Ақтөбе облысының Хромтау ауданында орналасқан Дон тау-байыту комбинатының "Болашақ" шахтасында төтенше жағдай орын алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
26 мамыр күні сағат 22:30 шамасында шахтаның бір өндіру блогында ауа ортасының қысқа мерзімді жануы орын алып, үш адам зардап шекті. Компанияның мәліметінше, төтенше жағдай кезінде үш қызметкер зардап шеккен.
"Дон ТБК-ның 'Болашақ' шахтасының өндіру блогында ауа ортасының қысқа мерзімді жануы орын алды. Жабдықты монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқан үш кезекші электрслесарь зардап шекті. Қызметкерлер беті мен қолының білезік тұсынан күйік алды", – деп хабарлады "Қазхром" АҚ баспасөз қызметі.
Ресми мәлімет бойынша, зардап шеккендер дереу Хромтау орталық ауруханасына жеткізіліп, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Кәсіпорын басшылығы дәрігерлермен және зардап шеккендердің туыстарымен үнемі байланыста.