«Алтын адам»: жұпар аңқыған аңыз

6 маусым, 2025 / Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

4 мамыр күні Астанадағы «Сарыарқа» кинотеатрында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жасаған «Алтын адам» толықметражды мультфильмінің жабық көрсетілімі өтті. 75 минуттық мультфильмнің режиссерлері – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы, сценарий авторлары – Тұрдыбек Майдан мен Ұларбек Нұрғалым, ал коюшы-суретшісі – Әміржан Қазиев.

«Алтын адам» – сақ қорған­дарынан та­былған алтын сауыт негізінде жасалған. Шытырман оқиға құрылған мульт­фильмде Аңқыл, Жұпар, Тайған, Тарғытай, Аңқылдың анасы, Аланбек (барыс) сияқты бірнеше негізгі кейіпкер бар. Бас кейіпкер Аңқыл­дың әкесі – тайпа көсемі. Ол ұлын ер­жүректілікке, ел басқару ісіне баулиды. Әке­сінің айтуынша, ежелде Ерлік, Әділет, Парасат деген үш тайпа Ұлы далада өмір сүрген. Олар бір-бірімен жауласып, тыныш өмір сүрмепті. Ақыры, Әділеттің көрегендігімен, үш тайпа бірігіп, сыртқы жаудан қорғанады. Оларға ата­дан мирас боп алтын сауыт қалады. Оны кию үшін тақ мұрагері 13 жасқа толғанда мұзарт шыңға шығып, барысты атып өлтіріп, терісін алып келуі қажет. Садақ атуды, атқа мінуді үйренген Аңқыл мезетті жасқа толды. Аңқылдың әкесі – тайпа көсемінің кеңесші-уәзірі Тарғытай Аңқылды ертіп тауға атта­нады. Алдынан кезіккен қар барысын көр­ген­де, Аңқылға оны атып өлтіруге бұйырады. Аңқыл аңшылықтың серті бойынша бірінші же­бесін аспанға атады. Бұл «ысқырып атқан аң­ның обалы жоқ» деген ескі танымды ишра­лайтын сәт. Аңқыл ысқырауық жебесін аспан­ға атады. Бірақ ол жерге түспей көкзеңгірде жоғалады. Аңшылықтың серті бойынша, ыс­қырауық жебесі жерге түспесе, барысты атуға болмайды. Аңқыл сол серттен таймай, алдынан кезіккен барысқа оқ атпайды. Тарғытайдың серіктері Аңқылдың олжамен оралатынын күтіп отырған халық ал­дында масқара болмау үшін барысты (Аланбек) тірі ұстап, тайпа қалашы­ғы­на алып келеді. Бұл кезде тайпа кө­семі ауыр сырқатта жатқан бола­тын. Ақсөйле атты хабаршы құс аң­шылыққа осы хабарды жет­кі­зеді. Сарайға оралған Аңқылдың барыс терісін жамылмай құр қол оралуы ел ішінде үрей туғызады. Өйткені алтын сауытты кию үшін барыс терісін алып келуі міндет. Тайпа көсемі ұлының олжасыз орал­ғанын көріп: «Енді сенің тағ­дырыңды алтын сауыт өзі шешеді. Ол үшін сауыттың сырын ашу керек. Оның сыры құпия үңгірде. Бірақ үңгірдің қайда екенін білмеймін» деп, ұлына батасын беріп көз жұмады.
Міне, күрделі сюжет осы шақтан бастап ширай түседі. Мұзарттан ұс­тап әкелген барысты елдің алдында – амфи­театрда (гректердің аңызын еске түсіреді, бұл оқиға мультфильмнің экшндік көрінісін қоюлатып, жас көрерменге ерекше әсер сыйлайтыны анық) шайқасады. Бірақ Аңқыл барысты өлтірмей, тірі қалдырады. Тайпаның бақсылары мен белді өкілдері Аңқылдың ісіне наразы болып, күдік күшейеді. Енді жалғыз амал бар. Алтын сауытты Аңқыл жұрт алдын­да киюі керек. Егер сауыт оны қабыл­даса, онда талайының жанғаны. Қабылдамаса, сауытпен бірге мәңгі тасқа айналады. Аңқылдың анасы баласының болашағы үшін алаңдап, алтын сауыттың жалған нұсқасын жасатып, өзін тығып тастайды. Жалпы, жұрттың алдында Аң­қыл сауытты киеді. Еш өзгеріс жоқ. Осы кез­де ортаға тәуіп шығып, елді анасының ал­дағанын, шын сауыт өзінде екенін көр­сетеді. Тайпа көсемінің уәзірі елді алдағаны үшін Аңқыл мен шешесін зынданға салуды бұйырады. Аңқыл болған жайтты түсінбей, шын сауытты киюге оқталғанда, анасы оны қорғап, сауытты ұстайды да, елдің көзінше тас­қа айналады. Ал Аңқыл зынданға таста­ла­ды. Осы кезде алтын сауыттың күші кетіп, та­лай ғасыр тас арасында байлауда жатқан Тай­ған оянып, темір шынжырдан босап, сақ тай­пасын түгелдей құрсаулап, құлдыққа сала­ды. Қалашықтың ұсталарын жинап, алтын қорытып, өзінің алып мүсінін жаса­тады. Сақ елінде тиран-патша билік құрады. Әлемді қара түнек басады. 
Зындандағы Аңқылға Аланбек (барыс) адам тілінде тіл қатып, алтын сауыт­тың құпия­сы жасырылған үңгірдің жолын білетінін, бірақ кейін патша болғанда, барыс аулау салтын жойсаң, ертіп барамын дейді. Қа­зақ ертегілерінен жануарлар әлемінің адам ті­лінде сөйлейтін талай сюжетін табуға бо­лады. «­Аңның тілі түгіл, өз тілдеріңді де біл­мей­тін адамдар көп қой» дейді бір диалогында Аланбек. Бұл сарказм – бүгінгі қоғаммен мультфильмді жалғайтын ащы шындық. 
Ақыры, Аңқыл, Жұпар, Аланбек үшеуі тау асып, тас басып жүріп, түрлі қиындықтардан өтеді. Ең соңында үңгірді тауып, алтын сауыт­тың құпиясын ашады. Жол бойы барысқа қа­нат бітіп, мұзарт шыңның сынағынан өтіп, көктің дәргейіне барып, еліне оралады. Әу бастағы уәдесінен тайып, қара түнектің иесі болуға күш салған Тайғанмен күресіп, елін, тайпасын құтқарып қалады. Ақ пен Қараның шайқасында Ақ жеңіп шығады. Бұрын Ерлік, Әділет, Парасат болғанымен, төбедегі төртеу түгел емес еді. Зеңгір көк Аңқылға Ізгіліктің жебесін сыйлаған. Ізгіліктің жебесін ежелгі үш тайпаның жебесінің қасына қадайды. Ел бұрынғы тыныш, бейбіт өміріне қайта ора­лады. 
«Алтын адамның» қысқаша мазмұны осын­дай. Мұнда сценарий автораларының әлем­дік мультипликациядағы негізгі мо­тивтер – ақ пен қара күресі, ізгілік жоқ жерде қатыгездіктің, әділет жоқ жерде әділет­сіздік­тің, парасат жоқ жерде қарадүрсіндіктің, ер­лік жоқ жерде ездіктің салтанат құратынын Тайған образы арқылы үйлесімді бергенін байқаймыз. Сондай-ақ бала кезден бірге өскен Жұпар мен Аңқылдың лирикалық ли­ниясы да сәтті шыққан. Ал жебе, жылқы, таң­балы тастар, хабар жеткізуші құс сим­вол­дары барша әлемге, оның ішін­де қазақ мифтеріне де ортақ. 
Мультфильмде режис­сер­лер мен суретшілердің көп еңбектенгені көзге бірден бай­қа­лады. Сұлу табиғат, көз жауын алар панарома, көк пен жердің үйлесімді кескіндері, қанық бояу, көрген сайын қарағың келетін пейзаждар әлемі – сурет­шілердің мыңдаған картинаны көз майын тауы­сып сызғанының айғағы. Ал режиссерлар әр сюжет пен карти­на­ның үйлесімін мүлтік­сіз жымдастырып, оқи­ға мен оқиға арасын­дағы байланыстарды ақаусыз орындауға тырысқан.
Есік қорғанынан табылған Алтын адам – еліміздің бірегей символы. Ол жай жәдігер емес, тарихымыздан сыр шертетін ру­хани мұрамыз десек те болады. Өйткені осы далада ертеден ғұмыр кешкен ұлт үшін оның әр өрнегі ескі танымға жетелейді. Ондағы өрнектер мен әшекейлердің, символдардың сырын ашу үшін, ұрпаққа қадір-қасиетін жете түсіндіру үшін осындай мәдени еңбектер керек. «Алтын адам» мульт­фильмі кәсіби орындалу жағынан да, оқиға желісінің қызықты шытырмандығымен де әлемдік мультипликацияда өзінің бағасын алады деп ойлаймыз. 
Алтын адам – жай сауыт емес, ол өнер туындысы. Оны киген ханзаданың бектердің бегі болғаны қорымның архитектурасынан анық байқалады. Алтын сауытты – сырты емес, іші алтын адамдар ғана киген болса ке­рек. Сондай мәртебеге лайық болған соң да сауы­тымен бірге жерлеген. Ал «Алтын адам» – ежел­гі Алтын адамға, сақ тайпасының ер ұланына қай­талай қойған ескерткіш болғандай... Ж­ұ­пар аңқыған аңызды мультфильм тілінде сөй­леткен шығармашылық топтың еңбегі бағалауға әбден лайық.
5 жыл: мультфильм жасаудың машақаты

Мультфильм режиссері әрі сценарий авторларының бірі Тұрдыбек Майданның айтуынша, соңғы 5 жыл уақытын арнаған. Соның ішінде осы туынды үшін келісімшарт бойынша нақты 382 күн жұмыс істеген. Бұған басты себеп, мультфильмді жасау кезінде ҚР Мә­дениет және ақпарат министрлігінде 5 министр, «Қазақфильмде» 4 президент, Ұлт­тық киноны қолдау орталығында басшылық ауы­сып, қаржылық демеушілік уақытылы көр­сетілмегендіктен, мультфильмді жасау барысында көптеген қиыншылық туындаған. Бұған дейін «Мұзбалақ» сынды көркем туын­дыны – толықметражды мультфильмді ұсы­нып, әлемнің көптеген елінен жүлдегер атан­ған шығармашылық топ қазақ мультип­ли­кациясын дамыту үшін жүйелі механизм керек дейді. 
«Мұзбалаққа» таза екі жыл уақыт жұмса­дық. Ал «Алтын адамды» жасауға 1 жыл 20 кү­німізді ғана арнай алдық. Бұл толық­метраж­ды мультфильм үшін өте аз уақыт. Соған қарамай көрерменге ойдағыдай дүние ұсындық деп ойлаймыз. Мультипликация өндірісі даму үшін мемлекеттің тұрақты қолдауы керек. Онсыз әлемдік алпауыт кинокомпаниялармен бәсекелесе алмаймыз. Талай рет қаржы бөлінбей, осы мультфильмді жасау үшін жиналған шығармашылық ұжым тарап кетті. Жүйкемізді жүндей түткен ке­зеңді бастан өткердік. Дегенмен бізді осы өнер­ге адалдық соңына дейін жеткізді. Міне, бүгін көрерменге ұсынып отырмыз», – деді Т.Майдан.
Режиссердің айтуынша, дайындық кезеңінде онға таяу маман, өндіріс ке­зінде 40-тан астам суретші, ал монтаж ке­зінде тағы да 10-ға таяу кәсіби маман жұ­мыс істеген. Бұл ірі әрі ұлттық жоба үшін шағын құрам. Әлемдік компанияларда толық­метраж­ды мультфильмдер үшін жүздеген адам жұмыс істейді. Оларға қырауар қаржы­дан бөлек, нақты жоспар құрылып, шығар­машылықпен еркін айналысатын уақыт бөлінеді. 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМ, 
сценарий авторы
:

Ізгілік жебесін қостық

– Мультфильм идеясы режиссер Тұрдыбек Майданның ойында ұзақ жыл піскен дүние. «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмінен кейін осы «Алтын адам» туралы ай­тып жүрді. Бірақ мен аса түсінбедім. Сце­нарийін жаздыруға Әннәс Бағдатпен сөйлесіп жүргенін білетінмін.
Кейін маған хабарласты. Сценарийдің алғашқы нұсқасына көп өзгерістер керек еке­нін айтып, Алматыға шақырды. Сол кезде нақ­тыладық, сөздің тоқетері: «Мен Алтын ада­м­ның ішін көрсеткім келеді» деді.
Содан әділдік, парасат, ерлік, ізгілік жебе­лерін таптық. Оларды шын мәніндегі алтын адамның негізгі қасиеттері ретінде тұрақ­тан­дырып, сюжетті соған негіздедік. Өздеріңіз біле­сіздер, Есік қорғанынан табылған Алтын адам­ның да төрт жебесі айтылады және Алма­тыдағы тәуелсіздік монементіндегі алтын адам­ның да төрт жебесі бар. Міне, бұл жебе­лердің негізі сол жақта жатыр. 
Алдыңғы қағандықта ізгіліктен өзге үш жебе болды, ал бұл мультфильмнің бас кейіп­кері енді Ізгілік жебесін іздейді, әрине, оны нақ­ты білген жоқ, тек қаған киетін алтын сауыттың құпиясын ашу жолында жолығады. 
Бұл мультфильмде көшпенділер ұғымын­дағы біраз дүниені сіңіруге тырыстық. Мысалы, ұйықтап жатқан жауын оятып алып қылыш­т­а­суы соның бір көрінісі. Аңды ысқырып ату – бейуаз жануардың обалына қалмаудың бір серті. Біз мультфильмде осы ұғымды, обал мен сауап ұғымын, яғни, ізгілікті кіріктіріп, алтын адамның өзі емес, болмысы алтыннан – ізгілік нұрынан жаралғанын көрсетуге тырыстық. 

Тэгтер:

мультфильм Алтын адам аңыз