Түгел түркінің тарихи төрі – Маңғыстау

6 маусым, 2025 / Túrkіstan International Political Weekly

Маңғаз Маңғыстау, Әбіш ағамыз айтқандай, тарих пен табиғат толғаған тамаша дастан, түркінің төрт ұлысымен шектесіп, қарт Каспий жағасына жайғасқан қазыналы түбек. Жеті жұрттың жұрағаты қоныс еткен, бүгінде жеті жұртты жалғап жатқан құтты қоныс. Жер бедері, ежелгі мәдениеттерден қалған ескерткіштер, самсаған құлпытас, томсарған үнсіз зираттар кешегі күннің жаңғырығы секілді тарих қойнауына шақырады.

Ежелгі дәуірлердің іздерін әлі уақыт бүркеп үлгермеген бір жер болса, ол – осы Маңғыстау. Тарихи қатпарына көз жүгіртсек, алғашқы адамның табаны бұл аймаққа тас ғасырында тиді делінген. Сол қауымның ұрпақтары мыс, қола дәуірінде мәдени орта қалыптастырды. Өлкеде темір дәуіріндегі әйгілі сақ-скиф мә­де­ниетінің ажырамас бөлігі болып сана­латын дай-массагет, сармат-алан тай­паларының талай ескерткіштері самсап жа­тыр. Еуразия кеңістігіндегі сар­мат­тар­дың ең көп ғибадатханаларының Маң­ғыс­тау мен Үстіртте шоғырлануы бірегей факт. Осының нәтижесінде аймақ түрлі мә­дениеттер мен руханияттардың син­те­зін түзіп, киелі орталыққа айналды. Сон­дық­тан тарихи тамыры тым тереңде жат­­­қан тағдырлы өңірдің алтын алқа­сындай асқақ Ақтаудың түркі дүниесінің мәдени астанасы болып жариялануы – заңдылық.
Маңғыстаудың қай заманда тарихи буыр­қаныстардан сырт қалмағанын бай­қаймыз. Уақыт өте Батыс пен Шығыстың ара­сындағы дәліз рөлін атқарған өлкеге түр­кі тайпалары толассыз  келіп, жағаға ұр­ған теңіз толқынындай бірін-бірі ал­мас­тырып жатты. Сондықтан ғұн дәуіріне тие­сілі Алтынқазған және Қарақабақ ес­керткіштерін кешенді зерттеу жұмыс­тары жалғасын тапса, ғылымға берері көп. 
Орта ғасырларда өмір сүрген ға­лым­дардың еңбектерінде Маңғышлақ атауы жиі кездесе бастайды. Әбу Райхан әл-Бируни «Банкишлак тауы – оғыздардың теңіз айлағы» деп жазыпты. Ибн Фадлан 922 жылы Хорезмде болып, сапарын Үс­тiрт үстiмен жалғастырғанда жолшыбай оғыз тұрақтарына кездескенін жазады. Мах­мұт Қашқаридың 1070 жылы жазыл­ған «Түрк сөздiгiнде» «Манғышлақ – оғыз­дар елiндегi бiр жердің аты» деген дерек бар. Сыр бойына ордасын тігіп, қазығын қаққан, кейін аумағын кеңейтіп, батыста Тұран ойпатын көктеп өтіп, Хазарға ті­рел­ген оғыз тайпаларының тағдыры мен тарихы тұрғысынан Маңғыстау маңызды рөл атқарды. 
Атсыз шах 1152 жылы жаулап алған Маң­ғыстау айбарлы мемлекет Хорезмнің құра­мына енеді. Құрлықтағы түйе керуен­дері де, теңіздегі кеме қатынастары да жол­ға қойылған барақат кезең біршама уа­қытқа созылса керек. Сол заманнан біз­ге жеткен құнды мұра – Қызылқала қала­шығы. Археологтар бұл көне жұртты тарихи Маңғышлақ қаласымен байла­ныс­тырып отыр. 2021 жылы өлкетанушы, түрколог ғалым Бекболат Төлегенұлымен бірге барып, қазба жүргізілген қаланың орнын көріп қайттық.  
Алтын Орданың – Ұлық Ұлыстың ас­танасы Сарайдың пайда болуы Ұлы Жі­бек жолының солтүстік тармағында жат­қан Маңғыстаудың керуен жолдарына жан бітірді. Дешті Қыпшаққа шарапаты те­гіс жеткен бұл рухани серпіліс Маңғыс­тау аймағын жаңа сатыға көтерді. Бұл ке­зеңді «Маңғыстаудың классикалық ре­нессансы» деп айтуға болады. Шыңғыс хан тұқымдары ұлан-байтақ империяны бөліске салғанда Хорезм Жошы тұқымына тиіп, Маңғыстау жұрты Саин хан елі деп аталды. Әз Жәнібек билігінің тұсында Үргеніш пен Сарайдың арасын жалғаған күре жолдың бойында самсаған керуен сарайлары бой көтерді. Маңғыстау жеріне ғана тиесілі нүктелерге тоқталар болсақ: құрлықта Белдеуді, Қосқұдық, Бесбұлақ, Шұрық секілді керуен сарайлары салынса, ерекше маңызға ие теңіз айлағының рөлін Кетікқала қаласы атқарды. 
Маңғыстауды машайықтар мекені, ұлы даланың рухани ордасы деуге болады. Серікбол Қондыбайдың айтуынша, Маң­ғыстауға бұл машайықтар негізінен Түр­кі­стан өңірінен келген. Мәселен, Қош­қар Ата, Шопан ата, Шақпақ ата, Масат ата, Баба түкті шашты Әзіз, Темір баба се­кілді әу­лиелі орындар Оңтүстік Қазақ­стан мен Маңғыстауда бірдей киелі, бір­дей қас­терлі. 
Бұл – киелі орындардағы жерасты ме­шіттері сайын даладағы сансыз мә­де­ниеттердің синтезі іспетті теңдесіз сәулет ескерткіштері. Айталық, Шопан ата – Маң­ғыстаудағы ең көне жерасты мешіті. Тұр­ған жерінің ыңғайына қарай жар­тас­тан қашалған, өзіне тән құрылымы күр­делі кешен. Шақпақ ата жерасты мешіті де Маңғыстаудағы ең ескі мешіттердің бірі. Өлкедегі діни сәулеттің бірегей ес­керт­кіші шамамен 9-10 ғасырларда са­лынған. Әрине, Маңғыстаудағы киелі ар­­­хитектураның қайталанбас құ­бы­лыс­тары қатарына Пір Бекет мешіттерін жат­қызамыз. «Мәдинада Мұхаммед, Түр­кі­станда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет» деп, аты исламның дара тұлғала­ры­на қосарлана аталатын Бекет атаның біз­ге мәлім төрт мешіті бар. Мемлекет бас­шысының Құрылтайдағы тапсырма­сына сәйкес бұл жерасты қылует мешіт­те­рін ЮНЕСКО тізімі мен қарауына енгізу жұмыстарының басталуы көңілге қуаныш ұялатады. 


Десе де, аңыз  өріп, жұмбақ жайлаған тыл­сымы терең өлке көп сырды ішіне бү­гіп уақытын күтіп жатыр. Кең аспанның ас­тындағы иен мұражай әлі күнге кешенді түрде қопарыла зерттелмеген. Ел аузын­дағы әңгімелердің көбі ескіліктен жеткен әпсаналарға тіреледі. Мысалы, біз барған ғажайып сәулет өнері, жартасты ойып са­лынған Сұлтан Үпі жерасты мешіті та­рихы туралы тұшымды жауап іздеп, таба ал­мадық. Тек, Сұлтан Үпінің әйгілі Сүлей­мен Бақырғанидің ұлы екені, кейін ғайып болғаны жөнінде аңыз ғана айтылады. Қа­зіргідей ғылыми-технологиялық мүм­кіндіктер көбейген тұста бұл бірегей ес­керт­кіштің қай кезде, қалай салынғаны тура­лы нақты нәтижелер алуға болар еді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. 
Жалпы, Қазақстандағы 25 мың ескерткіштің жартысына жуығы ор­наласқан Маңғыстау өңірінде мұра­лардың көбі тарихи-мәдени ескерткіштер ті­зіміне енгізілгенімен, оларды қарауға, жан-жақты зерттеуге мықты маман же­тіспейді. Мәдени қабаттар түрлі ванда­лизм арқылы бүлініп жатыр. Жеті жұрт көш­кен маңғаз мекендегі қорымдардың қор­шау аумағына заңсыз құрылыстар, бейіт­тер салынып кеткен. Оларға қарсы қол­даныстағы «Тарихи мәдени мұраны қор­ғау және пайдалану» заңы қауқарсыз. Айыппұлы небәрі 30 мың теңге ғана! Сон­дықтан осы бағытта әріптесім Асхат Ай­ма­ғамбетов мырзамен бірге қолға алған жаңа заң жобасы – Мәжілістің қарауын-да. 
Бұл ретте ерекше айтатын жайт, киелі жерлер шырақшылардың күнкөріс көзіне, бақсы-балгерлердің ордасына айналған. Олардың кейбірі тарихи орынды сақтап отырғанымен, арнайы білім, ереже-қа­ғидаттары мен стандарты жоқ. Тіпті, ұлт­қа ұран болған Бекет ата – жекенің мен­шігінде! Пір Бекет – бір қазақтың ай­бары емес, ол – бар қазақтың, тіпті, түгел түркінің байрағы, адамзаттың ортақ мұра­сы! Сондықтан халықтың рухани бол­мысы мен келбетін қалыптастырған мұн­дай тұлғалар мекені құндылық ретін­де мемлекет қарауында болуға тиіс! Бұл туралы біз арнайы депутаттық сауал да жолдадық. 
Каспийдің транзиттік әлеуеті артып, құрлықтар арасындағы дә­ліз рөліне мықтап орнығуы – түбі туыс түр­кі жұртына ортақ мерей. Осы бағытта тұтас түркінің тегі мен төркінін түгендеп жү­ретін Халықаралық Түркі академиясы 2020 жылы зерттеу бағытын Маңғыстауға арнады. Өлкенің тарихи кезеңдері туралы «Алтын Көпір» атты деректі фильм тү­сірді. Ол республикалық арналарда көр­се­тілді. Маңғыстау ескерткіштері 2021 жы­лы «Түркі әлемі тарихи-мәдени атла­сына» енді. Алайда бұл тылсым өлкенің сырын ашудағы алғашқы қадамдар ғана. Осы ретте зертеу жұмыстарын жүйелі түр­де қолға алу үшін бірқатар ұсыны­сым­ды бөліскім келеді:
Біріншіден, рухани ескерткіштер – біз­дің мәңгілік мұрамыз, баға жетпес бай­лығымыз, түпкі таным-тарихымыз. Оны аңыз-әңгіме арқылы емес, кешенді зерттеу арқылы білуге тиіспіз. Сондықтан Мемлекет басшысы тапсырғандай, елімізде теңдесі жоқ жерасты мешіттерін ерекше қорғауға алу, оларды әлемдік деңгейде насихаттау. Елімізде рухани ескерткіштерді қорғауға айрықша көңіл бөлу қажет. Сонымен қатар оларды сақтау үшін реставратор, консерватор сияқты тап­шы мамандарды даярлау керек. Бұл рет­те ұлттың иммунитетін қалып­тас­ты­ра­тын рухани орындар тағылым мектебі болуы керек. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қалқанымыз – діңгекті дәстүр мен ру­хани бұлақ көздері ғылыми негізде терең зерделене бастаса, деструктивті теріс ағымдардың жолын жабуға да сеп­теседі. 
Екіншіден, аймақта көптеп кездесетін оғыз-қыпшақ дәуіріне тиесілі құлпы­тас­тар мен қабір тастар, жартастар мен  таң­балы тастардағы таңбаларды кешенді зерттеу қажет. Аталған жұмысқа бауырлас ел­дердің ғалымдарын тартып, Түрік­мен­стан, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің де ғалымдар тартып, типологиялық, архео­логиялық, антропологиялық тұрғыдан жүйелеу қажет. Бұл бағыт түркологиядағы тың тақырып, өз зерттеушісін күтіп жа­тыр.
Үшіншіден, Маңғыстаудың қалыптасу тарихында ерекше орны бар ескерткіштің бірі – Қызылқаланы кешенді әрі ұзақ­мер­зімді зерттеу қажет. Қалашық Атыраудағы Сарайшық, БҚО-дағы Жайық қала­лары­мен бірге ЮНЕСКО-ның номинация ті­зіміне ұсынылған. Осы бағыттағы жұ­мыстарды жеделдету қажет. Тоғыз жолдың торабындағы Қызылқала маңындағы Шер­қала, Алтынқазған ескерткіштері тари­хымызды байытып қана қоймай, аймақтың туристік әлеуетін арттырады деп ойлаймыз.
Төртіншіден, тарихи кешендер, киелі жерлер – рухани туризм ошағы. Мемлекет басшысы Ұлытауда «Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек» деп, елімізді рухани-этнографиялық туризмнің орталығына айналдыруды тапсырғаны белгілі. Сон­дықтан киелі мекендерді мемлекет қа­рауы­на алу, заңды қатайту, инфра­құры­лымды дамыту, жол салу, қонақүйлер, му­зейлер ашу, әдістемелік-ғылыми құ­ралдар әзірлеу, экологияны реттеу, ақ­парат-насихат жұмыстарын арттыру, ин­тернетпен қамтамасыз ету сияқты іргелі жобаларды жүйелі жүзеге асырған жөн. Мәселен, Бұхара, Самарқанд, Хиуа, Шахрисабз сияқты тұтас қалаларын Әлемдік мұра тізіміне енгізіп, сол арқылы тарихи-рухани орындарына былтыр 7 млн-ға жуық турист тартқан Өзбекстан осы саладан $ 2 млрд табыс тапқан. Сол сияқты Түркияның Кония қаласында орналасқан Жалаледдин Румидің кеше­ніне жыл сайын 8 млн-ға жуық турист барады екен. Сондықтан киелі орындар рухани туризм ошағына айналу үшін кіру үшін билет беріп, қонақтың жанына кә­сіби маман-гид қосып, аудармамен қам­тамасыз етіп, заманауи үлгіге көшкен абзал. 
Бесіншіден, облыс орталығында тари­хи-мәдени нысандарды кешенді зерт­тейтін, археологиялық және архи­тектура­лық маңызы зор ескерткіштерді сақтап қорғайтын, ұлттық құндылығымыз бен рухани мұраларымызды насихаттайтын құ­қықтық құзыры мен қаржылық мүм­кіндігі бар Түркістандағы «Әзірет сұл­­­­тан» қорық мұражайы сияқты респуб­ли­калық кешенді зерттеу орталығын құру қажет. Олар қысқамерзімді гранттар арқылы емес, жүйелі зерттеу жұмыстарымен ай­налысқаны және мұраларды сақтау ісімен айналысқаны жөн. 
Каспий жағалауындағы түркі ха­лықтарының киелі орындары мен сәулет ескерткіштерінің байланысына те­рең үңілу, зерделеу мен насихаттау – уа­қыт күттірмейтін жүйелі жұмыс. Ақтау – түркі дүниесі мәдениет астанасы жобасы аясында Отпан тауда жағылған ұран оты тұтас түркі жұртын Маңғыстауға маңдай түзеуге шақыратын уақыт жеткен сияқты. Ұзағынан, баянды болсын. 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
сенатор, академик

Тэгтер:

Маңғыстау тарих түркі