Украина Қазақстаннан инвестиция тартуға мүдделі

Украина Қазақстаннан инвестиция тартуға мүдделі

Украина Қазақстаннан инвестиция тартуға мүдделі
ашық дереккөзі
Украина Қазақстан инвестиция EXPO2017 көрмесі Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесіне Украинадан 10 мыңдай компания қатысуға ниетті. Бұл елдің бизнес өкілдеріне қазақстандық тарап қарапайым қонақ болу немесе өз компанияларының мүддесін қорғау сынды түрлі ұсыныс әзірлеген. Украина соңғы бес жылда EXPO халықаралық көрмелеріне қатысып жүр. Бірақ формалды түрде. Ал биылғы EXPO ұйымдастырушылары бұл олқылықтың орнын толтырамыз дейді. Сол үшін олар Украинаның «болашақ энергиясы» саласындағы әлеуетін көрсетіп, елге жаңа инвестиция тартуды көздеп отыр. Украиналық кәсіпкерлерді EXPO-2017 көрмесіне қосу үшін алты нұсқа әзірленген. Ұсыныстардың бағасы 100 доллардан басталады. Ең арзаны әрі тартымдысы көрмеге сырттай атсалысу. Бұл үшін Украинаның Сауда-өндірістік палатасы көрмеге қатысушылардың виртуалды базасын құрады. Сергей Свистиль, Украинаның Сауда-өндірістік палатасының вице-президенті: - Украинаны көрмеде кеңінен таныстыру үшін ақпараттық-іздеу жүйесін әзірлеп жатырмыз. Оған болашақ энергиясы саласында ізденіп, еңбек етіп жүрген кәсіпорындардың өнімдері мен инвестицияны қажет ететін аймақтар туралы ақпарат жүктеледі. Әрине Қазақстаннан инвестиция тартуға мүдделіміз. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 15 маусым күні көрме аясында Украинаның Ұлттық күні өтеді. Оған қатысатын кәсіпкерлер мен қонақтар үшін пайдалы дүниелер көп болатынына сендіреді. Константин Гура, Украинаның Энегрия тиімділігі мемлекеттік агенттігінің өкілі: - Украинаның Ұлттық күні аясында өтетін бизнес-семинарға кәсіпкерлеріміз белсенді қатысады деп үміттенеміз. Өйткені бұл шара еліміздің жетістіктері мен инвестициялық жобаларын көрсетуге жақсы мүмкіндік береді. EXPO болашақта осы саладағы нарықтың қалыптасуына сүбелі үлес қосатын маңызды шара болайын деп тұр. Сондықтан Украина көрмеге жоғары деңгейде қатысып, өзін көрсетуі тиіс. Атқарылып жатқан іс-шараның тағы бір мақсаты украиналық саяхатшылардың назарын Қазақ жеріне аудару. Себебі соңғы екі жылда елімізге келетін қонақтар саны екі есе азайып кетті. Барыс-келісті күшейту мақсатында Қазақстанның Украинадағы Елшілігі жергілікті туристік компанияларға роуд-шоу ұйымдастырды. Роза Асанбаева, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының өкілі: - Халықаралық мамандандырылған көрме кез келген туристік компанияның, оның ішінде украиналық әріптестеріміздің туристік пакетін байыта түсуге зор мүмкіндік береді. Әзірге Украинаның тек екі туристік агенттігімен ғана әріптестік орнатқанбыз. Бірақ бүгін роуд-шоуға келгендердің қарасы көп. Бұл EXPO-ға деген қызығушылықтың артып жатқанын айғақтайды. Украинада EXPO-2017 көрмесіне қатысуға ниетті компаниялар мен іскер топ өкілдері тұрақты түрде кездесіп тұрады. Әр жиын сайын көрмеге қызығушылық танытушылар да артып келеді.