Jusan Bank-тың атауы өзгереді

28 мамыр, 2025 / Інжу Әлихан
Turkystan.kz

Jusan Bank 15 мамырда өткен акционерлердің жылдық жалпы жиналысының шешімімен Alatau City Bank атауына ресми түрде көшетін болды, деп хабарлады turkystan.kz.

Банктің атауы мемлекеттік қайта тіркеуден өткен күннен бастап заңды түрде өзгертіледі.

Банк директорлар кеңесінің төрағасы Қуат Қожахметов бұл өзгерісті жай ғана атау ауыстыру емес, қаржы институтының жаңа даму кезеңіне аяқ басуымен байланыстырады.

«Банктің атауын өзгерту – бұл тек маңдайша ауыстыру емес. Бұл – біздің стратегиямыздың, амбицияларымыздың және болашаққа деген көзқарасымыздың көрінісі. Alatau City Bank – Jusan Bank қалыптастырған берік негізге сүйене отырып, тұрақтылыққа, сенімге және ұзақмерзімді серіктестікке басымдық беретін қаржы институты болмақ», – деді ол.

Банк өз мәлімдемесінде барлық міндеттемелер (мемлекет, клиенттер мен серіктестер алдында) бұрынғы қалпында сақталатынын, ал ребрендинг қызметтер мен өнімдердің жұмысына еш әсер етпейтінін атап өтті.

Банк кеңселері мен бөлімшелерінің сыртқы көрінісі, фирмалық стилі біртіндеп жаңартылатын болады.

Стратегияны жаңғырту, бизнес дамуының басым бағыттары мен өнім желісін жетілдіру туралы ақпараттар уақтылы жарияланып, клиенттер мен серіктестерге хабарланып отырады.

Тэгтер:

банк атау өзгеріс Jusan Bank Alatau City Bank