Қостанай облысында су құбыры желілерін салуға мемлекеттік қордан 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

3 маусым, 2025 / Дана Ізтілеуова
ашық дереккөзден

Қостанай облысы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 5,4 млрд теңге қаржы бөлінді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бүгінде Тобыл қаласында халықтың 87,9%-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу үшін қалада ұзындығы 100 шақырымнан асатын су құбыры желілерінің құрылысы басталды. Бұл мақсатқа Қордан 1,4 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ Арқалық қаласына су құбырын тартуға 872 млн теңге бөлінді. Жоба 13 мыңнан астам тұрғыны бар қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етіп, 2025 жылдың соңына дейін сумен қамту деңгейін 96,5%-дан 100%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар  Қарабалық, Денисов, Қостанай, Федоров, Бейімбет Майлин аудандары ауылдарында, сондай-ақ Арқалық қаласындағы Жастар ауылында жалпы құны 3 млрд теңгеден асатын су құбыры желілерін тарту жоспарланып отыр.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне сәйкес, қазіргі таңда орталықтандырылған суға қолжетімділік Қостанай қаласында 99%-ды, ал ауылдық елді мекендерде 90,3%-ды құрайды.

Тэгтер:

Қостанай облысы Су құбыры мемлекеттік қор 5 млрд теңге