырасуға әкеліп жатыр. Америкада абьюзерді бірден соттамайды, 60-100 сағат психотерапияға жазады. Міне, бұл адамгершілікке бағытталған заң. Оларды түрмеге тоғытқаннан ешкімге пайда жоқ. Айналып келгенде біз асыраймыз салық төлеп. Ал 60-80 сағат терапияда болған еркек әжептәуір бірдеңе үйреніп шығады ғой.
Адамзат тірі тұрған жерде агрессия, ашу өшпейді, жоғалып кетпейді және ол жынысқа бөлінбейді. Күйеуінің құлақ етін жейтін, оны ұратын әйелдер де бар. Бұл да дұрыс емес.
– Соңғы жылдары МАК-картаға сұраныс артып келеді. Бұл психологтың 10 сеансын алмастырады дейді. Шынында солай ма? Мак-картаға қандай жағдайда жүгінген дұрыс?
– Метафоралық картаны психоаналитиктер ойлап тапқан. Мәселен, психолог клиентінің өзін жайсыз сезініп, толық ашыла алмай отырғанын сезсе, МАК-карта ұсынады. Бұл клиентке қауіпсіздік сезімін сыйлайды, картаға ден қойған адам өзін мазалаған мәселеге терең бойлап, санасындағы қарсылықты жояды. МАК-карта мистика да, шарлатандық та емес. Бұл – көмекші құрал. Бүгінде психологтар мен коучтар адамның «травмасы», мазалаған мәселесін осы карта арқылы тауып, сәтті қолданып жүр.
– Психоанализ бағытында жылдар бойы еңбек етіп келесіз. Әр саланың өз қиындығы бар. Жұмысыңыздың ең қиын тұстарын атап беріңізші.
– Ең қиыны – жауапкершілік. Екіншіден, онкологиялық диагноз қойылған пациентпен жұмыс істеу ауыр. Қазір дәрігерлер оларға қанша өмірі қалғанын жасырмай айтады. Ал 3-4 ай өмірі қалған адаммен қарама-қарсы отыру оңай емес. Қазір оған да етім үйреніп келе жатыр. Ондай пациенттеріме: «Мен Құдай емеспін, онколог емеспін. Сіздің өміріңізді ұзартатын ешқандай кепілдік жоқ. Бірақ осы қалған өміріңізді көңілдегідей өткізуге көмектесе аламын», – деп бірден айтамын. Өзі ауру адамның көзіне тура қарап осы сөздерді айту үшін де батылдық, шынайылық керек.
– Әлеуметтік желіде оқырманның хатына біржақты жауап беріп отыратын коуч, психологтардың әрекеті қаншалықты дұрыс?
– Бұл – дұрыс емес позиция. Негізі, психоанализде бейтарап көзқарас ұстануымыз керек. Әңгімеңіздің төркінін шамалап отырмын, әдетте хат жазатын әйелдерді жақтайды. Егер күйеуі «қара», өзі «ақ» болса, неге онымен 20 жыл бір шаңырақ астында тұрып жатыр? Бұл жерде күйеуінің де, әйелдің де «қара» жағы бар. Көбіне осылай айтатындардың 90 пайызы бірге қалады. Сондықтан біз эмоциялық, психологиялық судья болуымыз керек. Ерлі-зайыптылар бірге келсе тіптен жақсы, екеуі де жақсы жаққа өзгереді. Оң нәтижеге тез әрі бірге жетеді.
– Өзіңіз адамдарға психолог ретінде көмектесесіз, ал Сізге кім көмектеседі?
– Менің де ұстазым, тәлімгерім бар. Қазір ол кісінің жасы 90-нан асты, Америкада тұрады. Өзім де ойланып қалатын ситуациялар болады, сондайда психоаналитигіме хабарласамын.
Орталық Азия психоанализ институты психолог, психоаналитиктің өз сезімдерін зерттеуіне мүмкіндік береді. Содан кейін барып диплом береміз. Бізде маманның өзінің жеке терапиясы – 600 сағат. Міне, жоғарыда айтқан психолог таңдағанда не нәрсеге мән беру керек дегенге тағы бір жауап, одан «Жеке психоанализіңіз қанша сағат?» деп сұраңыз. Жауап бере алмаса, орныңыздан тұрып, ол кабинеттен шығып кеткеніңіз дұрыс. Өз тісін емдемейтін стоматологқа қалай тісіңізді емдетесіз? Бұл да сол сияқты.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ