Пәкістанның Карачи қаласындағы жер сілкінісінен кейін Малир түрмесінде тұтқындар қашып кеткен. 3 маусымға қараған түні болған жер асты дүмпулері салдарынан түрме әкімшілігі қауіпсіздік мақсатында сотталғандарды ішкі аулаға эвакуациялаған. Алайда эвакуация барысында дүрбелең туындап, 216 адам түрмеден қашып шыққан, деп хабарлайды turkystan.kz CBS News-ке сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, олардың 78-і қайта ұсталған. Қалғандарын іздестіру мақсатында қала бойынша рейдтер жүргізіліп жатыр. Қашуға тосқауыл қою кезінде атыс болып, бір тұтқын оққа ұшып, үш күзетші жарақат алған. Қазір жағдай тұрақталған.
Жергілікті билік қашып кеткендердің ішінде лаңкестікке қатысы бар адамдар жоқ екенін мәлімдеді. Билік тұрғындарды қашқындарды анықтауға көмектесуге шақырып, мешіттер арқылы үндеулер таратты. Синд провинциясының басшысы Мурад Али Шах тұтқындарды өз еркімен берілуді сұрады. Оның айтуынша, қашқандардың басым бөлігі ұсақ құқықбұзушылықтар үшін жазасын өтеп жатқан.
Алайда жаппай қашуға қатысқандарға енді ауыр айыптар тағылуы мүмкін, оның ішінде терроризм баптары да бар.
Пәкістанның Ұлттық сейсмикалық мониторинг орталығының дерегінше, соңғы тәулікте Карачиде магнитудасы 2,6-дан 3,4-ке дейінгі бірнеше әлсіз жер сілкінісі тіркелген.