«28 жыл бойы жасырып жүр»: Досымжан Таңатаров әйелін не үшін көрсетпейтінін айтып берді

27 мамыр, 2025 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Астанада 50 жылдық мерейтойына орай үлкен концерт өткізген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Досымжан Таңатаров журналист Әйгерім Сейфолланың бағдарламасына сұхбат берді, деп хабарлайды turkystan.kz SMARTNEWS.KZ порталына сілтеме жасап.

Сұхбат барысында жүргізуші әншінің концерті ерекше өткенін және күтпеген сәттермен есте қалғанын айтты. Солардың бірі — Досымжанның сахнада отырып жұбайына гүл табыстауы. Осыған орай журналист әншіден жұбайын көпшілікке неге сирек көрсететінін сұрады.

«Кейде “әйеліңмен сұхбатқа келші” деп жатады. Әрине, апарар едім. Бірақ қызғанам. Ол да өзі қаламайды. “Елдің көзі, елдің сөзі бар” дейді. Не барын маған беріп қойған, эфирге ұмтылмайды», — деді әнші.

Досымжанның айтуынша, жұбайы телебағдарламаларға шығуға қызықпайды, екеуін бірге сұхбатқа шақырған кезде де бас тартады. Әнші мұны жұбайының қарапайымдылығымен және өзінің қызғаншақтығымен байланыстырады.

Журналист әзілмен «әйеліңізді көрмегелі 28 жыл болыпты» дегенде, Таңатаров күле жауап беріп, жетістіктерінің көбі — жарының арқасы екенін жеткізді:
«Мен ерекше ештеңе жасап жүрген жоқпын. Бұрынғы аталарымыз қалай өмір сүрсе, мен де солай. Ер адамның тыныштығы – ошақ қасындағы әйелдің арқасы. Сол секілді әйелдің де бақытты болуы – еріне байланысты. Бұл – бір-бірімен тығыз байланысты өмір», — деді ол.

Әнші мен жұбайы 28 жыл бұрын отбасын құрған.