Ақын, айтыскер, журналист, қоғам қайраткері Егеухан Мұқамедиқызы қазақтың қазынасы мол сөз өнерін бойына сіңіріп, Баян-Өлгейде дүние есігін ашып, екі ел – Моңғолия мен Қазақстан мәдениетінің алтын көпіріне айналған тұлға. Асыл әженің шығармашылық жолы – қазақ қызына тән төзім мен табандылықтың үлгісі. Айтыс өнерінде өзінің шынайылығымен, тапқырлығымен, өткір тілімен ерекшеленген ақын ұлт руханиятының қайнар бұлағынан нәр алғанын сан мәрте дәлелдеген. Ол – тек өнер адамы ғана емес, ана, ұстаз, қайраткер. Моңғолия және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
«Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет қайраткері атанған Егеухан апа – сөздің шындығын, өнердің тұнығын халыққа жеткізген жан.
Міне, осындай қазақтың айтыс өнері тарихында өзіндік өрнегімен елеулі із қалдырған алтын құрсақты, қазына кеуделі анамыз биыл 85 жасқа
толып отыр.
«Ақын арын сақтайды жаны құрбан»
Он алты жасынан ақындар айтысына қатысып, шығармалары Моңғолияда, Қазақстанда шыққан оннан аса топтама жинақтарға енген, жекелеген бірнеше кітаптың авторы Егеухан апамыз он баланы тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана ғана емес, айтыстың, айтыскерлердің анасына айналған жан. «Мен – Баян-Өлгейден, Моңғолияның құт мекенінен келдім. Тарихтың тереңінен тамыр тартқан Олоннұр шұңқырында, Баяннұр сұмынында өмір есігін аштым. Бұл жер – менің ата-анам Алтайдан алты тау асып келіп тұрақтаған қасиетті мекен» деп бастады әңгімесін апамыз. «Сол бір қиын да қадірлі замандарда, ерліктің де, елдіктің де иісі аңқыған қоныста өмір басталған еді. Анам – он екі құрсақ көтерген батыр жүректі жан. Сол он екімізден төртеуіміз ғана аман жеттік. Әкем мен шешемнің өмірі – күрес пен шыдамның, үміт пен сенімнің айнасы болды. Өзімнен екі жас үлкен ағам – Елеусіз Моңғолия қазақтары арасынан алғаш роман жазған қаламгер. Ол – жазушы, аудармашы, журналист, рухани көшбасшы болды. Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі ретінде туған топырақтың мұңын да, сырын да қалам арқылы жеткізді. Әкем – Мүлікұлы Мұқамади тірі шежіре еді. Хат танымайтын, бірақ тарихты жатқа соғатын. Оның Алтай мен Қобданы жыр еткен әңгімелері, дүнген соғысы, Сарноқтаның салығы, Қытай қазақтарының тағдыры – менің жанымда сақталған тірі естелік. Алайда он жеті жасымда отбасын құрып кеткен мен әкемнің сол бай мұрасын толық тыңдап, түгел түгендей алмай қалғаныма бүгін қатты өкінемін. Бұл – өмір бойы өзегімде өрт болып жанған өкініш. Анам Кенбайқызы Зағипа – хат танымаса да, айтыстың серкесі болған айтыскер ақын. «Шәкір-Шәкірат», «Қалқаман-Мамыр» сияқты көне дастандарды екі рет естіп, жатқа айтып отыратын. Оның жадындағы жыр – талай думанды жарып шыққан шабыттың көзі еді. Біз – ағайынды екеуміз – атадан қалған сөзге ұйып, анадан дарыған өнерді бойға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Егер бойымда бір сәуле, санамда бір саңылау болса, ол – әкемнің құты, анамның сүтімен дарыған қасиет. Ата-анамның құты мен сүтінен дарыған рухани қазына», – деп бір тоқтады.
Иә, өмір деген бейне бір бұғауға көнбес асау сынды. Кейде тізгінді бос қоя берсең басын алып қашуы әбден мүмкін. Мүмкін, қайраткер анамыздың әкесі де өмір сабағын осылай үйреткен болар?! «Біз жасымыздан ат жалында ойнап өстік. Ағам Елеусізді төрт жасынан бастап ашамаймен атқа мінгізді. Сол ағамның артынан төрт жасқа келгенде мені де атқа мінгізді. Сонда әкем: «Балам алдымен аттың тізгінін тартып, өзіңе игеріп ал. Атқа өзіңді басындырма. Жылқы да адам секілді ақылды. Сен әлсіздік танытсаң, ол сені басынып алады, бағынбайды» деп ат тізгіні мен өмір тізгінінің мәнін ұқтырғандай еді», – дейді ғазиз ана. Ат жалын тартып мінген ару он алты жасынан бастап айтыс өнеріне ден қояды. Жиырма жасынан бастап өлең жаза бастайды. Журналистік қырын да танытады. Қолы қалт еткенде шахмат та ойнайды. Кесте тігіп, сырмақ салып, қолөнерге де шебер болады. Осындай сан өнерді бір бойына сыйдырған апамыз алтын құрсақты ана атанып, он баланы тәрбиелеп, өзіндегі бар өнерін де ұрпағына дарыта білді.
«Біреу аяқ, біреу маңдай, болады ісіміздің арты қандай? Балалар жатпай-тұрмай өнер үйрен, жасыңда білген өнер атқан таңдай» дейді. Аллаға тәубе, қыздың үлкені Тамара Москвада университет бітіріп, білімді қыз болып өсті. Мына қара ала сырмақ тігуден, текемет тігуден Америкаға барып келді. Сосын Бұлбұл деген қызымыз киіз үй жабдықтарын жасаумен айналысады. Кілем тоқып, түс киіз басады. Ал Тәттімбет деген ұл қайыстан өрім өреді, қайыс арқан жасайды, жүген, шідер түйеді. Адамға не қажет, солардың барлығын ептеп техникалық жағдаймен емес, қарапайым қолмен жасап үйренген жағдайы бар. Дәулеткерей де сан өнерді бір басына тоғыстырған ұл болды. Есенгүл де қалам мен қағазға үйір болып өсті, қазір білікті журналист. Естай мен Нұржан деген қызымыз ұстаздықты таңдады. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады», – дейді ғой. Оның бәрі де – сол атадан жалғасатын дүние. Ұрпақ жалғастығы деп ойлаймын», – деп ұл-қыздарының жетістігімен бір марқайып алған апамыз, бала тәрбиелеп, бесік тербетіп отырып та қолынан қалам-қағазын тастамағанын айтады. Сөз өнеріне адалдық танытқан әжеміздің «Қағаз-қалам баламның жөргегінде» деген өлеңі де бар.
«Баламның бесігінің жастығының астында бір бет қағаз, қалтамда қара сиялы қарындаш жүреді. Ойыма бірдеңе оралғанда түртіп қойып, баланың жастығының астына тыға салам. Сәлден соң ойымды жетілдіріп тағы жалғаймын».
«Айтыс – шындық, сын, үндеу, сауық-думан,
Ақын арын сақтайды жаны құрбан!» деп жырлаған ақын анамыз айтыскерлігімен, шешендігімен талайды тамсандырып, додаға түсіп, жүлделі орындардан көрінеді. «Осы жасқа келгенде «Отан – отбасынан басталады» деген байқау болып, әулеттің әжесі ретінде сол байқауда балам – Дәулеткереймен айтысатын болдым. Сөйткенде, Дәулеткерей тап сол кезде Англияға ма, бір жаққа, сапарлап кетіп қалды. Содан Ардакерей деген балам айтысып жүретін. Сосын «Ардакереймен айтысыңыз онда», – деп қолқалады. «Жарайды, бағдарламаға кіріп кеткен болса – айтысайын» дедім. Ардакерей маған қарата сөйлегенде мен оның сөзін естімей қалыппын, өзімше мен де айтысып жатырмын. Ел қол соғып жатыр. Сөйтсем, Ардакерей айтыпты: «Немереңді өлгенше бағасың деген сөз бар екен, Немереңмен өлгенше айтысасың деген сөз жоқ қой» деген сынды сөз айтқан ғой. Сөйтіп, немеремнен жеңілген кезім болды. Бұл да бір Жаратқанның нығметі болар?! Ертеректе Қазақстанда тілдің құрметіне халықаралық айтыс өтті. Соған келдім. Әбдікәрім деген ана Манап Көкеновтың баласы, халық ақынымен айтысып, ол кішкене қиғаштау сөйлеп қойып, сол сөзінен ұстап жеңіске жеттім. Сол кезде Қатимолла Бердіғалиев маған домбырасын сыйлаған. Оралдық керемет ақын ғой. Сол айтыста мен арттағы жұртымның намысы үшін жанымды салып айтыстым. Анау жақта қазақтың аз ғана үзігі жатыр ғой. Бұл – қазақтың рухы қай жерде де адамды желеп-жебеп жүретін дүние ғой. Артымда жатқан қазақтың тілегі, қазақтың рухы маған күш берді. Аз қазақтың намысын жықпайын деп барымды салдым. Мен домбырасыз айтамын ғой. Сүйенетін бір домбыраң болса жақсы ғой енді. Әбдікәрім менен нашар ақын болып жеңілген жоқ. Мен кереметтігіммен емес, сөздің жүйесімен жеңдім. Сөздің жүйесімен осы жолғы кемшілігіңді мойындасаң дедім. «Мойындадым», деді. Орнынан тұрып жүре берді. Сол жерде сөздің жүйесі солай келді», – деп тоқтады ғазиз әже.
Қашанда елдің сөзін сөйлеп жүрген ақын жаны қоғамдағы, елдегі жағдайларға бейжай қарамаған. Қазақы таным-түсінікті бойына сіңіріп өскен жан елдегі әрбір дүниеден қазақылықтың иісі аңқып тұрса дейді.
«Бүгінде, шүкір, ел егемендігін алды. Астанамыздың зәулім-зәулім ғимараттары аспанмен тілдесіп тұр. Сәулетіміз жақсы, салтанатымыз жақсы. Заманауи. Десе де, өзінің қазақы бейнесіне әлі келе алмай отыр. Мәселен, «Ханшатыр» сауда орталығы бар. Сол орталықта бір бөлмені ханның шатыры етіп, соған ана Керей мен Жәнібектің мүсінін қойып, содан кейін «Қасым ханнан қасқа жолы», «Есім ханнан ескі жолы», Тәукенің «Жеті жарғысы» сынды ақпараттар берілсе қандай ғажап болар еді. Сонда өзінің «Ханшатыр» деген атына сай болар еді. Екінші, Елорданың төрінде, қала орталығында «Жерұйық» саябағы бар. «Жерұйық» бағына барған елдің бәрі «Панфиловшылар» ескерткішінің жанына суретке түсіп жатыр. Мен түспедім. Мен ол жерден Асан Қайғыны іздедім. Сол бақта түйесімен «Жерұйықты» іздеп келе жатқан бейнесі тұруы керек емес пе?! Е, мен енді қазіргі жағдайда отбасы, ошақ қасында отырған, тұғырдан түскен кәрі адаммын ғой. Бірақ осы ойымда тұрады. Еліміздің әр мекенінен, әр ғимаратынан, әр нысанынан қазақылықтың иісі аңқып, тарихымыздан хабар беріп тұрса керемет емес пе?!»
«Ертең Егеухан шашын жуады»
Ақын әжеміз бойжеткен шағында бұрынғылар айтатын «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» дейтіндей бұрымы тобығын сүйген ұзын шашты ару болған екен. «Мен өзім он жеті жасымда тұрмысқа шықтым. Жарым да ақын болды. Ол да өнерді түсінетін адам. Шек қойған жоқ. Жорғаға мінгізіп, бұлқытып, айтысқа алып барып жүреді. Ұзын бұрымым аттың сауырын соғып жататын. 2012 жылы, 72 жасымда Қазақстанда қолаң шаштылардың байқауы өтті. «Жетпіс екідегі бұрымды ару» деген атпен бас жүлде алдым. Мен ертеректе Қатимолламен айтысқанда Желтоқсан оқиғасындағы қыздардың шашынан сүйреп, қорлаған оқиғаны еске салып: «Бір кезең еске алайын жастарымды, алдымнан алып берген асқарымды. Бұрынғы өткен өтті, кеткен кетті, Қыз бала, өсіріңдер шаштарыңды» деп айтқан едім. Тегінде шешеміз шашымды күтіп жүргенімді жақсы көрді. Тұрмысқа шыққаннан кейін енем де ұнатты. Шашым өте қалың болды, бір талын үзбей отырып тараймын. Сонда енем «Ертең Егеухан шашын жуады. Ертең оның қолы бос емес. Жұмыстарыңды бүгін бітіріп алыңдар» деп отырушы еді. Ол баяғы «Қарқара хан тұсында, қатын ер тұсында», – дегендей жолдасымыздың құрметі.
Мен келін боп түскенде енем қырық төрт жаста екен. Қырық алты жыл күттім, қабағына қарадым. Шайын, жұмсақ жармасы, ақ ірімшігі, қаймағын алдына қойып бақтым. Менен туған ұл-қыздардың дені сол – апасының баласы болды. Апасы бізге ықтиярымен екі қыз берді. Есенгүл деген қызды Кәпке берді де, Естай деген қызды маған берді. Онан басқаның бәрі – өз баласы. Ал қазір, мына Дәулеткерейлер айтады: «Апамды алақаныңызға сап күткен соң, біз сол парызыңызды өтеп жатырмыз», – дейді. Баланы ата мен әжеге берудің ешқандай зияны жоқ. Қазір енді кейбір келіндердің атасы: «Анау – менің балам, мынау – менің балам» десе, «Мен сол үшін тауыппын ба?!» – деп, соған иіскетпейтіндер де бар екен. Ол – мына басқа елдің салты. Отыз жыл кітапханашы болдым. Өкіметтің жұмысынан да қалғам жоқ. Жалпы, әйел адам не істеу керек болса, соны ептеп шамам келгенінше өнерін де, өнегесін де өзімше жалғастырдым ба деп ойлаймын. Өйткені жолдасыммен елу үш жыл бірге болдым. Енемнің де көңілін таптым. Келін мен ене тату болса, елдің ұйытқысы деген сол. Қазақта «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген сөз бар. Сол сөзге ұю керек. Әйел қандай болса, қоғам сондай. Үйдің ішінде де әйел үлгі. Өзі әйел, ана дегенің мейірімнің де үлгісі болу керек. Тәрбиенің де үлгісі болу керек. Қонақ күтетін де әйел, шай қайнататын да әйел. «Қарашада қар үй тұр, қарайлай жүр артыңа» дейді. Адам тамырынан алыстамау керек дейді. Қазақтың отбасы – адамның тамыры, діңгегі», – деген әжеміз кейінгі ұрпақ отбасы құндылығын сақтаса деген тілегін де меңзеп қалды. Бүгінде сексен бестің сеңгірінен өміріне көз салған әже өткеніне салауат айтып, келешегінен берекет тілейді.
«Елуде егделемей еркін дедім.
Алпыста албөрі шақ, серпіндедім.
Жетпісте жеңіл атқа жуи алмай.
Қойшының қойторысын елпілдедім.
Сексен бес ерттеулі аттан жырақтатты.
Жұп-жұмсақ креслоға тұрақтатты.
Таң атпайын десе де күн қоймайды.
Бала жетелемесе ырғақтатты» деп жырлаған қоғам қайраткері, парасатты анаға біз де ұрпағының қызығын көріп, еңбегінің жемісін көрсін деген тілек айтамыз.
Наурызбек САРША