Интернет-алаяқтардың ең жиі құрбанына айналатын – қоғамдағы ең әлсіз топтардың бірі – балалар. Балалардың аңғал әрі сенгіш мінезін пайдаланып, алаяқтар оларды күмәнді онлайн ойындарға тарту арқылы жеке деректерін немесе тіпті жалған сілтемелер мен аккаунттар арқылы ақшаларын алып кетеді. Сонымен қатар балалар кибербуллинг пен сананы улайтын манипуляциялардың да құрбаны болып жатады, бұл – гаджеттен айырылудан бастап, ауыр психологиялық жарақаттарға дейін апаратын салдары бар мәселе. Сол себепті «Жастар Рухы» жастар қанаты «Цифрлық қоғам» жобасы аясында балаларды цифрлық гигиенаға үйрету ісімен айналысып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, балалар арасындағы цифрлық тәуелділіктің өсуі алаңдатады. «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде Президент балаларды цифрлық гигиенаның қарапайым ережелеріне үйретудің маңыздылығына тоқталып, танымал әлеуметтік желілердің тіпті ересектерді де зомбиге айналдырып жатқанын атап өткен болатын.
Осы орайда елордада «Жастар Рухы» белсенділері балалар орталығының оқушыларына Kaspersky зертханасының «КиберӘліппе» кітабын таратты. Бұл кітап балаларға киберқауіпсіздіктің негіздерін үйретуге арналған. Мәжіліс депутаты, «Цифрлық қоғам» жобасының авторы Екатерина Смышляеваның айтуынша, интернетте болып жатқан әрбір нәрсеге сыни көзқарас қалыптастыру ең алдымен балалар үшін аса маңызды.
«Біз салыстырмалы түрде жақында ғана цифрлық әлемде өмір сүре бастадық. Алайда бүгінде оның балалар үшін қандай қатерлер туғызатынын көріп отырмыз. Партиялық «Цифрлық қоғам» жобасы аясында біз балаларға «КиберӘліппе» кітапшаларын таратып жатырмыз. Бұл – кішкентайларға арналған интернеттегі алғашқы қадамдарға бағыт-бағдар беретін түрлі-түсті оқу құралы. Цифрлық гигиена мәселесі өте маңызды. Өйткені, егер біз балаларымыздың интернеттегі сауаттылығымен бүгін айналыспасақ, ертең оларды интернет өзі тәрбиелейтін болады. Өкінішке қарай, ондай жағдайда кері қайтар жол болмайды. Сол себепті біздің мақсатымыз – балалар технологияны өзіне, тәрбиесіне, білім алуына және денсаулығына зиян емес, пайда әкелетін құрал ретінде пайдалана білсе екен дейміз», – деді ол.
Әртүрлі деректерге сәйкес, қазақстандық балалардың жартысы интернетті 5–8 жас аралығында қолдана бастайды, ал олардың 37%-ы бос уақытының көбін интернетте өткізеді. «Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, «Цифрлық қоғам» жобасы аясында ел бойынша балалар мен ересектерге арналған оқу семинарлары, ата-аналармен кездесулер және цифрлық еріктілерді дайындау сияқты түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.
«Балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі – негізгі басымдықтарымыздың бірі. Біздің миссиямыз – адамдарды технологияны қауіпсіз әрі саналы пайдалануға дайындау. Әрине, әлеуметтік желілер мен интернеттен толық бас тартуға ешкім үндемейді. Бірақ бала смартфон мен компьютерде не істеп отырғанын бақылау қажет. Ал баланың өзі қауіпсіз онлайн байланыс пен күмәнді әрекетті ажырата білуге тиіс. Ол ойын мен манипуляцияның шекарасын түсінетіндей, достарынан келген күмәнді сілтемелерге өтпеу керектігін білетіндей деңгейде сауатты болуы қажет. Цифрлық гигиена – бұл тіс тазалау, жолда жүру ережесін сақтау немесе тамақтанар алдында қол жуу сияқты базалық дағдылардың бірі», – деді ол.
Айта кетейік, «КиберӘліппенің» табысталуы «Жастар Рухы» жастар қанаты мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп ұйымдастырған «Кибер Тұмар» ауқымды акциясының бір бөлігі болды. Киберқауіпсіздікке арналған кездесулер, экскурсиялар, тренингтер мен ақпараттық сабақтар түрлі форматта өтті.
«Цифрлық қоғам» жобасының тағы бір маңызды бағыты – цифрлық құқық. «AMANAT» партиясының фракциясы Цифрлық кодексті әзірлеу бойынша жұмысын жалғастырып жатыр, ал осы айда Жасанды интеллект туралы заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Бұл құжаттар цифрлық саланы реттеп қана қоймай, технологиялық даму қарқыны үдеп жатқан жағдайда азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.