Түркістан облысында жалғызбасты ана Шымкенттегі психологиялық көмек көрсету орталығында он күн бойы еркінен тыс ұсталғанын айтып, президенттен көмек сұрады. Айтуынша, белгісіз адамдар оны балалардың көзінше үйінен күштеп алып кетіп, "Komek Center" оңалту орталығына жеткізіп, дәрілер беріп, байлап тастаған. Полицияға арыз жазғанмен, іс әлі қозғалмаған. Бұл туралы turkystan.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
2025 жылғы 25 сәуірде Түркістан қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана Фаузия Ахметова ауыр әрі заңсыз әрекетке тап болды. Таңғы сағат 05:30 шамасында оның Түркістан қаласындағы өз үйінен белгісіз үш ер адам балалардың көзінше күштеп алып кетіп, Шымкент қаласында орналасқан "Komek Center" деп аталатын оңалту орталығына апарған.
"Орталық өздерін реабилитациялық орталық ретінде таныстырып, мені ешқандай медициналық және құқықтық негізсіз ұстап отырды. Менің есірткіге немесе басқа да психотроптық заттарға еш қатысым жоқ, ешқандай психоневрологиялық ұйымда тіркелмегенмін. Бұған қарамастан мені күшпен ұстап, ұрып-соғып, қол қоюға мәжбүрледі. Қол қоймағаным үшін дәрі-дәрмек ішкізіп, есімді білмей қалу деңгейіне дейін жеткізді. Бірнеше рет аяқ-қолымды скотчпен байлап, менің жаным қиналғаннан өзіме қол жұмсап, қолымды бірнеше рет кестім. Жедел жердем шақырту мақсатымен үйге хабар жеткізгім келді. Алайда ешқандай медициналық көмек көрсетілмей, қайтадан аяқ-қолымды скотчтап тастады", – деді Фаузия Ахметова.
Жәбірленуші Фаузия Ахметованың айтуынша, оны орталықта он күн бойы заңсыз ұстаған. Тек 5 мамыр күні туыстарымен байланысқа шығып, олардың көмегімен босатылған. Оның айтуынша, орталықта кәмелетке толмаған қыз балалар да заңсыз түрде қорқыту мен қысым арқылы ұсталып отырған.
"Шымкент полициясына арыз жазсам да, 20 күннен бері әлі жауап берілмей келе жатыр. Ешқандай тергеу жұмыстары басталмады. Заңсыз оңалту орталығы әлі де жұмысын тоқтатпай отыр. Бұл жағдай құқық қорғау органдарымен аталған орталықтың арасында сыбайластық бар деген күдік туғызады. Осы оқиға бойынша менің заңсыз ұсталғаным мен зорлық-зомбылыққа ұшырағанымды "Komek Center" деген орталықтың медициналық лицензиясыз жұмыс істеп отырғаны, онда кәмелетке толмаған балаларды заңсыз ұсталғаны туралы арызымды полиция жауапсыз қалдырғанын, өзімнің балаларымның қауіпсіздігі үшін алаңдайтынымды ескере отырып, сізден осы істі жеке бақылауыңызға алуыңызды, әділ тергелуін және кінәлі тұлғалардың заң алдында жауапқа тартылуын сұраймын", – деп әйел мемлекет басшысына өтініш білдіріп, көмек сұрады.
Осы мәселеге қатысты Шымкент қалалық полиция департаментіне хабарласып, неліктен іс қозғалмай жатқанын сұрадық.
"Полиция азаматшаның арызы бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мен құқыққа қайшы әрекеттерге қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізіледі. Тергеу аясында орталықтың қызметі тексеріліп, құжаттама, жазбалар, сондай-ақ екі тараптың уәждері зерделенеді. Тергеу жұмыстары заң шеңберінде жүргізіліп, ұсынылған барлық жайттың объективті және толыққанды қаралуы қамтамасыз етілетінін хабарлаймыз", – деп жауап берді полиция департаменті.
"Komek Center" оңалту орталығына хабарласқанда, олар жағдайға қатысты пікір беруден бас тартты.