"3-4 күн іздеп, денесін моргтен таптық": Алматыда жас мұғалім сұмдық жол апатынан қайтыс болды

3 маусым, 2025 / Дана Ізтілеуова

Алматыда жас мұғалім жан түршігерлік жол апатынан қайтыс болды, деп жазады turkystan.kz.

Жеке кәсіпкер, ұстаз әрі QAZBILIM лицейінің директоры Аятжан Ахметжанұлы желідегі жеке парақшасында әріптесінің жол апатынан қайтыс болғаны туралы жазды.

"Биыл көлік оқиғасы десе жаным түршігетін болды.

Күні кеше ойнап күліп сабақ беріп жүрген мұғалім бүгін жоқ!

Махаббат Нұрлыбекқызы QAZBILIM Алматы ұлттық лицейінде ағылшын тілі пәні мұғалімі еді. 30 мамыр еңбек демалысына шығып ауылға барамын деп дайындалып жүрген. Өкінішке 28 мамыр Алматы маңында көлік апатынан көз жұмды. Отбасы, мектеп әкімшілігі 3-4 күн іздедік, бірақ, денесі моргтен табылғаны еңсені езіп кетті.

Ашық жарқын, мақсаты анық қыз еді. Жаздай дайындалып IELTS тапсырып, жалғасты оқимын деп жүр еді. Оқу жылының соңын аяқтады да кете барды. Бүгін ағасы денесін туған жері Аралға алып қайтты.

Тағы да сол өзгенің қателігінен бір қыршын көз жұмды. Тіркемесінен ажыраған камаз көлігі әріптесіміз мініп бара жатқан таксиді жаншып, барлық адам сол жерде көз жұмған.((

Ата-анасына, туған туыстарына, ет жақындарына ұжым атынан қайғыра көңіл айтамыз! Алла сіздерге сабыр берсін!

Қайғыларыңа ортақпыз!

Махаббаттың жаны жаннатта болғай!

Біздің жадымызда мәңгі қаласың жақсы қыз!", –  дейді кәсіпкер.

Тэгтер:

Жол апаты Алматы жас мұғалім сұмдық жол апаты денесін моргтан морг