Тарихты түбегейлі өзгертуі мүмкін: Мұхит түбінен 140 мың жыл бұрын салынған қала табылды

27 мамыр, 2025 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

Индонезия жағалауындағы теңіз түбінен табылған жаңалық адамзат тарихы туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертуі мүмкін. Ғалымдар Жава мен Мадура аралдарының арасындағы Мадура бұғазында Homo erectus түріне жататын ежелгі адам бас сүйегін тауып, оны шамамен 140 000 жыл бұрын жерленген деп анықтады. Бұл – адамзаттың арғы аталарына қатысты маңызды археологиялық жаңалық, деп хабарлайды turkystan.kz dailymail.co.uk-ге сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, бұл табылым ежелгі Сундалық жер деп аталатын, бұрын Оңтүстік-Шығыс Азияны жалғап тұрған үлкен құрлықтың нақты дәлеліне айналуы мүмкін. Бас сүйектен бөлек, археологтар 36 түрлі жануар түріне жататын 6 000-нан астам қазба сүйектерін тапты. Олардың ішінде Комодо аждаһалары, бұғылар, пілдер мен буйволдар да бар. Кейбір сүйектерде қасақана жасалған кесік белгілері анықталып, ежелгі адамдардың күрделі аңшылық әдістерін қолданғанын көрсетіп отыр.

Бұл сүйектер алғаш рет 2011 жылы теңіз құмын өндірушілердің жұмысы кезінде табылған. Бірақ тек жақында ғана олардың жасы мен түрі анықталып, бұл жаңалық палеоантропология саласы үшін маңызды кезеңге айналды.

Нидерландтағы Лейден университетінің археологы Гарольд Бергхёйс жетекшілік еткен зерттеуде табылған шөгінділер ерте орта плейстоцен дәуірінде (шамамен 781 000–126 000 жыл бұрын) бай өзен экожүйесі болғанын көрсетті. Ғалымдар жер астындағы ескі Соло өзенінің аңғарын анықтап, онда тіршілік еткен адам мен жануарлардың іздерін мұқият зерттеді.

14 000-7 000 жыл бұрын мұздықтар еріп, теңіз деңгейі 120 метрге көтерілгенде Сундалық жазықтар түгелдей су астында қалған. Осылайша, бұл ежелгі тіршілік мекені заманауи географиядан жоғалып кеткен еді.

Сундалық жазықтар мен онда өмір сүрген адамдар туралы бұл жаңалық ежелгі өркениеттердің қайда орналасқанын, климат пен экологиялық өзгерістерге қалай бейімделгенін түсіну үшін аса құнды мәлімет болып отыр. Бұл табылған «жасырын қала» адамзаттың жер бетіндегі алғашқы қоныстануын қайта қарауға себеп болуы мүмкін.

Тэгтер:

Қала тарих табылды көне мұхит