Жас дзюдошы Еуропа кубогінде жүлдегер атанды

27 мамыр, 2025 / Інжу Әлихан

Каунаста жасөспірімдер арасындағы Еуропа кубогі өтті, деп хабарлады turkystan.kz сайты Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодарлық Бижан Сәдуақасов 90 келі салмақта сынға түсті. «Батыр» спорт мектебінің түлегі қола жүлдені жеңіп алды.

Павлодарлық өрен спорттың бұл түрімен он жасынан айналысады, қазір Бижан 20-да. Осы уақыт аралығында ол ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, Жастар ойындарында үшінші орынды иеленді.

Бижан Сәдуақасовтың бапкері Айгүл Мұсабекованың айтуынша, спортшы бала жастайынан өте алғыр және басқа балалардан көшбасшылық қасиетімен ерекшеленетін.

«Ол мектепте де, татамиде де көшбасшы болды, жеңімпаз мінезі өте күшті еді. Кез келген дәрежедегі жарыста жүлделі орынға ұмтылды», – дейді бапкер.

Айгүл Мұсабекова Бижанның қайсарлығын сипаттайтын қызықты әңгіме айтты. Он үш жасында спортшы салмақ дәрежесін өзгертуге бел буып, бір жаз ішінде 35 келіге арықтады.

«Ол жүгірді, диетаға отырды. Әрине, мұндай арықтаудан кейін ол жарыста біраз қиналды. Бір жылдай үшінші орындар алып, жиі жеңіліп жатты. Бірақ бір жылдан кейін мінезінің арқасында 81 келі салмақта чемпион атанды», – деп еске алады Айгүл Мұсабекова.

Айгүл Мұсабекова аға жаттықтырушы Жаңабай Қоңырбаев екеуі Бижан Сәдуақасовты Азия чемпионатына дайындамақ ниетте.

Тэгтер:

Павлодар дзюдо Еуропа кубок