Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов теңізге батып бара жатқан жасөспірімді құтқарған Рамазан Зұлқашев пен Абзал Жалғасбаевты марапаттап, арнайы сыйлық табыстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қала әкімі қос азаматты жеке қабылдап, оларға сын сағатта көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғысын айтып, марапаттады. Сондай-ақ арнайы сыйлықтарын табыс етті.
"Сіздердің ата-анаңыздың сізге берген тәрбиесінің дұрыстығы. Ниетіңіздің дұрыстығы - көмек қолын созғаныңыз. Батылдығыңыз бен ерліктеріңіз үшін рақмет", – деді Әбілқайыр Байпақов.
Абзал Жалғасбаев жағалаудағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып қызмет етсе, Рамазан Зұлқашев Атырау өңірінен Ақтау қаласына арнайы іс-сапармен келген. Мамандығым спортшы болғасын батып бара жатқан балаға бірінші болып жетуді көздедім деген Рамазан алдағы уақытта тиым салынған орындарға суға түспеуге шақырды.
"Мен футолшымын, тез жүгіре алатынымды біліп теңізге қарай ойланбастан беттедім. Баланы құтқарған бойда оның амандығын іштей тілеп, алғашқы көмек көрсеттім. Тиым салынған орынға су түспеңіздер. Ата-аналарыңызды тыңдап, достарыңызға еріп, бір нәрсе дәлелдеймін деп жүрмеңіздер", – деді Рамазан Зұлқашев.
Еске салайық, өткен аптада теңіз жағасында жасөспірім теңізге батып бара жатқан сәті әлеуметтік желіде таралған болатын. Жанындағы досының көмекке шақырған дауысын ести сала Рамазан мен Абзал көмекке жүгінген. Қос азамат алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлер мен құтқарушыларды шақырған. Осылайша олар баланы өлімнен арашалап қалды.