Ақтөбеде көпқабатты үйде газ жарылып, бір адам қайтыс болды, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Оқиға бүгін Абай даңғылы бойында орналасқан бес қабатты тұрғын үйде болған.
"4-қабатта газ-ауа қоспасы жарылып, соның салдарынан өрт шыққан. Оқиға орнына дереу жеткен облыстық ТЖД құтқарушыларының анықтауынша, жарылыс салдарынан шамамен 40 шаршы метр аумақта ашық жалын тұтанған. Сондай-ақ 3 пен 4-қабат арасындағы аралық құрылымдар ішінара құлаған", - дейді ведомство.
Өрт толығымен сөндірілді. Өрт сөндірушілер 73 адамды эвакуациялап, 1 адам құтқарылды. Өкінішке қарай бір адам қайтыс болды.
Оқиға орнына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы барды. Апаттық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, үйінділер тазартылып жатыр. Оқиғаның себебі анықталуда, дейді өрт сөндірушілер.