Жапония жаңа қаруларын таныстырды

28 мамыр, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: Japan Maritime Self-Defense Force

Жапония DSEI Japan 2025 көрмесінде заманауи қару-жарақтарын таныстырды, деп хабарлайды turkystan.kz shinmaywa.co.jp-ға сілтеме жасап.

Токио қаласында өткен DSEI Japan 2025 халықаралық қару-жарақ көрмесінде Жапония қорғаныс өнеркәсібінің соңғы жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл көрме Жапония тарихындағы ең ауқымды қару-жарақ көрмесі болды.

2022 жылы Жапония үкіметі қорғаныс өнімдерінің экспортын арттыру жөніндегі жаңа бағдарламаны қабылдаған болатын. Осы бағдарламаның аясында қару-жарақ экспортына қатысты мемлекеттік реттеу өзгеріп, ірі көлемдегі көрмелерді ұйымдастыру шешімі қабылданды. Көрмеде ұсынылған қару-жарақ үлгілерінің басым бөлігі Жапония Қорғаныс министрлігі мен оның Сатып алулар, технологиялар және логистика агенттігінің қолдауымен жасалған.

Көрменің басты назарын аудартқан жаңалықтардың бірі – теңізге арналған рельсотрон үлгісі болды. Бұл заманауи қару электр қуаты арқылы оқ-дәріні өте жоғары жылдамдықпен ұшыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл прототип Жапонияның теңіз күштерінің сынақ кемесінде сынақтан өтіп жатыр.

Тағы бір маңызды таныстырылым – Mitsubishi Heavy Industries компаниясы жасаған T-X оқу-жаттығу ұшағының тұжырымдамасы болды. Бұл ұшақ қазіргі Kawasaki T-4 моделін алмастыруы тиіс. T-X ұшағы екі қозғалтқышпен жабдықталған және қарсыластың радарлары мен қару жүйелерін имитациялай алатын бағдарламалық қамтамасыз етумен қамтылған. Жаңа оқу жүйесі бесінші және болашақ алтыншы буын жойғыш ұшақтарға ұшқыштарды даярлауға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, алтыншы буын жойғыш ұшағының концепциясы да көрмеде таныстырылды. Бұл жоба Жапония, Ұлыбритания және Италия арасындағы Ғаламдық Әуе Соғысы Бағдарламасы (GCAP) аясында әзірленуде.

Көрмеде дрондар да кеңінен ұсынылды. ShinMaywa компаниясы XU-M амфибиялық ұшатын дронды таныстырса, Mitsubishi Heavy Industries брондалған жерүсті дрон жобаларын көрсетті. Бұл жобалар болашақта амфибиялық сипатқа ие болуы мүмкін. Атап айтқанда, Mitsubishi Type 89 жаяу әскерге арналған ұрыс машинасының дрон-нұсқасы десант бөлігінде алты «камикадзе» дронын ұшыруға арналған қондырғымен жабдықталуы мүмкін.

Тэгтер:

жапония Жаңа қару қару-жарақ