«Жастар Рухының» белсенділері 5 мыңнан астам ту ілді

4 маусым, 2025 / Дана Ізтілеуова
Партияның баспасөз қызметі

Бүгін Қазақстанда ең маңызды мерекелердің бірі – тәуелсіздікті, дербестікті және ортақ ұлттық бірегейлікті бейнелейтін Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілуде. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран тек рәміздер ғана емес, бұл елдігіміздің, оның асқақ рухының, тарлан тарихының жарқын көрінісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы мемлекеттік рәміздердің ерекше рөлін әркез айтып келеді. Себебі олар біздің басты құндылықтарымыз бен мәңгілік мұратымызды айғақтайды, азаматтардың елге деген шынайы мақтаныш сезімін оятады.

Мерекеге орай «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен ауқымды акция өтті: ел аумағында 5 мыңнан астам ту ілінді, ал іс-шараларға ондаған мың отандасымыз қатысты. Көшелерде, үй ауласында және тіпті аттракциондарда ту ілінген мыңдаған фотосурет пен бейнежазба әлеуметтік желілерде жарияланды. Астанадағы «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының ғимаратында көлемі 24х12 метрді құрайтын мемлекеттік ту ілінді. Ал Ақтауда белсенділер қалалық саябақтағы шолу дөңгелегіне 20 ту іліп қойды. Барлық аймақта партия филиалдары волонтерлердің және жергілікті тұрғындардың күш-жігерін біріктіріп, бұл күнді нағыз жалпыхалықтық күнге айналдырды.

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова «Менің Елім – Менің Туым» акциясы төртінші жыл өткізіліп жатқанын және бұл іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын дәріптеуге бағытталғанын атап өтті.

«Аспан түстес Көк байрақ көкте желбірегенде әрқайсымыздың жүрегімізде мақтаныш сезімі оянады. Бұл акция – бірлікке, елге деген құрметке үндейді. Тудағы әр элементінің өзіндік мәні бар. Көк аспан, жарық күн, қалықтаған бүркіт әркез халық арасында зор құрметке ие. Көп азамат туды балконға іледі, әлеуметтік желілерде фотосуреттерімен бөліседі. Бұл Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті білдірудің бір жолы», – деді ол.

Патриоттық акцияға танымал тұлғалар – әртістер, спортшылар, қоғам қайраткерлері де қосылды. Олардың қатарында әнші Ибрагим Ескендір, «Jaidarman» қозғалысының негізін қалаушы Есен Елеукен, тележүргізуші Айкерім Есенәлі, футболшы Давид Лория, хоккейші Әлихан Әсетов, блогер Айтым Жақыпов, журналист Санди Сұлтан, тележүргізуші Дарын Олжабай, сценарист Ұлжан Ибраим, психолог Ержан Мырзабаев, кәсіпкер Ернар Оклан, қара күш иесі Сергей Цырульников және өзге де азаматтар болды.

«AMANAT» партиясы мемлекеттік рәміздерді құрметтеу қарапайым әрекеттерден басталатынына сенімді. Ту ілу бойынша ауқымды акция – белсенді азаматтық ұстанымды және елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру қадамдарының бірі. Мемлекеттік рәміздер күні – күнтізбедегі атаулы күн ғана емес. Бұл – Қазақстанның жарқын болашағына деген ортақ жауапкершілігімізді және Көк байрақ астында бойға бітетін күш-жігерімізді, бірлігімізді еске салады.

Тэгтер:

Жастар Рухы белсенділер Рәміздер күні Ту тігу