Қазақстанда ерлердің жалақысы әйелдерге қарағанда жылдам өсіп келеді, деп хабарлайды turkystan.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
2024 жылы жалпы экономика бойынша, шағын бизнесті есепке алмағанда, ерлердің номиналды орташа айлық жалақысы 468,9 мың тг, ал әйелдердікі 344,5 мың тг болды. Ерлердің жалақысы номиналды түрде 12%-ға, ал әйелдердікі 10,7%-ға өскен. Нақты мәнде екеуінде де өсім аса көп емес: сәйкесінше 3% және 1,8%.
Ерлердің жалақысы әйелдерге қарағанда үшінші жыл қатарынан жылдамырақ өсіп келеді: сәйкесінше үшінші жыл қатарынан гендерлік алшақтықтың артуына әкеліп отыр. Қазір экономиканың барлық саласы мен қызмет түрлері бойынша жұмыскер ерлердің орташа жалақысы әйелдермен салыстырғанда 36%-ға жоғары.
Бұл ретте осы шамалас айырмашылық жоғары біліктілік талап етілетін қызметтерде де байқалады. «Басшылар мен мемлекеттік қызметшілер» тобында ерлердің жалақысы әйелдердікінен 38%-ға артық (сәйкесінше 776,3 мың және 561,9 мың), «кәсіби мамандар» тобында айырмашылық - 36%-ға (сәйкесінше 538,5 мың және 395,3 мың тг). Түсінікті болу үшін айта кетейік, кәсіби мамандар тобына БЖ жасаушылар мен аудармашылардан бастап дәрігерлер мен заңгерлер сияқты түрлі жоғары білікті мамандар кіреді. Ал техникалық қызметкерлер, фельдшерлер немесе әкімшілік персонал (мысалы, хатшылар) бұл санатқа жатпайды.
Сонымен қатар кәсіби мамандар тобының ішінде әйелдер ерлерге қарағанда екі (!) есе көп, ал жалпы статистикада қарастырылған барлық қызметкерлер арасында ерлер мен әйелдердің үлесі шамалас. Бұл орайда кәсіби маман тобына кіретін әйелдердің 75%-ы білім беру және денсаулық сақтау/халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Ерлер арасында да бұл салалардың үлесі ежептәуір, бірақ әлдеқайда төмен - 41%.
Тағы бір айта кететін жайт, бұл екі салада да ерлердің де, әйелдердің де орташа жалақысы аса жоғары емес. Білім беру саласындағы кәсіби мамандар арасында әйелдердің орташа жалақысы - 360,2 мың, ерлердікі - 370,6 мың; денсаулық сақтау/әлеуметтік қызмет көрсету саласында да осы шамалас: сәйкесінше 370,2 мың және 413,6 мың.
Алайда аталған барлық салаларда жалақының өсу қарқыны (2023 жылмен салыстырғанда 5-6,5%) бағаның өсу қарқынын (8,7%) қуып жете қойған жоқ. Сәйкесінше, 2024 жылы білім және денсаулық сақтау салаларындағы кәсіби мамандардың (ерлер де, әйелдер де) нақты жалақысы аздап төмендеді.